Адам өлтірген прокурор 1,5 жылға шартты түрде сотталған
Фотосурет: Ашық дереккөзден
Маңғыстау облысында адам өлтірген прокурор 1,5 жылға шартты түрде сотталған Бұл туралы әлеуметтік желіге Айдын Қазыбек есімді қолданушы жазды, деп хабарлайды janabastau.kz.
"Досымды өлтіріп кетті. Қоғам көңіл аудару үшін, менің досымның аты Салтанат болу керек пе еді?
Өлім. Қылмыс. Сот. 1,5 жыл шартты жаза. Расы керек, күттік. Соттың шешімін күттік.
Осыдан 3 ай бұрын досымды өлтіріп кетті. Алматыдан Маңғыстауға жұмыс бабымен ауысқан еді. Білімді, әке-шешесі, жақындары үміт артқан бала. Бар-жоғы бір жылда, Ақтау қаласының салық департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.
2023 жылдың 1 желтоқсан өзім жеке қоңырау шалып құттықтаған едім. Араға 9 күн салып досымды өлтіріп кетті", - деп жазды Айдын Қазыбек.
Автордың айтуынша олар қылмыстық істі билік бақылауда ұстап тұр деп сенген.
"Жақында соттың шешімі шықты. Ұрып, адам өлтірген адамға 1,5 жылдық шартты жаза берді. Өлтірген адам бір ауданның прокуроры еді. Кейінгі уақытпен жұмыстан босатыпты. Бала-шағасына бір пәтер алып беріпті. Құн төлеген болып тұр. Екі баламен қалған досымның жесір әйелінің пәтерге келіскенін қаралай алмаймын. Бір жағынан түсіне де алмаймын.
Әділдік болса дейміз. Адам өлтірген адамның, шартты жаза алуына түбегейлі қарсымын. Түсіне алмаймын. Ақшаң болып, құн төлеп, адам өлтіріп, жазадан құтылып кетуге бола ма? Жаңа Қазақстан деген еліміз осы ма?" - деген автор.
Пікірлер (0)