Жаңа Конституция ғылым мен жоғары білімнің стратегиялық рөлін күшейтеді — БҚУ ректоры
Фотосурет: әлеуметтік желіден
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ректордың айтуынша, жаңа Конституцияның негізінде адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен жеке жауапкершілігі басты құндылық ретінде айқындалған.
Бұл – әділетті, ашық және кемелденген қоғамды таңдаудың түбегейлі көрінісі. Сондай-ақ құжатта дәстүрлерге, қоғамдық ынтымаққа, ел бірлігі мен орнықты дамудың берік негізін қалыптастыратын рухани құндылықтарға ерекше мән берілген.
Оның сөзінше, бірлік пен келісім, әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа, мәдениетке және адами капиталға құрмет Конституция мәтінінің өн бойынан ұлттық дамудың негізгі бағдарлары ретінде көрініс табады. Университет басшысы ғалым ретінде Конституцияның жаңа редакциясына ғылым мен жоғары білімге арналған жеке баптың енгізілуін аса маңызды қадам деп бағалады.
«Бұл — білім, зерттеу, университеттер мен технологиялар Қазақстанның болашағының стратегиялық негізі ретінде қарастырылатынын айқын көрсететін мемлекеттің нақты сигналы. Аталған саланың конституциялық деңгейде бекітілуі академиялық ортаның орнықты дамуына ұзақ мерзімді құқықтық кепілдіктер қалыптастырып, университеттердің мәртебесін нығайтады. Сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен инновациялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді ол.
Ректордың пікірінше, жаңа Конституция тек құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар ғылымға, білімге, жастарға және ұлттың зияткерлік әлеуетіне деген сенімге негізделген құндылықтық бағдар болып табылады.
Пікірлер (0)