Ақмола облысында мүгедектікті белгілеу рәсімі жеңілдетілді

Жаңалықтар
view 18
news

Фотосурет: дереккөз

Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бүгінде облыста ерекше қажеттілігі бар 30 мыңға жуық адам тұрады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.

Қызмет көрсетудің заманауи форматтарына көшу және бақылауды күшейту туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Нұрлан Шерьязданов мәлімдеді.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі – медициналық-әлеуметтік сараптаманы жаңғырту болды. Енді мүгедектікті растау үшін мекемелерге жеке барудың қажеті жоқ. Қызмет сырттай-проактивті форматта көрсетіледі. Барлық қажетті мәліметтер жүйеге электронды түрде түседі, бұл қағазбастылық пен мекемелерді аралап жүруді болдырмайды. 

«Сырттай формат қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында енгізілді. Бұл субъективті көзқарасты болдырмауға және әр азаматқа қажетті оңалту құралдарын автоматты түрде іріктеуге мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Шерьязданов. 

Емдеуші дәрігерлер дайындайтын медициналық құжаттардың сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Сырттай модель кезінде дәл осы мәліметтердің толықтығы мен шынайылығы мүгедектік тобын дұрыс белгілеуде шешуші рөл атқарады. 

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін экстерриториялық қағидат қолданылады: бір өңір тұрғынының құжаттарын басқа өңірдің сарапшылары қарай алады. Рәсімдерді жеңілдетумен қатар мемлекет бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейтіп отыр. Тексерулер құжаттарды қолдан жасау әрекеттерін анықтауда. Ел бойынша әртүрлі адамдарға арналған медициналық анықтамалардың «бір үлгіде» рәсімделген 150-ден астам жағдайы тіркелген. 

«Мемлекеттік көмек атаулы болуы және шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана жетуі тиіс. Қазіргі уақытта біздің облыста мұндай заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Дегенмен, біз жағдайды жүйелі түрде бақылауды жалғастырып жатырмыз», – деп атап өтті департамент басшысы.

Алаяқтық пен заңсыз төлем алуға бағытталған кез келген әрекеттер құқық қорғау органдарының қатысуымен тоқтатылатын болады. Ведомствоның негізгі мақсаты – әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету және әрбір мұқтаж азаматқа кепілдендірілген қолдау көрсету.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *