Жастардың тең жартысы Қазақстанды жек көреді - депутат Зайытов
Фотосурет: t.me/askerenews
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақстанның болашағына алаңдап отыр. Айтуынша, елде ертеңге деген тұғыр, темірқазық жоқ, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ әшкере каналына сілтеме жасап.
"Мынадай идеологиямен осындай мемлекет құрамыз деген ұстанымды әлі күнге айқындамадық.", – дейді ол "Айрандағы" әріптестерге берген сұхбатында.
Зайытов бастапқыда президент Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан" идеясына үлкен сенім артқанын айтады.
Алайда, бүгінде көпшілік "Жаңа Қазақстаннан" күдер үзе бастаған, себебі ондағы "жаңа" деген сөзге қоғам күмәнмен қарайды.
"Қазақстан – жалғыз, бірақ жаңару идеясы өзекті еді. Егер шынымен жаңашылдыққа ұмтылсақ, қазіргіден әлдеқайда жедел қимылдауға болар еді. Алайда терминологияның өзі сұйылып кетті", – дейді депутат.
Бұдан бөлек басқа да маңызды бағыттар орындалмаған күйі, орта жолда қалған. "Қазақ мемлекетін құрамыз дейміз, бірақ ұлт жанашырлары сотталып жатыр. Тұран одағын құрамыз дейміз, бірақ әлі күнге дейін ауызбірлік жоқ", - дейді Зайытов.
Оның пайымдауынша қазіргі жастардың тең жартысы Қазақстанды жек көреді, Қазақстанда қалғысы келмейді.
Бұл ахуалға үкіметтің сылбырлығы себеп болып отыр. Сөй деген Зайытов: "Ұсыныстарымыз іске асса, ілгерілеу болатын еді. Министрлер "жарайды" дейді де, із-түзсіз кетеді", - деп қынжылып отыр. Депутат сөз арасына Путинді де қыстыра кеткен екен.
Пікірлер (0)