Ұлынан қорлық көрген қарияның өлімі жайлы жаңа дерек шықты

Жаңалықтар
view 1712
news

Фото: Qaz365.kz

Әкесін соққыға жыққан ер адам Қоссейіт ауылының тұрғыны Алмас Садақбаев, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Еске сала кетсек, Түркістан облысының Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылында жаға ұстатарлық жайт болған еді. Әкесін қорлап, соққыға жығып, балағаттаған ер адам қамауға алынды.

Алмас Садақбаев – екі баланың әкесі, 41 жаста. Ауыл-аймақта халықтың қуанышына ортақтасып, асаба қызметінде нәпақа тапқан. Ауыл әкімінің орынбасары Әділбек Әлденеев оның аудандағы мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істегенін де жеткізді.

Негізі ол осы ауылда туып-өскен. Әке-шешелерінің бәрі осы Әйтеке би көшесінде тұрған. Екі жыл бұрын ауылға қайта келген. Алғашында үйі болмай, мешіттің жанындағы бос үйді сұрап, сол жақта тұрды. Сосын үй алып, көшкен. Әкесі інісінің қолында болды. Сосын үй алған соң әкесін өзінің қолына алып кеткен. Аудандық мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істеді, – деді ауыл әкімінің орынбасары Әділбек Әлденеев.

Қоссейіт ауылындағы мешіт имамы Нұрахмет Бекжігітов күдіктінің азан шақырмағанын жеткізді. Сонымен қатар желіде тараған видеоны кеш көргенін, ерте көрсе, бұл әрекетке жол бермейтінін айтты.

Сәрсенбі күні, 3 қыркүйекте қайтыс болған екен. Төртіне жаназа намаз оқылды. Желіде тараған видеоны кеше ғана көрдік. Оны ертерек көргенде, ондайға жол бермес едік. Біз кейін байқадық, – дейді мешіт имамы Нұрахмет Бекжігітов.

Ал әкесін соққыға жыққан Алмастың көршілері бұған дейін де ол үйден ұрыс-керісті жиі естігендерін айтты.

Дауыстары шығып тұратын еді, күйеуі боқтап жатқан. Бізде қақпа биік қой, үйдің іші көрінбейді. Сол үшін күйеуі мен әйелі ұрысып жатыр, жастар ғой, жарасып кетеді деп ойлайтынмын. Шалды бұл үйде бар ма, жоқ па, білмейтінмін. Өйткені оның дауысы шықпайды, сөйлемейтін сияқты көрінетін. Шал қайтыс болардың алдында ғана білдік оны ұратынын. Сол кезде бәрі шулап, «бұл не заман болды» деп, көргендер видеоға түсіріп, әкімшілікке тапсырыпты деп естідім. Әкімшілік келіп, ескерту жасаған екен. «Бопты, әкімшілікке тапсырса, шара қолданар» деп ойладық. Арада көп уақыт өтпей, шал қайтыс болды, – дейді күдіктінің көршісі Малика Бейсенова.

Қорлық көрген қария 3 қыркүйек күні жан тапсырған. Марқұмның өлім себебі белгісіз. Дәрігерлер жетпісті желкелеген зейнеткер қан қысымы және бел омыртқасы ауруымен екі жылдан бері төсек тартып жатқан дейді. Бірақ мүгедектігі бойынша есепте тұрмаған екен.

Ал елді дүр сілкіндірген видеоны ауыл тұрғындарының көпшілігі күні кеше көрдік дейді. Жұрттың жағасын ұстатқан бейнежазба желіде таралып кеткен соң, қатыгез асабаны құзырлы орган өкілдері қамауға алған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында.

Күйеуінің озбырлығын көре тұра, тіс жармаған әйелі де тергеуде жауап берген. Әзірге полицейлер оны босатқан. Оқиға болған үйде екі күннен бері ешкім жоқ дейді көршілері.

Оқиғаға қатысты Түркістан облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *