Жаңа Конституцияда адамның негізгі құқықтарын қорғауға басымдық берілген
Фотосурет: akorda.kz
Қазақстанда жаңа Конституция жарияланып, елдің саяси жүйесінде маңызды бетбұрыс жасалды. Бұл өзгерістер «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған нақты қадам ретінде бағаланады.
Қазақстанда жүргізілген Конституциялық реформалар елдің саяси жүйесіне бірқатар жаңа институционалдық құрылымдар әкелді. Солардың бірі – Құрылтай. Ол – қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтатын, ұлттық мүдде мен қоғамдық пікірді билікке жеткізетін кеңесші орган. Ол қоғамдық келісім, ұлттық бірлік, идеологиялық бағыттарды талқылайтын алаң ретінде қызмет атқарады.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы кеңесінің (бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясының) саяси салмағы сақталып, этносаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды институт ретінде қала берді. Бұл құрылым қоғамдық татулықты нығайтудың басты тетігі болып отыр.
Ал қоғамда жиі айтылатын вице-президент лауазымы жаңа Конституцияда енгізілді.
Жалпы, жаңа құрылымдар мен реформалар биліктің ашықтығын арттыруға, қоғамның шешім қабылдау процесіне қатысуын күшейтуге және саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған.
Жарияланған жаңа Конституция жобасының Преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Бұл идея Конституцияның бүкіл мәтінінде көрініс табады.

Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімінің нормаларын әзірлеу кезінде адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан тарапынан ратификацияланған халықаралық пактілер мен басқа да жалпыға бірдей танылған халықаралық құжаттардың талаптары барынша ескерілді. Соның нәтижесінде адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны толықтырылып, олардың жаңа қырлары ашылды. Олардың іске асырылуы мен қорғалуына берілген кепілдіктер айтарлықтай нығайтылды.
Жаңа Конституцияда адамның негізгі құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Мысалы, өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесі» бекітілген.
Сонымен қатар, жоба сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелерін қамтиды.
Бұдан бөлек, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған. Мәселен, дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты бекітілген. Рухани және діни оқу білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты жарияланады,
Және неке – ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы деген ереже енгізілген. Бұл көзқарас әйелдердің құқықтарын қорғауды және дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Конституция жобасы – жарты жыл бойы атақты заңгерлердің, сарапшылар қауымдастығы мен депутаттардың атқарған қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ата заңға енгізілген ұсыныстар барлық бөлімдерді және 77 бапты қамтыды, яғни мәтіннің 84%-ын құрайды.
Пікірлер (0)