Жас балалар өмірден неге түңіледі?

Қоғам
view 120
news

Фотосурет: ашық дереккөзінен

Біздің елімізде суицид оқиғалары жылдан жылға артып барады және ол қазіргі қоғамның ең бір өзекті мәселесіне айналған. Мұндай қайғылы жағдай балалар мен жасөспірімдер арасында тіпті өршіп кеткен. Суицид көрсеткіші бойынша Қазақстан әлем елдері ішінде 20- орында тұр, деп талдамалық материал жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Аталған кеселдің жастар арасында дендеп жайылып бара жатуына не себеп және оған қандай факторлар әсер етеді? Бұған сыртқы жағымсыз факторларға төтеп берелік мінез-құлқы әлі толық қалыптаспаған жас буынның өкілдері жиі тап болады. Сондай-ақ әртүрлі экономикалық, отбасылық және әлеуметтік себептер, тіпті алғашында болымсыз болып көрінетін мәселелер түрткі болуы мүмкін. Мәселен, махаббатта жолы болмаған, тіпті ҰБТ-да көңіліндегідей баға ала алмаған, әйтпесе үй-ішілік жанжалдардан, әлеуметтік қыспақтардан запы болған бойжеткен мен бозбала қайғылы жайттарға ұшырап жатады. Әсіресе 10-20 жас аралығындағы жас қауіпті. Міне, осы кезеңде аса сақ болу керек. 

Психологтар суицидке өмірден әбден түңілген адамдар баратынын еске салады. Мамандар қайғылы жайттардың себеп-салдарын зерделей келе, әлеуметтік жайсыздықтарға тап болған, ата-аналарымен немесе қатарластарымен түсінісе алмаған жастар өмір тәжірибесінің аздығынан өздерін өлімге оңай итере салатындығын айтады. Кәмелетке толмаған баланың отбасындағы жайсыз ахуалы, өздері үлгі тұтқан ата-аналардың арасындағы ұрыс-керіс және өзара жеккөрушілік пен жылы қарым-қатынастың болмауы суицидке себеп болуы мүмкін.

Қазақстан Республикасында суицидтің алдын алуға арналған түрлі психологиялық қолдаулар мен бағдарламалар, жобалар жұмыс істейді. Тегін және құпия түрде көмек көрсететін сенім телефоны мен онлайн-кеңес беру орталықтары қызмет жасайды. Бірақ өмір болған соң, өмірде түрлі жайттар кездесіп жататындықтан аталған проблеманы толыққанды шешгу мүмкін еместігі түсінікті. Үкімет тек оның себеп-салдарын азайтып, алдын алу шараларын жүргізеді.
Өтпелі кезеңде жасөспірімдердің психологиясы ауытқымалы әрі түрлі әсерлерге берілгіш болғандықтан, олардың өскен және өмір сүріп жатқан ортасы, замандастарымен, мұғалімдерімен және ата-аналарымен сыйластық қарым-қатынас орнатуы маңызды. Өйткені адамдар арасындағы өзара құрмет жоғалғанда, бірі-біріне жанашырлық болмаған кезде, әйтпесе ұдайы жеку мен жаратпағандықты сезінген жағдайда әлі психологиясы қалыптаспаған бала өмірден түңіліп кетуі ықтимал. Бұл жоғарыда біз айтқан қайғылы жағдайларға ұшыратуы мүмкін.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *