Ақтөбеде ұлттық спортты ұлықтаған «Салбурын» мерекесі өтті
Фотосурет: gov.kz
«Сыбаға» этнофестивалінің үшінші күнінде құсбегілер, көкпаршылар және асық атушылар, жалпы саны 100-ден аса спортшы бас қосып, дәстүрлі ұлттық спорт түрлерін біріктіретін «Салбурын» мерекесіне жиналды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл күні ақтөбеліктер мен қала қонақтары саятшылық өнері мен жаңғырған көне ойындарды тамашалады, жүгірген құмай тазы мен қоян алған бүркіттің қырағылығына тәнті болды. Ат жалын тартып мінген шабандоздар қазанат баптап, жаппай көкпар шапты.
Жаппай көкпарда 50-ге жуық шабандоз бақ сынады. Арасында аударыспақтан әлем және Қазақстан чемпиондары бар. Құсбегіліктен 8 қатысушы, ал тазылар жарысына 20-ға жуық іріктелген тазы қатысты, - деді облыстық ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Азат Жөкен.

Құсбегілік сайысының жеңімпаздары:
- Жакашев Сейлбек – «Ұшар» қыраны/Ақмола облысы;
- Бейсембек Мұхамедәлі – «Бұйрық» қыраны/Ақмола облысы;
- Жанарбек Тайбасар – «Кербалақ» қыраны/Ақтөбе облысы.
Сондай-ақ Мәртөк, Шалқар, Әйтеке би және Алға аудандарының командалары ерекше көзге түсті.

Айта кетсек, Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен «Салбурын» сайысы Ақтөбеде екінші рет өтіп отыр. Ауқымды шара өңірдегі ұлттық өнер мен спортты жаңғыртуға үлес қосты.
Пікірлер (0)