Жасөспірімдер арасындағы төбелес: 15 жастағы оқушы пышақ жарақатымен ауруханаға түсті

Жаңалықтар
view 201
news

Сурет: интернеттен

Ақтөбеде жасөспірімдер арасында төбелес болды. Үш адам ауруханаға жеткізілді, дер хабарлайды Janabastau.kz. 

Оқиға 2 маусым күні Ақтөбе облысының Алға ауданында болды. Полиция сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

"Күдікті ұсталып, қамауға алынды. "Бұзақылық" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Үш бала медициналық мекемеге жеткізілді", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.

Ақтөбе облыстық білім басқармасындағылар төбелес кезінде жарақат алған жасөспірім 9-сынып бітірген оқушы екенін растады.

 "Тергеу жүріп жатыр, әзір біз де анық-қанығын білмейміз. Жарақат алған оқушы биыл 9-сынып бітіріп жатыр", - дейді облыстық білім басқармасы баспасөз хатшысы.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сол күні 15 жастағы бозбала пышақ жарақатымен ауруханаға түскен. 

- Алға аудандық ауруханасының қабылдау бөлімініне 15 жастағы тұрғын жеткізілді. Оны реаниматолог, хирург қарап шықты. Басын, кеуде тұсын, іш құрылысын КТ-ға түсіріп, тексеруден өткізді. Ол аурухананың хирургия бөліміне жатқызылды. Алдымен жарақаты тігіліп, таңылды. Қазір науқас ем қабылдап жатыр. Ал бүгін рентгенге түсірді. Ауыр жарақаты жоқ, отаны қажет етпеді. Науқастың жағдайы тұрақты, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі.

Құзырлы органдағылар тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат жариялауға жатпайтынын айтты.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *