Түркістанда жалақыны субсидиялау қаражатын жымқырғандар сотталды

Жаңалықтар
view 91
news

Фото: Қаржы мониторингі агенттігі

Түркістан қаласында азаматтардың жалақысын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша айыптау үкімі шығарылды. Тергеу амалдарын Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Мән-жай

Тергеу материалдарына сәйкес, "Еңбек мобильділігі орталығының" бұрынғы директоры, "Жұмыс берушілерді қолдау" бөлімінің қызметкері және бірнеше коммерциялық ұйым басшылары субсидияланатын жұмыс орындарына азаматтарды жалған рәсімдеу арқылы бюджет қаражатын заңсыз иемденген.

Орталық қызметкері кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін өтінімдер берген. Құжаттарда жалған жұмыс орындары көрсетіліп, кейін бұл лауазымдарға нақты еңбек атқармаған азаматтар қабылданғаны туралы бұйрықтар рәсімделіп отырған.

Залал көлемі 49 млн теңгеден асқан

Кәсіпкерлер өз таныстары мен туыстарын "мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа орналасасыңдар" деген желеумен банктік шот ашуға көндірген. Алайда бұл шоттар арқылы тек жалған қызметкерлерге жалақы аудару жүзеге асқан. Ай сайын жүйеге жалған табельдер енгізіліп, соның негізінде қаражат "жұмысшылардың" есепшотына аударылған.

Түскен қаржы қолма-қол ақшаға айналдырылып, бөлім қызметкеріне тапсырылып, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Осылайша, 78 адам жалған түрде жұмысқа орналастырылған. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 49 миллион теңгеден асқан.

Сот үкімімен үш айыпталушы 4 жыл 6 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал екі кәсіпкерге 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген материалдық шығын толық көлемде өтелген. Айта кетейік, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *