Павлодарда Олимпиада жүлдегері бірнеше билік өкіліне күш қолданған

Жаңалықтар
view 115
news

Фотосурет: дереккөз

Еркін күрестен Олимпиаданың қола жүлдегері Даулет Шабанбай Павлодар облысында сот алдында жауап беретін болды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, оған билік өкілдеріне күш қолданды деген айып тағылған. Қосымша деректер әзірге жария етілмеді. Танымал балуан алдағы сот процесіне қатысу үшін Павлодардағы тергеу изоляторына жеткізіледі.

Сотта Шабанбай Д.Е.-ге ҚР ҚК-нің 380-бабы 4-бөлімі 1-тармағы бойынша – екі және одан да көп билік өкілдеріне күш қолдану фактісімен айып тағылған қылмыстық іс қаралып жатыр, – делінген құжатта.

Сот шешімімен спортшыны негізгі тыңдауға қатысу үшін Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына этаптау туралы қаулы шығарылған.

Аталған бап бойынша жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруды көздейді.

Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашевтің айтуынша, 42 жастағы Даулет Шабанбай спорттық мансабын 5 жыл бұрын аяқтаған. Соңғы рет ол Қазақстан чемпионатына қатысып, күміс медаль жеңіп алған.

Спортшының айтулы жетістігі – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдесі. Алайда ол медальды ресми түрде тек 2022 жылы Белградта алған. Өйткені Олимпиаданың екі жүлдегері допинг қолданғаны үшін дисквалификацияланып, сол кезде 120 келі салмақта 5-орын алған қазақстандық спортшы 3-орынға көтерілген-ді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *