Жол үстінде 88 жыл
Редакция таңдауы
456
Адам өмірі туған жылы мен қайтыс болған жылының ортасында тұратын дефиске пара-пар болса, сол өмірге келгендегі мақсат – дефисті мәнге толтыру екен. Ал Ақмола облысының арда азаматы болған Тұрсынбек Кәкішевтің «Жол үстіндегі» 88 жылы мәнге толы болды ма? Бұл сұраққа ауқымды зерттеу жұмысы ретінде танылған 15-тен астам кітабы мен табан мен қалам тоздырып жазған 5-ке жуық сапарнама кітабы жауап бола алатын сияқты. Бұған Кәкішевті ұлағатты ұстаз деп танитын қаншама арда азаматтарды қосыңыз. Ол ғылымның «маңмаңгері» ғана болған жоқ, тәлімді әке, жанашыр жар, сәулелі дос та да бола білді. Ал бұған дәлел сұрасаңыз, ол туралы жазылған қаншама естеліктер менмұңдалайды.
Тұрсынбек Кәкішевтің зерттеу жұмыстары, шығармашылығы том-том болып бір алып тауды құрайды. Ал Кәкішев еңбектері туралы зерттеулер де бұдан қалыспақ емес. Сондықтан ғалымның азаматтық қыры мен қайраткерлігі жайлы толқын болып толқып жатқан сөздерінен сөзмаржанын теріп көрсек.
Тұрсынбек – тау тұлғалы ғалым. «Сұрау белгісі (?) – барлық ғылымдар кілті» деп француз жазушысы Бальзак айтқандай, Кәкішевті ғылым теңізіне түсірген де – «Білсем, әрі білсе екен» деген көңіл қайығы. Әрі Хәкім Абайдың «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады» деген сөзіне Тұрсынбек ғалым ғиззат еткендей. Себебі зерделі зерттеушінің ұстанымы берік, мінезі өмірдің қай қалыбына болсын сыйып кететін. Әрі
«Қарағайға қарсы келген бұтақпын,
Балталасаңда айырылман.
Сыртым – құрыш, жүзім – болат,
Тасқа да салсаң майрылман», – деген Ақмамбердінің мінезі Кәкішевтің болмысында да бар еді. Ол 1956 жылы тіліміз тығырыққа тығылып, тұсауланып тұрған шақта «Тіл мәдениеті» деген мақала жазды. Мақала – Ана тілінің мемлекеттік мәртебесін күшейту, жоғарғы оқу орындарында қазақ бөлімін ашу туралы. Сол тұста тілдің тағдырын «қоздаймын» деп, өз тағдырын «қозғап» алар еді ғой. Сондағысы өз өмірінен ұлт ісін биік қойып, батырлыққа салғаны емес пе?! Егемен ел болып, еңсеміз тіктелген шақта 2013 жылы Көкшетауда Абылайханның 300 жылдығы аталып өтті. Сол мерейтойда сөз Тұрсынбек Кәкішевке беріліп, Абылай туралы біршама тоқтала кетіп, тура алдында отырған мемлекеттік хатшы Марат Тәжинге қарап «Әй, Марат, сендер қала күнін Астана қаласында дүркіретіп өткізгенде сондайсыңдар, Абылайдың тойын Астанада тойлауға жарамай қалдыңдар ма?» – деген екен. Кәкішевтің осы сынды тура сөзін тауып айтып, шындықтың шымылдығын ашқан сәттері көп. Бір сөзінде «Елбасы... Неге ол кiсi алыс-жақын шетелдерге барғанда қазақша сөйлемейдi? Қазақшадан тiкелей ағылшыншаға, немiсшеге, французшаға аударатын әлi күнге дейiн бiр аудармашы дайындай алмай отырмыз ба? Басқа-басқа, арабшаға аудара алатын мамандар жеткiлiктi ғой. Осындай ащы ойларымды ашық айтып жүргенiм отбасыма да оңай тиiп жатқан жоқ. Өткенде бiр сұхбатымнан кейiн университетте iстеп жүрген қызыма да, әйелiме де «мына шал қоя ма, қоймай ма?» дегендей зығырданы қайнап телефон шалған адамдар болыпты. Мен неге қоямын?», – дегені бар. Осылайша Кәкішев Керей мінезіне салып, шындықтың туын көтеріп өмірден өтті емес пе? Тілдің жоғын, елдің мұңын, өткеннің өткелін, бабалар мұрасын жоқтап, мәңгі өшпес тарих бетіне жазып кетті. Демек, Тұрсынбек те тірі.
