«Виллаңызды көрсетіңізші»: жұпыны пәтерлерін жария еткен депутаттың әйелі мазаққа ұшырады
Фотосурет: дереккөз
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің зайыбы Әдел Әділова Астанадағы қызметтік пәтеріне жасаған видеошолуынан кейін қоғамның қызу талқысына түсті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Democrat.kz-ке сілтеме жасап.
Ол TikTok желісіне жариялаған видеода пәтерді егжей-тегжейлі көрсетіп, ондағы жиһаздың 20 жыл бойы жаңартылмағанын, теледидардың ескі үлгіде екенін, ал тумбочкалардың есіктері сынып тұрғанын атап өткен.
Әділованың айтуынша, отбасы ол пәтерде 2023 жылдан бері тұрып жатыр. Ол осы видеосы арқылы депутаттардың шынайы өмірін көрсеткісі келгенін айтады.
Алайда желі қолданушыларының көпшілігі депутаттың отбасы бұл пәтерде шынымен тұратынына күмән келтірді. Олардың пікірінше, пәтерде мүлде адам тұрмайтын сияқты көрінген.
Кейбіреулер Әділованың видеодағы қымбат әшекейлеріне назар аударса, басқалары бұл пәтерді жалға беріп қойған болуы мүмкін деген болжам айтты.
Тіпті, кейбір қолданушылар пәтердің терезесінен көрінген кадр арқылы оның қай тұрғын үй кешенінде орналасқанын да анықтап қойған.
Видеоның астына желі қолданушылар мысқылға толы пікірлер қалдырып жатыр.
«Пәтерді неше тәулікке жалға алдыңыздар?», «Әрине, бұл қызметтік пәтер! Ал қала сыртындағы үйіңіз туралы ештеңе айтқыңыз келмей ме?», «Халықтың көзіне күл себудің не қажеті бар?», «Түсірілім үшін пәтерді бір сағатқа алған ғой», «Қала сыртындағы виллаңызды көрсетіңізші, өте қызық болып тұр» десті көпшілік.
Пікірлер (0)