Тоқаев Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты кеңес өткізді
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өтті, деп хабарлайды janabastau.kz.
Ақорда ақпаратына қарағанда, президент Маңғыстау облысында болған ұшақ апатынан Қазақстан азаматтары да қаза тапқанына тоқталып, марқұмдардың отбасы мен жақындарына тағы да көңіл айтты.
Сондай-ақ, жедел көмек көрсету құрылымдары апат кезінде шұғыл әрі үйлесімді әрекет еткеніне назар аударды.
Сонымен қатар, Үкіметке апат салдарын жоюға атсалысқан адамдардың ерлігі мен еңбегін лайықты атап өту, ерекше көзге түскен азаматтарды мемлекеттік наградаға ұсыну жөнінде тапсырма берді.
Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға зардап шеккен шетел азаматтарына қажетті медициналық және психологиялық тұрғыдан толық көмек беруді, қайтыс болған Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына айрықша қамқорлық көрсетуді тапсырды.
Үкіметтік комиссия мен Бас прокуратураға басқа құзыретті органдармен бірлесіп, ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізу міндеті жүктелді.
Президенттің пікірінше, бұл ретте ақпараттық арандату мен фейкке жол бермеу маңызды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйін мұқият тексеру қажет екенін мәлімдеді.
Пікірлер (0)