Кәкішев сөзінен рух алып, қаншама істер де жасалған. Қамал алатын жасқа жеткен Ғабиден деген жігіт Кәкішевпен кездесіп қалған деседі. Жігіт ғалымды танып, тамыры тереңде жатқан ұзақ әңгіменің ұшын шығармақ болып «Тұрсеке, Сәкен мен Сәбитті көп жазғансыз. Сатқындықтары жайлы халық ауызында біраз әңгіме бар. Сіз ұлтым деген адамсыз. Бұл не қылған парадокс?», – деп сұрақ қояды. Сонда «Тұрсекең» қабағын түйіп «Әй, шырақ, мен мұны барлық жерде айтып жүрмін. Тағы да айтайын. Сәбит те, Сәкен де коммунистiк идеологияға сенген. Жеке адамның сенімі туралы бірдеңе деу адамдығымызға жат емес пе? Егер олар сатқын болса, өздері орнатқан өкiметтен өздері атылып кетер ме еді? Қазiр сен де, мен де, өзгесі де «Сәбит бүйтіп айтқан, сүйтіп айтқан» дей берсек не болмақ? «Алаш Орда» қозғалысына қатысқандардың бірі – Сәбит. Қозғалыс туралы бір қозғам хабары жоқтар небір нәрсені айтып жатады. Тарихты неге оқымайсыңдар?», – деген екен. Сөзін бірден жалғап «Өзің не істеп жүрген баласың?» деп сұрақтың астына алады. Жігіт мемлекеттік қызметте істейтінін айтып, бір айлықтан бір айлыққа күн көріп, мемлекетке көңілі толмай, бабалар ізі тұнған өткенді ғана аңсап жүргенін айтады. Сонда ғалым «Бүгінде кедей ел кім? Баяғы біздер-қазақтар. Өзіңдей ел жүгін көтерер азаматтар еңсесін көтермесе, әрине, осылай болады!» деп қайрап жіберген деседі. Екеуі жол үстінде 30 минут тілдесіп, тарқапты. Тұрсынбек Кәкішевпен сөйлескеннен кейін Еділбек құрт, қымыз, сүт сататын үлкен дүкен ашып, ел ісіне бел шеше кірісіп кетіпті. Мұны тұяғына тарих сінген «Тұлпар» жайлы ізденістен білдік.
Ғалымның іздемпаздығына шек жоқ еді. Инженерлікті арман тұтса да, сөз саласының сағасына түскені – осы іздемпаздығының көрінісі емес пе? Ғылымға жан-тәнімен берілгенін үзеңгілес досы, академик Зейнолла Қабдолов «Туу, қалыптастыру тарихын зерттеуге Т.Кәкішев өзінің саналы ғұмырын түгел арнап келеді. Сарыла ізденіп, жалпы жұртқа беймәлім көл-көсір көп материалды түп-төркінінен қопарып, қағып-сілкіп, ақтарып-төнкеріп, екшеп-сұрыптап, нәтижесінде біздін әдеби-көркем сынымыздың туу, калыптасу, даму тарихына арна болар өзек жасап, оның кемерін кейде сарғыш, кейде көгілдір (кейде лайсан, кейде таза) толқынмен толтыруы және сол толқынды көп жағдайда бір өзі білек сыбана жалынан сүйреп, сонау жылап аққан жіңішке бастауынан мынау сарқып кұяр кең сағасына қарай жылжытып әкеле жатуы – айтарлықтай үлкен еңбек», – деп жеткізеді. Мұның бәрі Кәкішевтің сөзге ғашықтығы, ақпаратқа ынтықтығынан ғой деп те ойлайсың. Ізденіссіз адам ғалым болмайды ғой. Ғалым Тұрсынбек Кәкішев «Сұңқар Сәкеннің» өзі мен еңбегін зерттегені көпшілікке мәлім. Соның ішінде тасада қалып қоятыны – эпикалық жырлар туралы еңбегін зерделегені. Ол Сәкен Сейфуллин тұжырымдаған бір топ жырлардың «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Ер Сайын», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Қыз Жібек» т.б. идеялық мазмұнын өзгеше өреді. Демек, Кәкішев – фольклорист. Кәкішевтің ұстанымы Сократтың «Менің білетінім – менің білмейтінім» деген ұстанымымен тең. Мұны «Кішкене ғана мәліметтің мән-жайы құлағына шалынса, бар шаруасын тастап, жолға шығып кететініне, сөйтіп, айлап жүріп, «еңку-еңку шер шалатынына, қоңыр салқын төске алатынына» әбден құрсан болатынбыз», – деп ағыл-тегіл сырын ақтарған шәкірті Бауыржан Омарұлының сөзінен байқауға болады. Тіпті бұл туралы өзі де «Ел-жұрт білсін деген көңіл мені қалың бейнетке салды», – деген болатын.
