Украина ресейлік БАҚ-қа тыйым салмақ
Жаңалықтар
179
Украина билігі ресейлік барлық медиаға тыйым салу арқылы БАҚ туралы заң жобасын қайта қарамақ. Жоғарғы Раданың ақпараттық саясат комитетінде елдің Мәдениет министрі Александр Ткаченко жаңа заң «Украина аумағында ресейлік үгіт-насихатқа тосқауыл қояды» деді.
Министр өзінің Telegram-каналында: «Қазір Украинада 1990 жылдардан бергі БАҚ-ты реттейтін заңдар бар. Бірақ содан бері медиа ландшафты айтарлықтай өзгерді: қуатты интернет, көптеген әлеуметтік желілер мен стримингтік қызметтер пайда болды. Осының барлығын оңтайландыру керек, бұл ресейлік фейк пен жалған ақпаратпен күресудегі күш-жігерімізді екі еселейді. Агрессор мемлекетке тиесілі барлық телеарналар мен басқа да медиа ресурстарға тыйым салынады», – деп жазды.
Жаңа заң жобасын әзірлеуді Телерадио хабарларын тарату жөніндегі Ұлттық кеңес, премьер-министрдің Еуропалық интеграция жөніндегі орынбасары және Раданың гуманитарлық, ақпараттық саясат жөніндегі комитеті талқылаған. Нәтижесінде барлық өкіл ресейлік медиалардан бас тартуды қолдап дауыс берген.
«Халық қызметшісі» партиясының депутаттары әзірлеген «БАҚ туралы» заң жобасы 2019 жылы желтоқсанның соңында Жоғарғы Радада тіркелген. Оны журналистер қауымы сынға алып, 2020 жылдың мамырында қайта қарауға жіберілді. 2022 жылдың маусымында Жоғарғы Радаға Украинаның еуроинтеграциясына қатысты видео үндеуінде Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Лейен қазіргі ЕО стандарттарына сәйкес келетін БАҚ туралы заң қабылдауға шақырды.
Пікірлер (0)