АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Мәскеуге барып, Владимир Путинмен Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі жоспарды талқылады. Бұл – Уиткоффтың биыл Ресей басшысымен өткізген алтыншы кездесуі. Бұған дейінгі бес кездесудегідей, бұл жолы да айтарлықтай нәтиже шықпады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Украиналық БАҚ Қазақстанға қарсы «өркөкірек памфлет» жариялады - сарапшы
Путинмен кездесу шамамен бес сағатқа созылып, түнгі 00:30-да аяқталған. Келіссөздер жоспарланған уақыттан үш сағат кеш басталды. Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, Уиткофф кейін АҚШ елшілігіне барып, бір сағатқа жетпей елден ұшып кеткен.
Ресей тарапының атынан кездесуге Юрий Ушаков пен РФПИ басшысы Кирилл Дмитриев қатысқан. Дмитриев келіссөзден кейін Х желісіне бір-ақ сөз жазды: «Продуктивно».
Ал Ушаков келісімдердің нақты ілгерілеуге әкелмегенін айтты. Оның сөзінше:
-
Территория мәселесі бойынша компромисс табылмаған, бірақ АҚШ өз ұсыныстарын таныстырған.
-
«Дағдарысты реттеуде алға да жылжыған жоқпыз, артқа да шегінген жоқпыз».
-
АҚШ-тың кей ұсыныстарын Путин сынаған, бірақ кейбірімен келісетінін білдірген.
-
Тараптар байланыстарды жалғастыруға келіскен. Путин мен Трамптың кездесу мүмкіндігі екі елдің СІМ-дері мен көмекшілерінің жұмыс нәтижесіне байланысты.
ТАСС агенттігі хабарлағандай, Ресей Трамптың 27 тармақтан тұратын жоспарын және кейін жолданған тағы төрт құжатты қарастырған. Бірақ жоспардың нақты тұжырымдары талқыланбаған, тек мазмұны бойынша пікір алмасу болған.
Уашингтон мен Мәскеу келіссөздердің егжей-тегжейін жарияламауға уағдаласқан. АҚШ делегациясы бұл талапты сақтап, қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ. Дональд Трамп та, Украина Президенті Владимир Зеленский де әзірге пікір білдірмеді.
Бұл – Уиткоффтың Мәскеуге биылғы алтыншы сапары. Ал Кушнер Уиткоффты алғаш рет бастап барды. CNN дерегіне сенсек, Трамп оны «маңызды келісімдерді аяқтай алатын адам» ретінде қарастырады.
Пікірлер (0)