Кәкішев – заңғар тұлғалардың әр қырын бойына жинаған заман тоғысы. Оның болмысында Махамбеттің «батырлығы», Алаштықтардың «елдікке деген махаббаты», батырлардың «кесіп түсер қылышы», Ахметтің «ізденісі», Бейімбеттің «өткірлігі», Жүсіпбектің «жазу стилі», өзі зерттеген Сәкеннің «сырбаздығы» бар. Қажымұқанның күші Тұрсынбектің қаламына берілген іспетті. Себебі аумалы-төкпелі заманда қаншама зиялы қауымның еңсесі басылып, діттеген межесінен айырылған сәттері болды. Махамбеттің «батырлығы» Мұқағалидің «мұңына» айналып кетті емес пе?! Сол кезде Тұрсынбек Кәкішевтің өзі де, қаламы да мұқалмады, керісінше, шыңдала түсті. «Ерте ме, кеш пе, бәрі орнына келуі тиіс. Ақиқат дейтін шіркінді қырық жерден аузын құлыптап, қамағаныңмен, көнбейді» деп ақиқаттың ақ таңын соңына дейін күтті.
Ғұмыр ұзақ жол болса, сол жолдағы қию келмей, тігісі қиыспай тұрғанның бәріне көңіл аударып, көрпе төсейтін «пайғамбар» жан. «Істің иесі бір адам болғанмен, оның әрекетінен әртүрлі соқпақ тарамдайды» деген сөзімен-ақ, қоғам үшін жауапкершілік алған. Адамды қасындағы жарынан артық кім таныған? Кәкішевтің аяулы жары Күләш Ахмет болмысы жайлы «Оның жарқын бейнесі, тау тұлғасы, әдемі қалжыңы. Кез келген тақырыпта көсілетін терең білімі. Сарқылмаған шешендігі. Сол айнымай кеткен асыл қасиеттерінің көлеңкесін менің қасымда қазық етіп қағып кеткен сияқты. Мен солай сезінемін. Ол менің күнделікті тірлігіме үлкен қуат, жігер-қайрат береді», – депті. Тұрсынбек Кәкішев – сыншы. Әдебиетте сыншы болғанымен, өмірде адамдарды сынап-мінеуден бойын алшақ ұстайтын арда азамат. Оны 1999 жылы «Қазақ елі» газетінде жарияланған «Шоқынған қазақты да шеттетпейік» мақаласынан көре аламыз. Мақалада шоқынған қазақтар туралы бірер мәлімет беріп, тұрмыс-тіршілігінің қазақы екенін, нанымдарының ислам дінінен өзге екенін айтып, сынаудан аулақ болайық дегенді жеткізеді. Соңында мәселенің шешімін ұсынады. Қазақтың рухани байлығына ие болатын бір орталық жасау мәселесі көтеріп, сын бар болсын, әрі шын болсын деген ұстанымын елең еткізеді.
Тұрсынбек Кәкішев саяхаттауды өмірдің өзегін тану деп ұққан жиһанкез де болған. «Атың барда жүріп жер таны, асың барда беріп ел таны» деген қазақтың осы бір мақалы Кәкішев көлеңкесінен суырылып түсіп қалғандай. 80 күн ішінде 30 мың шақырым жол жүріп, қазақ даласының Батысы мен Шығысына табан тірегені, тіпті, Львов пен Сахалин аралығында тарихтың ізі жатқан қаншама жолды басқаны, Кавказдың арғы беті мен бергі бетін белгілеп, Қырымның алтын алқаптарын ақтарғаны Кәкішевтің азаматтық қырын аша түседі.
Кәкішев туралы зерттеп, ой қозғаған кезімде санамда бір сөйлем қайталана берді. Ол сөйлем – «Бәрін ойға аламын, бәріне айналамын». Тұрсынбек Кәкішев – шынымен де бәрін ойға алған, бәріне айналған заңғар тұлға.
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)