Жүкті әйелдер мен аналар сотталды: Ақтөбеде әділеттілік талқыда
Сурет: видеодан кадр
Ақтөбеде заңсыз онлайн-лотерея ісі бойынша сот үкімі қоғамда үлкен дау тудырды. Қаладағы клубтардың бірінде кассир әрі администратор қызметін атқарған жеті қызға 2 жылдан 6 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы берілді, – деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Тергеу дерегі бойынша, бұл мекеме 2 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Сот қыздарды қылмысқа қатысы бар деп танып, әрқайсысына әртүрлі мерзім белгіледі. Алайда сотталғандардың туыстары шешімге мүлдем қарсы.
Олардың айтуынша, қыздар тек операторлық қызмет атқарған, мекеменің заңсыз екенін білмеген. «Қызым жай ғана қоңырау қабылдап отырды, ешқандай басшылық қызмет атқарған жоқ. Енді кішкентай баласын тастап түрмеге отырмақ», – дейді ашынған ата-аналар.
Қоғамда ерекше резонанс тудырған жайт – сотталғандардың арасында жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар аналардың болуы. Көпшілік: «Бұл шешім әділетсіз, аналарды жазалау – балаларды жетім қалдырумен тең», – деп пікір білдіруде.
Қорғаушылар істі қайта қарауды, қосымша сараптама жүргізуді сұрағанымен, өтініштер қанағаттандырылмаған. Қоғам белсенділері әділ соттың қажеттігін және барлық мән-жайдың қайта қаралуын талап етіп отыр.
Пікірлер (0)