Қосшы қаласында «Таза Қазақстан» акциясы ағаш егу науқанымен жалғасты

Жаңалықтар
view 918
news

...

Қосшы қаласында бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы «Жасыл аймақ» апталығымен жалғасын тапты. Қаладағы жаңа мектептердің бірінің ауласына әкім бастаған зиялы қауым өкілдері өз аттарынан ағаш егіп, суын құйып игі істің басында болды, деп хабарлайды janabastau.kz. Әр ағаштың қасына оны отырғызған адамның аты-жөні жазылған тақтайша қойылды. Тақтайшадағы арнайы QR-код арқылы талдың иесі туралы толық ақпарат алуға болады.

Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қабдоллаұлы: «Қоршаған ортаны таза әрі ұқыпты ұстау – әрбір азаматтың басты парыздарының бірі. Себебі, табиғат – баршамызға ортақ құнды байлық. Біз ежелден табиғатты аялауға, жақсы көруге үлкен мән берген халықпыз. Сол үшін де атадан балаға жалғасқан игі іс халық арасында өз құндылығын жоғалтқан емес. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" демекші,  көктем шығысымен аумақты көкжелекке айналдыруға атсалысып, тал отырғызуда белсенділік танытқандарыңызға рақмет!» деп алғысын жеткізді. 

Жасы бір ғасырға жақындаған ардагер Нұрқасым Әжітаев ақсақал үлгі болар істе қарап қалмай, білек сыбана кірісіп кеткен белсенді азаматтарға, ұстаздар ұжымына ақ батасын берді. 

«Бүгін Қосшы қаламыздың әкімдігі менің жасымды сыйлап, ағаш отырғызу іс-шарасына шақырған екен. Менің атыма бір шырша арнапты, соны егіп, марқайып тұрған жайым бар. Жас ұрпақ біз көрген соғысты, біз көрген қиындықты көрмесін. Осы әсем талдардай жайқалып өсе берсін! Бір ғасырлық ғұмырымда мен көп қиындық көрсем де, түбінде бейнетімнің зейнетін көріп, көптеген елдерді аралап, Қосшы қаласының құрметті ақсалы деген атқа лайық болу үшін жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген жайымыз бар», - деп атап өтті Нұрқасым ата.

Қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкей «Бүгін бірнеше орынға барып тал егіп, қаламыздың көркейіп, жасыл желекке орануына үлес қосу мақсатымыз. Табиғатты қорғап, оған жанашырлық танытып, тазалық сақтауға қаланың барлық тұрғындары қатысса дейміз. Игі істе белсенді болайық!» деп ауқымды іске атсалысуға шақырды.

«Таза Қазақстан» айлық акциясы тек бір аймен ғана шектеліп қалмай, санитарлық-тазалық жұмыстарымен жалғасын таппақ. 

Қосшы қаласының тұрғыны, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаев та акцияны қолдап, тал егуге қатысты.

«Біздің Қосшы қаласы елордамыздың іргесінде орналасқан жас қала ғой. Жалпы, «Қосшы» деген сөздің өзі бір нәрсеге қосылатын, бір нәрсеге ілесетін, қостайтын деген мағына беретін сөз. Сондықтан елорданың іргесінен қоныс тепкен Қосшы қаласы елордаға сай, елорданың көркіне көрік қосатын, айбынына айбын қосатын, табиғатымен де, тұрғындарының тұрмысымен де, мәдениетімен де Астананың имиджінің қалыптасуына үлес қосатын ерекше қала болатынына үлкен сенімім бар. 

Мен бұл Қосшы қаласына 2010 жылы алғаш рет аяқ бастым. Астананың іргесі болғаннан кейін осы Қосшының тұрғыны болайық деп жер алып, үй салып, тұрып жатқанымызға 15 жыл болып қалды. Сондықтан мен өзімді Қосшы қаласының байырғы тұрғындарының бірімін деп есептеймін. 

Көз алдымызда Қосшы қаласы көтеріліп келеді, көркейіп келеді. Әрбір салынып жатқан құрылыс нысандары, тұрғын үйлер, бәріне куәміз. Мен өзім көршілеріммен өте жақсы араласып тұрамын. Сондағы оларға айтатыным, көшемізге, ауламыздың іргесіне тал егіңіз, ағаш көрік береді. Ол біріншіден желден пана, қыста қардан пана. 

