Ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін әлеуметтік және экономикалық факторлар

Қоғам
view 111
news

Фото: ашық дереккөзден

Экономика мен қауіпсіздік бір-бірімен тығыз байланысты және бұл екі фактор мемлекеттің болашағы үшін өте маңызды. Экономикалық қауіпсіздіктің сақталуы ұлттық қауіпсіздіктің барлық құрамдас бөліктерінің қорғалуына әсер етеді, яғни әскери, саяси және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді, деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі журналистік зерттеуінде.

Бүгінгі күні Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін сақтау мен ғаламданудың теріс әсерлерінен қорғау мәселелері өте өзекті болып отыр.

Экономикалық қауіпсіздік: Бұл – елдің экономикасының тұрақтылығын сақтау, ішкі және сыртқы қауіптерге төтеп беру қабілеті. Экономикалық қауіпсіздік үшін түрлі салалардың тұрақтылығы мен инновация, сондай-ақ ұлттық мүдденің қорғалуы маңызды.

Ғаламдану әсерінің қауіпсіздігі: Ғаламданудың пайдалы жағын қабылдап, теріс әсерлерінен сақтану маңызды. Ғаламдану әлемдік экономикалық байланыстарды тереңдетсе де, дамушы елдер үшін бұл үрдіс тәуелділік пен ұлттық мүдделерді қорғау қажеттілігін арттырады.

Қазақстанның шикізатқа бай болуы, бірақ экономикалық дамуының тек шикізат экспорттаумен шектелуі, оның ғаламдану ықпалына тәуелділігін күшейте түседі. Экономикадағы монополия, инфляция, сыртқы қарыздар, технологиялық артта қалушылық және жемқорлық сияқты қатерлер еліміздің даму болашағына зардабын тигізеді.

Мемлекет дамуы үшін шағын кәсіпкерлік пен ұлттық өндіріске қолдау көрсету аса маңызды. Ол экономиканың орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады. Сондай-ақ Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғаудағы басты мәселе ретінде трансұлттық корпорациялардың қарқыны мен олардың отандық бизнестің бәсекелестік қабілетін шектеудегі кері ықпалына аса сақтықпен қарау керек.

Одан бөлек, экономикалық жағынан да, адам саны жағынан да бізден анағұрылым үлкен көршілермен қарым-қатынас жасағанда Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғауға және ғаламдану дәуіріндегі экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған позицияны берік ұстану шарт. Ол үшін алпауыт елдермен, әсіресе империялық пиғылдан әлі де арыла алмай жүрген елдермен аймақтық, шекарааралық интеграция жасаған кезде мемлекет мүддесіне аса абай болу керек. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, әрбір геосаяси басқыншылық ең алдымен экономикалық қысымдар арқылы жүзеге асырылатынын ескерген жөн.

Қорыта айтқанда, экономикалық қауіпсіздік тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығы үшін де өте маңызды. Бұл процестерді терең зерттеу және тиімді стратегиялық шаралар қабылдау қажет, сонда ғана Қазақстанның экономикалық дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін болады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *