Жәнібек Әлімханұлының допингпен ұсталуы: Ермахан Ибраимов күтпеген мәлімдеме жасады

Жаңалықтар
view 112
news

Фото: sportinside.kz

Қазақстандық кәсіпқой бокс жұлдызы Жәнібек Әлімханұлының айналасындағы шулы оқиға жанкүйерлерді дүр сілкіндірді. Чемпиондық жекпе-жектің алдында шыққан «допинг дауына» қатысты Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов өз ойын ашық айтты, деп хабарлайды todayinfo.kz-ке сілтеме жасаған JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Белгілі спортшы «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында көпшілікті асығыс қорытынды жасалмауға шақырды. Оның айтуынша, спорт тарихында алғашқы тексеріс қате болып шыққан жағдайлар аз емес.

«Екінші сынама бәрін шешеді»

Ибраимов боксшымыздың мансабына нүкте қоюға әлі ерте екенін ескертті. Тәжірибелі маман «В» сынамасының нәтижесін күту қажет деп есептейді.

Тарихта бірінші сынамада түйткілдер болып, бірақ екінші допинг-тесттен таза өткен спортшылар кездескен. Сондықтан дүрлікпей, сабыр сақтайық. Екінші талдаудың нәтижесін күтейік, – деді Ермахан Ибраимов.

Айта кетейік, 6 желтоқсан күні Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасында үш бірдей чемпиондық белбеу үшін айқас өтуі тиіс еді. Алайда, VADA ұйымы отандасымыздың қанынан спортшыларға тыйым салынған мельдоний препаратын тапқанын хабарлады.

Жәнібектің орнын кім басады?

Өкінішке қарай, бұл жағдай жекпе-жектің тағдырына кері әсерін тигізді. Premier Boxing Champions ұйымы тәуекелге бармай, айқасты кейінге шегерді.

Ұйымдастырушылар шұғыл түрде әрекет етіп, Лараға жаңа қарсылас тауып үлгерді. Енді чемпиондық белбеу үшін 34 жастағы колумбиялық боксшы Йохан Гонсалес (36-4, 24 KO) шаршы алаңға шығады.

Ал қазақстандық жанкүйерлер Жәнібектің екінші сынамасы таза шығып, өз ақталып шығады деген үмітте.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *