Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес
Фото: ашық дерекөзден
Ұйымдасқан қылмыс – кез-келген қоғамның тыныштығына, мемлекеттік қауіпсіздік пен заңды тәртіпке қатер төндіретін ауыр мәселе. Қазақстанда қылмыстың бұл түрінің уақыт өткен сайын қалай дамып, өзгергенін нақты деректер мен оқиғаларды салыстыру арқылы көре аламыз. Тақырыпты талдау барысында 90-жылдардың басында басталған қылмыстық топтардың үстемдігі мен қылмыстық әрекеттердің даму үрдісі күрделене түскендігі анық байқалады, деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі журналистік зерттеуінде.
1990 жылдардың басында ұйымдасқан қылмыс негізінен қарақшылық, ақша бопсалау, адам ұрлау сияқты қатігез әдістерді қолданды. Алайда, 2000 жылдардан бастап қылмыстық топтар одан экономикалық қылмыстарға көшіп, рейдерлік, контрабандалық әрекеттер жасап, қаржы пирамидаларын құрып, ірі көлемде және салдары сойқан қылмыстар жасауға ойысты.
Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыс өзінің ауқымын кеңейтіп, мемлекет меншігін ұрлау, экономикаға ықпал ету үшін билік тармақтарына орналасып, түрлі салаларға еніп жатыр. Мамандардың айтуынша, қазір олар виртуалды алаңдарды жаулап алуға тырысып бағуда. Сонымен қатар, коронавирус пандемиясы кезінде қылмыстық топтар жаңа әдістермен жұмыс жасап, киберқылмыстарға белсенді араласқан. Бұл да қауіпсіздік пен тәртіпке жаңа қауіптер тудырды.
Қазақстандағы қылмыстық топтардың ұзақ жасауына және көп уақыт бойы жазадан аман қалуына құқық қорғау органдарының ішіне дендеп еніп алған сыбайлас жемқорлық мәселесі себеп болады. Бұл келеңсіздік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресуге көп қиындықтар туғызды. Қылмыстық топтардың жоғары лауазымды шенеуніктермен байланысы, олардың қорғауына ие болуы құқық қорғау жүйесінің нәтижелі жұмыс істеуіне кедергі келітрді. Мысалы, ІІМ-нің бұрынғы басшылығы ұйымдасқан қылмыспен күресетін бөлімшелерді таратып, қылмыстық жағдайдың нашарлауына жол берген.
Қазіргі кезде елімізде ұйымдасқан қылмыспен күресу үшін арнайы бөлімдер қайта құрылып, олардың жұмысы күшейтілуде. Мәселен, 2020 жылы ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментін құрылып, сонымен қатар адам саудасына қарсы күрес бөлімшесі қайта жасақталды. Бұл шаралар ұйымдасқан қылмысты тоқтату үшін қажетті қадамдар болып табылады.
Жалпы, Қазақстандағы ұйымдасқан қылмыстың тарихы түрлі кезеңдерден өтті: бір кездері олар қарақшылықпен және тонаумен айналысса, кейіннен экономикалық қылмыстарға ауысты, ал бүгінгі күні үлкен мафияларға айналып отыр. Мұндай қылмыстық топтар өздері басқаратын салаларды кеңейтіп, ықпалын арттыруға тырысады. Осылайша, билік пен экономикаға өз дегендерін жүргізуді көздейді. Ұйымдасқан қылмыстың осындай ерекшеліктеріне байланысты құқық қорғау органдарының жұмысы уақыт өткен сайын күрделеніп, онымен күресу мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бұл проблемадан дамушы елдер де, экономикасы дамыған, демократиясы жетілген алпауыт елдер де ада емес. Тек оның себебі мен салдары әр елде әртүрлі сипатта өрбіп жатыр. Сондықтан мұны тек Қазақстанның ғана басына түскен нәубет деп қабылдамай, оған қарсы нақты жағдайға байланысты әрекет еткен абзал.
Пікірлер (0)