Бүгінгі өтіп жатқан үлкен іс-шараның басталғанына бір айдай болып қалды. Мемлекет басшысының бастамасымен бүкіл ел қолдап жасалып жатқан үлкен шаруа. Егер айналаң, өмір сүріп жатқан ортаң таза болса, жан дүниең де таза болады. Сондықтан таза табиғатты қорғауымыз керек. Бұл біріншеден өсіп келе жатқан ұрпағымызға беретін үлкен тәрбиелік мәні бар шара», деп атап өтті Нұрлан Өнербаев.

Шараға ақын, «Жаңа бастау» газетінің құрылтайшысы Бауыржан Қарағызұлы да қатысып, пікірімен бөлісті. 

«Жалғыз ағаш орман болмайды, жалғыз кірпіш қорған болмайды» деген қазақтың тамаша сөзі бар. Қосшы қаласы жаңа қала, жас қала. Бүгін міне «Нұрай» шағын ауданындағы № 3 жалпы білім беретін орта мектептің ауласына ағаш егу науқанына қатысып жатырмыз. Бұл жерге осы Қосшы қаласының іргесі берік, шаңырағы биік болуына атсалысып, еңбек етіп келе жатқан азаматтар келіп отыр. Өзіңіз қарап отырсаңыз, аз уақыттың ішінде жаңа салынған мектептің алдында шағын орман пайда болды. Бұл ғасырлардан ғасырларға ауысатын естелік. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, бұл ағаштар ертең жайқалып өсіп, болашақ ұрпаққа саялы да мәуелі орман болып өсетініне сенеміз. 

Топырағы құнарлы Сарыарқаға көбірек орман егілу керек. Астананың маңайына айналдыра егілген жасыл белдеу бұдан да аумағы кеңейіп, үлкейе түссе қандай ғажап! Ну орман кішкентай талдан басталатынын ескерсек, бүгінгі акциямыз Қосшыдағы болашақ үлкен орманның бастау деуге болады», деді Бауыржан Қарағызұлы.

Ағаш отырғызу акциясына қатысқан айтыскер ақын, Қосшы тұрғыны Еркебұлан Қайназаров та шараның маңыздылығын жоғары бағалады. 

«Астананың маңайы, Қосшы қаласының гүлденуі тікелей тұрғындарына байланысты. Қай жер, қай ел болмасын, өз халқының еңбегінің, ниетінің арқасында гүлденіп жататыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бүгінгі «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қосшы қаласының әкімшілігі бастаған іс-шараға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бір ағашымызды отырғызып, осы ағаш Алла қаласа осы мектептің шаңырағында өсіп-өніп, саялы болсын деп тілеймін. «Көп түкірсе – көл» демекші, бүгінгі сенбілікте қаламызды қоқыстан тазартып, жас тал егіп жүрген барлық жерлестерге алғысымыз шексіз», дейді Еркебұлан Қайназаров.

Осыдан кейін қала әкімі Гайдар Қабдоллаұлы Қосшы аумағындағы Сарқырама өзеніне барып, ол жерде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен басқа да ведомство өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан сенбілікке қатысты. 

«Өздеріңіз білесіздер, қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бүкіл Қазақстан бойынша «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Бүгін, міне, Экология министрлігі өзінің құрылымдық бөлімшелерімен бірлесіп Қосшы қаласына сенбілікке келіп отырмыз. Төрт топқа бөлініп, үшеуі қаланың ішіндегі аумақты, ал біздің топ, яғни 150 адам осы Сарқырама өзенінің бойын, қалалық жағажай аумағын қоқыстан тазартудамыз», - деп атап өтті ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.

Сонымен қатар, акцияға Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева,  атқарушы директор Илья Сухоносенко, Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Е.С. Кожиков, С. Сейфуллин атындағы Агротехникалық университет пен Тұран-Астана университетінің ұжымы, «Жас Ұлан» тәрбиеленушілері қатысты. 

Сенбілік барысында 112 кг пластик пен 8 кг алюминий және 50 текше метрден астам қоқыс жиналып, олардың барлығы қайта өңдеуге жіберілді.

 

Мақала авторы: Гүлназ Бисен

Фото: Гүлназ Бисен, Ардақ Зұлхажапқызы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *