«Жол ережесін бұзатындар аз емес»: президент қауіпсіздік мәселесін көтерді
Фотосурет: Zakon.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жол қауіпсіздігі мәселесіне тоқталып өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл – жол қауіпсіздігі. Мен былтырғы Жолдауда бұған арнайы тоқталдым. Әрине біраз шаруа жасалып жатыр. Соған қарамастан көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес, - деді президент.
Оның айтуынша, әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет.

Сондай-ақ электросамокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленгенін, оны көп созбай қабылдау керектігін атап өтті.

Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар, - деп түйіндеді сөзін президент.
Пікірлер (0)