Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» аясында 711 жобаға қолдау көрсетілді
Фотосурет ашық дереккөзден
Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қайтарылған қаражаттың арқасында ауыл кәсіпкерлері жаңа мүмкіндіктерге ие болуда. Атап айтқанда, 5,1 млрд теңгеге 711 жобаға жеңілдетілген несие берілді. Оның ішінде, мал шаруашылығын дамытуға – 240 жоба, жылыжай кешендерін салуға – 33 жоба, өзге де бизнес бастамаларға 438 жоба қолдау тапты, деп JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Биылғы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 5 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат 25 ауыл шаруашылығы кооперативі мен 450 жеке кәсіпкердің ісін ілгерілетуге бағытталмақ. Нәтижесінде, облыста 525 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Мысалы, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының тұрғыны Марат Алғашбек мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен 9,2 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, газоблок шығаратын өндірістік цех ашты. Бүгінде бірнеше ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпкер өндірісті кеңейтіп, пластик терезе мен есік шығаруға да ден қойғанын айтады. Оның сөзінше, бұл қызмет түріне ауылда сұраныс жоғары.
Аудан көлемінде «Ауыл аманаты» жобасы 5 ауылдық округте іске асырылуда. Осы жобаның арқасында 847 азамат жеке кәсіпкер атанып, 863 адам жұмыспен қамтылды.
2019–2023 жылдар аралығында бағдарламаға 42,2 млрд теңге қарастырылып, 62 ауылдық округтің тұрғындары қамтылды. Осы уақыт аралығында 8 028 азамат жеңілдетілген несие алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Ауылдық жерлерде барлығы 37 044 жаңа жұмыс орны ашылып, оның 22 838-і тұрақты қызметке айналды.
Бағдарламаның тағы бір маңызды нәтижесі – атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының қысқаруы. 2020 жылдың 1 шілдесінде бұл көмек 36 259 адамға тағайындалса, 2025 жылдың 1 маусымындағы көрсеткіш 18 435 адамды құрады. Осылайша, әлеуметтік қолдау алушылар саны 17 824 адамға азайды.
Пікірлер (0)