Жол апаты: қазақ руханияты орны толмас қазаға ұшырады

Жаңалықтар
view 932
news

Фотосурет ашық дереккөзден

Қазақ руханияты тағы бір асыл азаматын жоғалтты. Белгілі ақын, айтыскер, күйші, шежіреші, зерттеуші Кәдірхан Қизатұлы жол апатынан қайтыс болды. Қаралы хабарды ақын Ұларбек Нұрғалымұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді. Бұл туралы JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі хабарлады.

Ұларбек Нұрғалымұлы марқұмның болмысын тебіреніспен еске алып, оның ел ішіндегі орны бөлек азамат болғанын жазды. Оның айтуынша, Кәдірхан Қизатұлы Қытайдағы қазақ айтысының ірі өкілі ғана емес, сол мұраны жоқтап, түгендеп жүрген жанашыр жан еді. Ол күй де тартты, шежіре де шертті, сөздің де нарын сөйлетті. Өз айналасындағы талант атаулының қадірін біліп, жақсысына сүйсініп отыратын кең жүректі адам болған.

Қайғылы жағдай қалай болған

Желіде тараған мәліметке қарағанда, Астанадан Алматыға қарай шыққан автобус таң алдында жол жиегінде тұрған жүк көлігіне соғылған. Алдын ала жорамал бойынша, жүргізуші қалғып кеткен болуы мүмкін. Осы жол апаты салдарынан бірнеше адам жарақат алып, Кәдірхан Қизатұлы дүние салған.

Қаралы хабарды алғаш жеткізген Ұларбек Нұрғалымұлы сол сәтте марқұмның мәйіті әлі Астанаға жеткізілмегенін де жазған.

Жаназа Қосшыда оқылады

Кәдірхан Қизатұлы соңғы жылдары Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында тұрған. Алдын ала мәліметке сүйенсек, жаназа намазы Қосшыда оқылады. Нақты уақыты кейінірек хабарланбақ.

Кәдірхан Қизатұлы кім еді?

Кәдірхан Қизатұлы 1963 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданындағы Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданына қарасты Сары Еміл фермасының Майлытау өңірінде малшы отбасында дүниеге келген.

1980 жылы орталау мектепті бітірген соң еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 1980-1995 жылдары бастауыш және орталау мектептерде әдебиет пәнінен сабақ берді. Ал 1995-2014 жылдары Дөрбілжін аудандық мәдениет үйінің директоры қызметін атқарды. 2014 жылы зейнетке шыққан.

Шығармашылығы мен өнердегі орны

Кәдірхан Қизатұлы 1980 жылдан бастап үш жүзден астам өлең-толғау, оннан астам поэма жазған қаламгер.

Ол — «Қарымжы», «Қайран, дәурен» атты айтыс және жыр жинақтарының авторы. 1986-2006 жылдар аралығында «Танымал айтыскер», «Өлке дәрежелі айтыскер», «Тарбағатай аймағына еңбегі сіңген айтыскер» секілді атақтарға ие болған.

Сонымен бірге, ол дәулескер күйші ретінде де танылды. Репертуарында өз шығармаларымен қатар халық күйлері де мол болған.

Атажұртқа оралғаннан кейін

2016 жылы тарихи Отанына қоныс аударып келгеннен кейін де Кәдірхан Қизатұлы шығармашылықтан қол үзген жоқ.

Осы жылдары ол «Мың бұлақ» жыр жинағын, «Қытай қазақ ақындар айтысы», «Атам айтқан әңгімелер» атты кітаптарды құрастырып, оқырманға ұсынды.

Ол ҚХР мемлекеттік ауыз әдебиеті қоғамының, ШҰАР әдебиет-көркемөнер қоғамының, Іле облыстық айтыс зерттеу қоғамының мүшесі болды. Сондай-ақ Қазақстан авторлар қоғамының да мүшесі еді. Жақында Қазақстан Жазушылар одағының қатарына қабылданғаны да айтылады.

Орны толмас қаза

Кәдірхан Қизатұлы — Қытайдағы қазақ айтысының көрнекті өкілдерінің бірі ғана емес, сол мұраны зерттеп, жинақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттап кетуге еңбек сіңірген тұлға.

Оның қазасы — қазақ руханияты үшін ауыр қайғы, қабырғалы қаза.

Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақын-жуықтарына, өнердегі үзеңгілестеріне және барша қазақ жұртына қайғырып көңіл айтамыз.

Жаны жәннатта, иманы жолдас болсын.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *