Жастарды құмар ойыннан сақтандыру – қоғамның ортақ міндеті

Жаңалықтар
view 22
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Астана қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы №63 мектеп-гимназияда жас ұрпақтың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында маңызды шара өтті. Қазақстан жастары арасында кеңінен тарала бастаған қауіпті құбылыс – құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу мәселесіне арналған дәріс оқылды, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі. 

Дәрісті Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, профессор Гүлнар Балабекқызы Исламжанова және психология ғылымдарының кандидаты, профессор Ж.К. Аубакирова өткізді.

Олар құмар ойындардың адам психикасына, мінез-құлқына, отбасылық және әлеуметтік жағдайына тигізетін кері әсерлерін жан-жақты түсіндірді. Лудоманияға тәуелділікке бой алдырған адамның өмірінде мынадай теріс әрекеттер жиі кездеседі:

 • Оқу мен жұмыстан алшақтау. Жастар сабаққа көңіл бөлмей, уақытын ойынға арнайды.

 • Қаржылық шығын. Тәуелділік адамды қарызға батырып, отбасына материалдық ауыртпалық әкеледі.

 • Психологиялық күйзеліс. Құмар ойынға әуестік адамды мазасыздыққа, ашушаңдыққа, күйзеліске ұшыратады.

 • Әлеуметтік оқшаулану. Жастар жақындарымен қарым-қатынасын үзіп, қоғамнан алыстайды.

 • Қылмыстық әрекеттерге бару қаупі. Кейбір жағдайда ойынға тәуелді адам қаражат табу үшін заңсыз жолдарға барады.

Осындай мысалдар арқылы лекторлар оқушыларға лудоманияның тек жеке адамға ғана емес, бүкіл отбасы мен қоғамға тигізетін салдарын түсіндірді. Сонымен қатар, жастарды бос уақытын тиімді өткізуге, спортпен шұғылдануға, шығармашылыққа ден қоюға шақырды.

Дәріс барысында оқушылар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, пікір алмасты. Шара интерактивті форматта өтіп, жасөспірімдердің қызығушылығын арттырды.

Іс-шараны ҚҚ «Қазақстан Экологиялық қоры» мен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті бірлесіп, «Қазақстандағы лудоманияны интегративті зерттеу және оны азайтудың көпсалалы стратегиялары» жобасы аясында ұйымдастырды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Жастардың санасын улап, олардың болашағына қауіп төндіретін құмар ойындардан сақтандыру – тек білім ордаларының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Осындай дәрістер жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беріп, оларды саналы таңдау жасауға жетелейді

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *