Жағалбайлы Төлегенді Бекежан өлтірмеген

Таным
view 143
news

Фотосурет ашық дерекөзден

ҚЫЗ ЖІБЕККЕ ҚАТЫСТЫ ДЕРЕКТЕР

Қыз Жібектің әкесі Сырлыбайдың тікелей ұрпағы – Арал ауданы Қызылжар елдімекенінің тұрғыны, ардагер ұстаз Сайлау Абабүкір-ұлының «Сырлыбай би және оның ұрпақтары» атты зерттеу мақаласындағы Қыз Жібекке қатысты жерін сіздерге ұсынуды жөн санадым.

«Қыз Жібек» жырын оқып, кинофильмін көргеннен кейін, «Сырлыбай кім, Жібек кім?» деген сауалдарға жауап іздей отырып, оның түп-төркіні мен тарихына үңіліп көрмеппіз.

Қыз Жібек оқиғасы 1692-1694 жылдар шамасында Шалқардан оңтүстік-шығысқа қарай, 40 шақырым жерде Кіші Борсық етегіндегі Қособа көлінде болады (М.Е.). Базарбайдың мырзасы Төлегеннің осы Қособа көлінде қарақшының қолынан қаза табатыны бәрімізге таныс оқиға. Ал осы кезде Сырлыбай және оның туғандары мен ұрпақтарының қонысы Кіші Борсықта болған.

Тарихқа жүгінсек, кімнің қай жерде болғанын дәлелдейтін табиғи шындық жер атаулары мен сол жерлердегі тас обалар мен қорымдар емес пе? Оған Шалқар ауданының Ақтоғай ұжымдық кәсіпорнының көлеміндегі «Сырлыбай сайы» деген жер, Тебіренбес тауының батыс беткейіндегі Боқай сайындағы Сырлыбай баласы Жылқайдар батырдың бейіті, Шалқардан 40 шақырым шамасындағы Сырлыбайдың үшінші әйелі Мән әулиенің үйтамы, қазір құрғап, кеуіп қалған Жылқайдар көлі, Жылқайдар тепсеңі, Сырлыбайдың туған інісі Жамансарының бейіті дәлел бола алады. Айналып келгенде, осы аты аталған жерлер бас-аяғы 100-150 шақырым шамасында. Ол кездегі мал баққан шаруа үшін бұл онша қашық емес. Араға бір немесе екі қонып бара береді.

Енді «Қыз Жібек» жырын қашан және кім жазды? Жоғарыда есімдері аталған ағаларымыздың жазған зерттеулерінде «Қыз Жібек» дастанын Орта жүз Ашамайлы Керей Сегіз сері (Мұхаммедханафия) Бахрамұлы Шақшақовтың (1818-1854 ж.ж.) жазғанын түбегейлі дәлелдейді. Сегіз сері Омбыдағы Сібір қазақ-орыс әскери училищесін 1834 жылы үздік бітіріп шығады.

Жазалаушы жасаққа басшы болып, қазақ жеріне барғысы келмегендігі үшін патша өкіметінің отаршыл әкімдері тарапынан қуғынға ұшырап, Кіші жүздегі түп нағашысы Байбақты Сырым батыр әулетін паналамақ болып, жанына құрдасы әрі ауылдасы Нияз серіні ертіп жолға шығады.

Осы жылы ел жайлауда отырғанда Кіші жүз Әлімұлына жататын алты Шекті елінің Қабақ аталығынан шыққан Көтібар батыр Берсенұлының (1762-1834ж.ж.), Арыстан батыр Тінәліұлының (1778-1855-57ж.ж.) ауылына келеді. Сегіз серіні С.Қарамендин Арыстан батырға, Н.Әбуталипов Көтібар батырға түсіреді. Мейлі, Көтібар батыр болсын, Арыстан батыр болсын, сол үйде Жағалбайлы Жанқасқа би қонақ болып жатады.

Сегіз сері өлең айтып, ән салып, терме, қисса, дастандар жырлап, күй тартып, осы үйді, бүкіл ауылды шаттыққа бөлейді. Жас қонақтың ақындығы үшін бе, әлде өнеріне көңілі толғандығы ма, Көтібар, Жанқасқа, Арыстандар «Айман-Шолпан», «Төлеген-Қыз Жібек», «Сансызбай» хикаясын айтып береді де, Сегіз серіден осы әңгімелерді қиссаға айналдырып, әнмен жырлап шығуын өтінеді.
Әңгімені байыппен тыңдап алған зерек жігіт:

...Мен келдім Шекті, Табын арасына, 
Көтібар, Арыстандай данасына.
Жырлайын «Айман-Шолпан», «Қыз Жібекті»,
Қазақтың даңқым шықсын даласына... деп, болашақ дастанның кіріспесін бастай жөнеледі. Содан соң сабасына түсіп, біраз ойланып-толғанып, қызынып алған Сегіз сері «Қыз Жібек» қиссасын әрі қарай жалғастырып шырқап кетеді.

