Ұлттық академиялық кітапханада мұқабасы адам терісінен жасалған кітап сақталған

Редакция таңдауы
view 215
news

Ұлттық академиялық кітапханада сақталған әрбір кітап пен жазба тарихтан сыр шертеді. Алайда мұқабасы адамның терісінен жасалған көне кітап туралы естуіңіз бар ма? Оның тарихы мүлде өзгеше. Ұзындығы 21, ені 15, қалыңдығы 2 сантиметрлік экспонат толық зерттеліп біткен жоқ, деп хабарлайды Jańa Bastau газеті «Хабар 24» ке сілтеме жасап. Альмира Оразбай, тілші: - Ұлттық академиялық кітапхана қорында 1,5 млн кітап болса, оның 13 мыңнан астамы «сирек кездесетін құнды кітаптар» санатына кіреді. Ал мына менің қолымдағы туынды – ең ерекше экземплярлардың бірі. Себебі оның мұқабасы адамның терісінен жасалған. Алайда бұл тек көшірмесі ғана. Түпнұсқасы мына әйнектің ішіне орналастырылған. Кітапхана қорындағы ерекше экспонаттардың бірі бұл мекемеде 2014 жылы пайда болды. Оны өзінің есімін жасыруды өтінген оқырман сыйға тартқан. Көне туынды 1532 жылы шығып, Еуропадан жеткізіліпті. Коллекционердің қолына нақты қалай тап болғаны белгісіз. Дариға Дәуренбекова, ҚР Ұлттық кітапханасы «Сирек қор» секторының меңгерушісі: - 2014 жылы кітапханамыз «Кітапханаға кітапты сыйға тарт» деген акция жариялады. Сол акция аясында бір жеке коллекционер осы қолжазбаны бізге сыйға тартты. Аты-жөнін айтуға «инкогнито» деді. Сондықтан айта алмаймыз. Көне туынды қазір ғалымдардың назарында. Ол 396 беттен тұрады. Бүгінде оның алғашқы 16 беті ғана зерттелген. Сарапшылардың болжамы бойынша, адам терісінен жасалған кітап Петрус Пуардус есімді Италияның солтүстігінде өмір сүрген азаматқа тиесілі. Ол нотариат қызметкері болған деседі. Дариға Дәуренбекова, ҚР Ұлттық кітапханасы «Сирек қор» секторының меңгерушісі: - Ескі латынмен жазылған бір нотариустың күнделігі екен. Бұл кітапты біз зерттеп шықтық. Әрине, оның адам терісінен жасалғанын дәлелдеу керек болды. Өкінішке қарай, Қазақстанда оны оқып беретін ешкімді таба алмадық. Сосын біз интернеттен қарап шықтық, Парижде «Институт истории и изучение текстов» деген бар екен. Соған хабарластық, сол жерден 10 бетін электронды нұсқа жібердік, бізге оқып берді. Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, тірі жанның терісін қолдану арқылы кітап шығару XVI-XVII ғасырларда қалыпты жағдай саналған. Тіпті адам өлім алдында өзін осындай әдіспен есте сақтауды сұрап, өз терісінен арнайы кітап жасатқан деседі. Әлбетте, тарихқа терең үңілсек, біраз шындыққа көз жеткізуге болады. Ал қолда бар мұндай ерекше антроподермиялық туынды, расында, әлде де зерттеулерді талап етеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *