Жабыққан жанға жігер берген
Редакция таңдауы
115
Астанада Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне арналған «Autism Talks: ерекше балаcы бар отбасылардың жігер берер оқиғалары» атты мотивациялық кездесу өтті. Аталған жиында ерекше оқиғалар баяндалды.
Дәстүрлі үрдіске айналып келе жатқан бұл кездесуде дамып-жетілуінде ерекшелік байқалған балалардың 200-ден аса ата-анасы және олармен жұмыс істейтін мамандар қатысты. «Болашақ» қорының ұйымдастыруымен өткен «Аutism Talks» алаңында ата-аналар аутизм диагнозы қойылған балаларын қоғамға бейімдеу, оқыту және шығармашылық талантын дамыту бағытындағы тәжірибелерін бөлісті. Шарада аутизмі бар балалардың ата-аналарына арналған қауымдастық құру қажеттігі айтылды.
– 2008 жылдан бастап жыл сайын 2 сәуірде бүкіл әлемде әртүрлі ақпараттық науқандар мен акциялар өтеді. Онда аутизм мәселесі талқыланады. Жұртшылықты ақпараттандыру бастамасы барлық деңгейде қолдауға ие. Әлем елдерінің басшыларымен қатар ел Президенті де бұл күнді назардан тыс қалдырған емес. Сонымен бірге «Autism Talks» алаңына «Аmanat» партиясы «Кедергісіз келешек – Будущее без барьеров» партиялық жобасы аясында жыл сайын қолдау көрсетіп келеді. Аутизм туралы ақпараттандыру шеңберінде «Болашақ» қоры 2023 жылғы сәуірде бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлап отыр, – дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.
Ресми деректерге сүйенсек, қазір елімізде 9 мыңнан аса аутизм бар бала тіркелген, ал бейресми деректерде ондай балалардың саны 30 мыңнан асады. «Autism Speaks» халықаралық ұйымының деректері бойынша 2020 жылы әлемдегі әрбір 54-балаға аутизм диагнозы қойылған. Аутизм белгілері ерте балалық шақта байқалады және ол жынысқа, нәсілге немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты емес.
Кездесуде «Ерекше бақыт» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, заң ғылымдарының магистрі Светлана Ордабай, балалар психиатры Татьяна Дегтярь, «Болашақ» қорының үйлестірушісі Айнұр Нұрова және «Autism. Қолжетімді орта» қайырымдылық қорының, «Қамқор әке» аутизмі бар балалардың әкелер қауымдастығының басшылары сөз сөйледі.
«Болашақ» қорының басшысы Динара Ғапланның айтуынша, «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы шеңберінде аутизммен ауыратын 700-ден аса балаға қолдау көрсетілген.
– Жоба аясында қор бүкіл Қазақстан бойынша 70 мамандандырылған оңалту мекемесі мен кабинетін ашып, жабдықтады. Оның ішінде Қазақстанның 22 қаласында 46 инклюзияны қолдау кабинетін аштық. Жоба ерекше білім беруді қажет ететін 2 мыңнан аса баланы қамтыды. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 700-ден аса бала мектеп табалдырығын аттап, құрдастарымен бір партаға отырды. Ол балаларды бұрын мектептерге және арнайы сыныптарға да алмаған. Енді олар қор жұмысының нәтижесінде барлығымен тең дәрежеде мектепке барып, білім алып жүр. Біздің қордың бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы оқу бағдарламалары да әзірленді, яғни әр бүлдіршіннің ерекшелігіне қарай білім беріледі, – деді Д.Ғаплан.
«Ерекше бақыт» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, заң ғылымдарының магистрі Светлана Ордабай ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары заңды құқықтарын білудің маңыздылығын ескертті.
– Ерекше балалардың ата-аналары аутизмге қатысты қоғамдық түсінікті бірге өзгертуге күш жұмылдырмасақ және мемлекетке өз өтінішімізді заң аясында жеткізе білмесек, ешқандай нәтиже болмайды. Заң талаптарындағы ең маңызды нәрсе – нақты нені өзгерткіңіз келетінін біліп, соған сай нақты мақсат пен талап қою қажет, – дейді ол.
Баласына аутизм диагноз қойылғандардың бірі – Қазыбаевтар отбасы. Бұл отбасы баласын қоғамдық ортаға бейімдеу үшін арнайы бағдарлама әзірлеген. Оның нәтижесін көрген ерлі-зайыптылар өзгелерге де көмектесу мақсатында орталық ашқан.
– Біздің орталықта 15 маман жұмыс істейді. Бүгінге дейін 2 мыңнан аса балаға диагноз қойылған. Орталықта 35 бала оңалтудан өтіп жатыр. Қазір аутизммен ауыратын балаларға қоғам ыңғайлы болып келеді. Осыдан 15 жыл бұрын менің балама осы диагноз қойылғанда қоғам мүлдем дайын емес еді. Барлығы менің баламның мектепте оқығанына қарсы болды. «Далаға шығарма, мектепке берме, үйде отырсын» деп шектеп ұстатуға тырысты. Бірақ біз жұбайым екеуміз баламен басқаша жұмыс істейміз деп шештік. Осы өз жолымызбен жүріп, жетістікке жете білдік. Оған қуаныштымыз. Осыдан кейін көпшілік бізден көмек сұрап келді. Сұраныс көп болған соң, амалсыз орталық ашуға тура келді, – деді Сара Қазыбаева.
Ал тағы бір ата-ана Лаура Илешбайқызы бұл жиын жабығып жүрген жандарға еркеше жігер бергенін айтады.
– Мен бұл талқыға ата-ана әрі спикер ретінде қатыстым. Байқағаным, аутизмге қатысты қазақ тілінде ақпарат аз. Сондықтан біз басымдықты қазақ тіліне бердік. Және бұл жолы аутизмге қатысты мықты кітаптар қазақ тіліне аударылғаны қатты қуантты. Бұл талқы тек Астана қаласын қамтып қойған жоқ, еліміздің әр өңірінен келіп қатысқандар бар. Талай қилы тағдырлар айтылды, арасында жылап та алдық. Расында, жиын әсер берді, жігер сыйлады. Мұндай диагнозы енді анықталған ата-ана үшін мол мағлұмат айтылды, бәріміз де көп нәрсе түйіп қайттық. Бұл жолғы жиынның тағы бір ерекшелігі – әкелер де көп болды, – дейді ол.
Іс-шарада аутизм дертімен ауыратын балалармен жұмыс істейтін ата-аналарға білікті мамандар кәсіби кеңес берді.
Ал ерекше балаларды мемлекет әрдайым ескерусіз қалдырған жоқ. Мәселен, 2019 жылы Мемлекет басшысы Үкіметке қамқорлығында мүмкіндігі төмен балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлуге тапсырма берген-ді. «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз», деген еді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке осы мақсатта үш жыл ішінде кемінде 58 млрд теңге бөлуді тапсырған.
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)