...Бұл өзі оқиға екен мол деректі,
Жырлауға осындайды болдым епті.
Есітіп Төлеген мен Жібек жайын,
Қисса етіп баяндай көңілім кетті.
...Қарсы алды Шекті, Табын, Жағалбайлы,
Ел екен дәулетіне сәулет сайлы.
Нияз бен мен екеуміз сонда барып,
Естідік Сырлыбай мен Базарбайды.
...Жырладым мен дастанды қобыз алып,
Отырды молда, ишан қалам алып.
Түсірді он төрт молда өлеңімді,
Бетіне ақ қағаздың өрнек салып...

Сегіз сері осылайша «Қыз Жібек» жырын ұзақ жырлап, аяқтап шығады. Бұл үзінділер жырдың бас жағындағы кіріспесі ғана. Сол күннен бастап «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» дастандары қолдан-қолға, ауылдан-ауылға, елден-елге қолжазба арқылы тарап кетеді. Осы екі қисса жап-жас (он жеті жасар) ақын жігітті бірден үлкен ақын дәрежесіне көтереді.

Сегіз сері «Қыз Жібек» дастанындағы басты кейіпкерлер Бекежан, Сансызбай батырлардың ұрпақтарымен де кездескен. Мысалы, ол Тайлақ мерген Бекежанұлының, Төсбатыр Сансызбайұлының ұрпақтарымен Жаманқала (Орск) маңында жолығып, олардан шежіре жазып алыпты (С.Қ.).

«Қыз Жібек» жырын 1892 жылы Жүсіпбек қожа Шайқысламұлы (1861-1941ж.ж.) әнші қариялардан естіп, жазып алады да, қиссаның кейбір тұстарын өзгертіп, қысқартып, орнына татаршалап, қара сөз қосып, кей тұстарын ертегіге айналдырып, Төлегенді өлтірген Кескентерек деген қожаның орнына қарақшы деп Бекежанды жазып, оның руын Арғын етіп көрсетіп, қиссаны өзім шығардым деп, 1894 жылы Қазан қаласында бастырып шығарады (Н.Ә.). Қисса «Қыз Жібекті» Жүсіпбек қожа бұдан кейін де иеленіп, 1896, 1899, 1900 жылдары Қазан қаласында бірнеше рет бастырады. Оның ақын емес екенін кезінде Әубәкір Кердері, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, тағы басқа белгілі ақындар өз өлеңдерінде әшкерелеген.

Мәселен, Н.Наушабаев «Жүсіпбек қожаға» деген өлеңінде:
...Сен өзің сөз ұрлауды таста, қожа,
Жастарды үлгі іске баста, қожа!
Өліп қалған аруақтан жыр ұрламай,
Адамшылық шарадан шықпа, қожа!–дейді.
Жоғарыда Төлегенді Бекежан емес, Кескентерек деген қарақшы өлтірді дедік. Бекежан тарихта болған адам. Туған жері Алшын Темір таудың бөктері. 1825 жылға дейін бұл жерде Кіші жүз Әлімұлына жататын алты Шекті мекендеген. Бекежанның әкесі Айбек осы тұстағы Кіші жүз Әлімұлының әскер бас батыры болған. Бекежан да әскербасы сардар болыпты.

Бекежан Шекті, оның ішінде Бөлек, одан Қабақ руынан. Әйелі башқұрт халқының Естек жұртындағы Құрамыс байдың қызы, аты – Салиха. Одан Байрақ, Қайрақ, Тайлақ және Нұргүл есімді қыз туған. Екінші әйелі Зұлфия – түрікпен жұртының қызы. Бекежан қалмақтармен соғыста жараланып, кемтар болып, батырлықтан ерте қалған. Оның балалары Ақтабан шұбырындыда қол бастаған, ел бастаған. Бекежан өз ажалынан өледі.

