Тоқаев Қорғаныс министрі орынбасарын қызметінен босатты

Жаңалықтар
view 219
news

Фото: ҚазАқпарат

Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Жақсығалиұлы Борамбаевты қызметінен босатты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Ресми ақпаратта «Мемлекет басшысының өкімімен Серік Жақсығалиұлы Борамбаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымынан босатылды» деп көрсетілген. Қызметтен босатудың себебі туралы қосымша мәлімет жарияланған жоқ.

Серік Борамбаев кім?

Серік Борамбаев 1969 жылғы 16 сәуірде Павлодар қаласында туған. 1990 жылы Киев жоғары әскери-теңіз саяси училищесін тәмамдаған.

2016 жылы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Отбасылы, үш баласы бар.

Әскери қызмет жолы

Ол 1990–1992 жылдары Қызыл тулы Каспий флотилиясының әскери бөлімдерінде қызмет атқарған. 1992–2004 жылдары жергілікті әскери басқару органдарында жұмыс істеген.

Кейін Әскери-теңіз институтында басшылық қызметтер атқарып, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы құрылымында аға офицер болған. Сондай-ақ ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары, бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы лауазымдарында қызмет етті.

2016–2019 жылдары Қорғаныс министрлігінің Ақпарат және коммуникация департаментін басқарды. 2019 жылдан бастап Бас штабтың тәрбие және идеологиялық жұмыстар бағытына жетекшілік етіп, кейін Бас штаб бастығының орынбасары қызметін атқарған.

2024 жылғы 25 маусымда Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалған. 2025 жылғы 15 тамызда Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне келген еді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *