Буллингке ұшыраған балалар психологиялық көмекке зәру
Фото: gov.kz
Ғаламдану процесі жаппай сипат алған мына заманда одан Қазақстанның да оқшау қала алмайтыны белгілі. Әлбетте мұндай үрдістің өзіне тән жетістіктерімен қоса, кемшіліктері де бар. Соның ішінде бұла болып өсіп келе жатқан болашағымыз үшін қауіпті үрдістер де аз емес. Соның бірі – буллинг. Буллингке ересектер де ұшырайды, бірақ салыстырмалы түрде айтсақ, оған ақыл-ойы, мінез-құлқы толып жетілмеген, яғни қалыптасып болмаған жас балалардың тап болып жатуы көбірек. Аталған проблеманың өзектілігіне орай, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет 2023 жылы үш жылдық жоспар қабылдаған болатын. Осы бағдарламаның шеңберінде барлық облыстарда балалар мен олардың ата-аналарына тегін көмек көрсететін психологиялық қолдау орталықтары ашылды, деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
Жалпы, буллингке балалар мен жасөспірімдер ата-анасының қамқорлығынан оқшау қалған, яғни қасында қорғаушысы болмаған кезде – мектеп қабырғасында немесе арнайы және жоғарғы оқу орындарында жүргенде көбірек ұшырайды. Міне, мектептердегі психологиялық қолдау орталықтары осы проблемаларды шешу үшін құрылды. Оларда психолог мамандар жұмыс істейді. Мұндай кезде психологтар жәбірлеуге тап болған баланың ата-анасымен, мұғалімдерімен бірлесіп әрекет еткен. Ал мәселе тіпті шектен шығып бара жатса бұл проблеманы шешуге құқық қорғау органдары араласады.
Тағы бір айта кететін жайт, мектеп психологтары қаншалықты білгір, тәжірибелі болғанымен, буллингке тап болған баланың оған деген сенімі нық болмаса, ішкі жан сырын ашпайды. Өйткені күйзеліске түскен жан көлденең маманның емес, ең алдымен жақын адамының жанашырлығына, түсіністігіне зәру. Жапа шегуші тек сенген адамына ғана шын сырын ашып айтады. Содан қолдау күтеді. Сондықтан, жапа шегушінің ішкі күйзелісін нақты біліп, проблемасын анықтап, тығырықтан шығарудың жолын табу үшін кәсіби психолог маманмен бірге оның ата-анасы да бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Сонымен қатар, баланың ойын бөлмей, толық ашылып сөйлеуіне жағдай жасау керек, әрі психолог маман оған шын жаны ашығандығын анық сездіруі тиіс. Баланың ішкі дүниесі мен мұқтаждықтарына мән беріп, оның тұлғалық болмысына жете көңіл аударған дұрыс. Буллингке ұшыраған бала мен кәсіби көмек көрсетуші маманның арасында өзара түсіністік орнап, сөздері үйлескен жағдайда ғана аталған проблеманы шешуге болады.
Пікірлер (0)