Бекежан Қыз Жібекпен рулас болып келеді. Қазақ жеті атаға толмай қыз алыспағанын ескерсек, сол кезде Сырлыбай балаларымен жеті-сегіз аталыққа енді толып жатыр. Сондықтан Бекежанның жоғарыда айтқан Салиха атты бірінші әйелі қайтыс болып, жетім қалған үш ұлын, бір қызын немере ағасына беріп, Зұлфия сұлуды алу үшін түрікпенге қалың қолмен аттанып кеткенде, Кескентерек соны пайдаланып, Төлегенді өз қарақшыларымен алдын тосып, Қособаның көлінде өлтіреді де, Төлегеннің мінген атын екі жыл жасырып бағып, Бекежанға тарту етпек болады. Көк жорға атты таныған Бекежан Төлегеннің өлгенін біліп, Кескентеректі өз тобынан аластап қуады.
Кескентерек шежіреде де, ел аузындағы әңгімеде де, Сегіз сері шығарған «Қыз Жібек» дастанында Бекежанға келіп, паналаған қандыбалақ қарақшы екендігі, оның еш жерге сыймай жүргендігі айтылады. Туған нағашысы Жағалбайлы елінің мырзасы Әбусағитты өлтіріп, оның кіші әйелін алып кетіп, ол әйелді қаңғытып, құмға тастап кеткендігі, туған қарындасы Қаламқасты Қарабала деген жігітке тұрмысқа шықпақ болғандығы үшін екі емшегін ойып тастап, азаптап өлтіргендігі айтылады. Сегіз сері

«Қыз Жібек» дастанында Кескентерекке арнаулы түрде тоқталады:
...Бас болған елдің бұзық наданына,
Мәз болған айласы мен амалына.
Қожадан жол тонаушы сотқар шыққан,
Бекежан Айбекұлы заманында.
Есімі тонаушының Кескентерек,
Тыңдамай ата анасын жүрген бөлек.
Ұрлыққа бала жастан әуес болған,
Қан төккіш, мейірімсіз қара жүрек...

Көзіне қан толған, өзіне ажал төнген Кескентерек Шектілермен көршілес отырған Табын елінің мырзасы Нұрқожаның әйелі ұл туып, соған жасалған тойда Жібекке тиісіп:
...Батыры ем Төре, Төлеңгіт қожа Кескентерек,
Елдігім мен ерлігім жұрттан ерек.
Тұсыңа өлең айтып, келіп тұрмын,
Көңілің маған қалай, сұлу Жібек.
Дегенде арма Жібек, арма Жібек,
Ботасы өлген түйедей зарла, Жібек.
Кеткелі ғашық жарың екі жыл болды,
Хабары замандастың бар ма, Жібек...

Сол жерде Жібектің жеті ағасы Кескентеректі дарға асып өлтіреді. Бұлар Таспа палуан, Жылқыайдар батыр, Есіркеп, Мыса, Естемес, Батырсары, Ерсары еді. Іздеуі жоқ қашқын, елден шығып жүрген қарақшы Кескентеректі өлтіре салу Сырлыбай балалары үшін онша қиын шаруа болмаса керек. Кейін Төлегеннің інісі Сансызбай Жібек сұлуға үйленіп, оған Бекежан өкіл аға болған.
Керей Қожаберген ақынның «Елім-ай» жырында Сансызбай мен Жібек сұлудың тұңғыш баласы Төсбатырға арналған өлең шумақтары оның батыр болғандығын дәлелдейді.
...Жағалбайлы Төсбатыр,
Қалмақтарға өш батыр.
Сансызбайдың өзіндей,
Көрсеткен жауға күш батыр.
Үзкентте болған шайқаста,
Қамал бұзған гүж батыр...

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар мен текстология бөлімінде Сегіз сері жырлаған «Қыз Жібек» дастанының түпнұсқасы сақтаулы (Н.Е). Небәрі он жеті жасында бүкіл қазаққа танымал болған Сегіз сері (Мұхаммедханафия) Бахрамұлы Шақшақов сынды асыл ердің еңбегі әлі күнге дейін жарыққа шықпай жүргені өкінішті, тіпті ұят!

Мен көнекөз қариялардан естіген, білгендерімді және жоғарыда есімдері аталған Н.Әбуталиев, С.Қарамендин, М.Есмағанбетов сынды ағаларымыздың жазған зерттеулерінің деректерін пайдалана отырып, сіздерге, жалпы Сырлыбай ұрпақтары мен «Қыз Жібек» дастаны туралы толығырақ таныстырғанды Сырлыбай бидің ұрпағы ретінде өзіме парыз санадым. Қазір Сырлыбай би ұрпақтары (ұл-қызы) екі жарым мыңнан асып жығылады. Тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінде өз несібелерін теріп жүрген жағдайы бар. Олардың көпшілігі Арал, Қазалы өңірінде, соның ішінде көбі Арал ауданының Қызылжар ауылында тұрып жатыр.

Бекежанның руы Қарабас ал Жібек руы Жақайым…


Нұрбай ЖҮСІП,
Қамыстыбас ауылы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *