Тоқаев Қызылорда облысы әкіміне қандай тапсырмалар берді
Фото: Ақорда
Президентке Қызылорда облысының инвестициялық жобалары таныстырылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар өндірісі және басқа да жобалар жөнінде баяндалды.
Президентке шыны кластерін дамыту және бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары жайында айтылды.
Мемлекет басшысы алға қойған жоспарларды уақтылы және сапалы іске асырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев Президентке өңірдің дамуы жөнінде есеп берген.
Бұған дейін Президент Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барғанын хабарлаған едік.
Пікірлер (0)