Үкімет Семей ядролық полигонының жерін ұлыбританиялық компанияға берді

Жаңалықтар
view 196
news

Фото: pixabay.com

Үкімет Семей ядролық полигонының жерін ұлыбританиялық компанияға тиесілі кәсіпорынға берді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, - деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Malim.kz-ке сілтеме жасап.

Қаулыда бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағындағы ауданы 71,37 гектар жер телімі Altyn Group Qazaqstan компаниясына берілгені көрсетілген. 

Altyn Group Qazaqstan ұлыбританиялық A Gold Plc компаниясына тиесілі. Компания Абай ауданында алтын өндіруді арттыруды жоспарлап отыр.

 «Абай облысының бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағындағы босалқы жерлер санатынан ауданы 71,37 гектар жер учаскесі өнеркәсiп, көлiк, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, ядролық қауіпсіздік аймағы мұқтаждықтарына арналған жерлер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жерлер санатына ауыстырылсын. «Altyn Group Qazaqstan» ЖШС-ға «Үлкен Қарашоқы» кен орнын игеру үшін осы қаулының 1-тармағында көрсетілген жер учаскесіне 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы берілсін»,– делінген қаулы мәтінінде.

Оның орнына Altyn Group Qazaqstan республикалық бюджетке ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюдан туындаған ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеуге тиіс. 2024 жылдың соңында компания Абай облысындағы байыту фабрикасын жаңғырту жоспарын ұсынған болатын.

Жаңғырту нәтижесінде фабрика бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағындағы кен орнынан алынатын кеннен ғана емес, сонымен қатар қалдық қоймасындағы шикізаттан да мыс пен алтын өндіре алатын болады.

«Altyn Group Qazaqstan» Абай облысындағы Үлкен-Қарашоқы кен орнында құрамында алтыны бар кенді  және Павлодар облысындағы Майлықара кен орнында алтын-күміс кендерін өндіруді бастауды жоспарлаған. Соңғы полигон бұрынғы Семей ядролық полигонының орнында орналасқан. Компания жер телімін 2028 жылға дейін дамытуды жоспарлаған.

Компания туралы

1999 жылы компанияға Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы Найманжал кен аймағында бағалы металдар (алтын, күміс, платина) мен түсті металдарды (мыс, қорғасын, мырыш) барлау және өндіру құқығы берілді.

Кен өндіру аймағының жалпы көлемі – 118 гектар (1,18 шаршы шақырым). Altyn Group Qazaqstan 2022 жылы 169 миллион теңге шығынға ұшыраған (2021 жылғы шығыны – 42,9 миллион теңге). Компанияның жиынтық активтері 2021 жылы 1,6 млрд теңге болса, 2022 жылы 2,4 млрд теңгеге дейін өскен. Компанияның жалғыз құрылтайшысы – Ұлыбританияда тіркелген A Gold Plc (Кайман аралдарында тіркелген). Altyn Group Qazaqstan Абай облысының Курчатов қаласында тіркелген. Компанияның қызметі - бағалы металдар мен сирек металл кендерін өндіру.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *