«Діни түсініктегі уағыз айтып кетті»: журналист Жәнібек Әлімханұлын сынға алды
Фотосурет: egemen.kz
Журналист Ораз Әлімбек Facebook-тегі парақшасында кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының кезекті жекпе-жегі неге өтпей қалғаны жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Америкада кәсіпқой бокспен шұғылданып жүрген Жәнібек Әлімханұлы 6 желтоқсанға жоспарланған жекпе-жегіне шықпайды. Ресми мәлімет бойынша, оның қанынан допинг табылыпты. Кейбір сарапшылар «спортты уысында ұстап отырған, спортшыларды «жатқызып-тұрғызатын» букмекерлік компаниялар бәс тігуге қарсы болған Жәнібектің аяғынан шалып жатыр дегенді айтты. Бұл сөздің де жаны бар, өйткені Жәнібек Әлмханұлы жалпы спортта болсын, басқа жағдайда болсын, бәс тігуге қарсы болып, бірнеше мәлімдеме жасады. Оның қарапайым халықтың қамын күйттеген мәлімдемесінің астарында букмекерлік бизнес «харам» дегенге саятын ой жатыр, - деп бір тоқтады әріптесіміз.
Оның айтуынша, әлемдегі қызық спорттың бәрінде букмекерлік компаниялар – басты спонсор. Олар «кім жеңеді?», «қаншасыншы минутта нокаут (гол) болады?» деген мыңдаған сұрақ қойып, миллиондаған адамға бәс тіккізеді. Содан миллиондаған доллар қаржы жинайды. Сол қаржының қомақты бөлігін қайтадан жекпе-жек жарыстарға, футбол матчтарын өткізуге бөледі. Тіпті, спортшылардың сыйақы қорына да букмекерлер көп ақша бөледі. Ал боксшы Жәнібек Әлімханұлы «шыркөбелек айналып тұрған осы жүйенің дөңгелегіне таяқ тығып тоқтатып тастағысы келеді «екен.
Оның бұл қылығы – «өзі отырған бұтақты өзі кесіп тастағандай» әрекет. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген сөзді түсінбей қалған сияқты біздің боксшы. Егер Ж. Әлімханұлы бүйте берсе, әлемдік букмекерлік жүйе оны әпсәтте «шайнап-шайнап», спорттың күресініне қарай түкіріп тастайды. Осыны боксшы түсінбей ме? Әрине, Жәнібек Әлімханұлы боксымен ғана шұғылдану керек еді. Ал ол діни түсініктегі уағыз айтып кетті, – дейді Ораз Әлімбек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлына қатысты мәлімдеме жасады
Содан кейін «Оның санасына діни түсінікті тықпалаған кім?» деген сұраққа жауап іздеген жазба авторы. Оған айғақ ретінде Жәнібек Әлімханұлының шашбауын көтеріп, қасында жүрген журналист Берік Сұлтан мен белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышевке шүйлікті.
Ж. Әлімханұлының әлгі мәлімдемесінің астына Б. Сұлтан «Халықты ойлаған, ұлтына алаңдаған ЧЕМПИОН! Халықтың чемпионы!» деп одан әрі отқа май құйып, орға итермелегендей пікір жазыпты. Соны көріп, Жәнібекті букмекерлерге қарсы айдап салып жүргендердің бірі осы ма деп қалдым да, одан әрі Жәнібек Әлімханұлының Қазақстандағы спонсорларын іздедім. Сөйтсем, боксшыны қолдаушылардың бірі атақты бизнесмен Кеңес Ракишев екен. Ол да мешіт салып, мешітті әкесінің атымен атаған мұсылманшылығы басым азамат қой. Оның ықпалында қажылықпен шұғылданатын туристік компания бар. Қысқартып айтсақ, Кеңес Ракишев те діни саналы бизнесмендердің қатарына жатады. Қазақта «Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деген жаман насихат бар ғой. «Боксшы Жәнібек Әлімханұлының санасына да өзі тығыз араласатын ортасы спортқа жат осындай діни нарративті тығып жіберді ме екен...» деп ойға шомып отырмын, - деп түйіндеді сөзін журналист.
Пікірлер (0)