Financial Times: атом энергиясының тәуекелі жоғары және технологиялық жағынан күрделі
Сурет: Ашық дереккөзден
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда АЭС салу бойынша 6 қазан күні референдум өтетінін ресми мәлімдеді. Енді сол референдумда Қазақстан халқы өз таңдауын жасайды. Аталған мәселеге қатысты Үкіметтің басты аргументі «энергия жетіспейді, АЭС сол энергетикалық тапшылықты жоюға көмектеседі» деген месседж болса, ал халықтың ойында елдің экологиялық қауіпсіздігі бірінші орында тұр.
Кеше Financial Times басылымы британ жерінде салынып жатқан жаңа АЭС-тың проблемаларын жазды. Сегіз жыл бұрын мақұлданған жобаның қиындықтарын Aikyn.kz материалға сүйеніп талдайды, деп хабарлайды janabastau.kz.
Ядролық энергия «тәуекелі жоғары және технологиялық тұрғыдан қиын» деген көзқарас күшейді. Фото c-o-k.ru сайтынан алынды
Жаңа атом электр стансаларын қаржыландыру инвесторлар үшін әрқашан қиын болып келеді. Сомерсеттегі (Somerset) EDF компаниясының Hinkley Point C сияқты ірі электр стансаларындағы үлкен шығындар ядролық энергияны «тәуекелі жоғары және технологиялық тұрғыдан қиын» деген көзқарасты одан ары күшейтті. Дегенмен батыс елдері үкіметтерінің АЭС салуға деген ниеті төмендеген жоқ.
Бұл жерде ескеретін бір жағдай, батыс елдерінде АЭС салуға жекеменшік инвестициялар жұмсалады. Ал Қазақстандағы атом электр стансасы құнының 20-30%-ы Ұлттық қордан алынбақшы.
Сонымен бірге Еуропаның көшбасшы елдерінің атом энергиясынан бас тартуы да атом энергетикасына инвестиция тартуды қиындатып жіберді. 2023 жылдың 16 сәуірінде Германия өзінің соңғы АЭС-ын тоқтатты. Оның алдында Италия да елдегі барлық атом стансаларын жауып тастағаны белгілі. Ал Бельгия, Испания, Швейцария, Тайвань атом энергиясынан толық бас тарту стратегиясын іске асыруда. Мұндай жағдайда батыстық саясаткерлер үкіметтің қатысуынсыз жеке инвестицияларды тарту мүмкін емес екенін кеш болса да түсінді. Ұлыбританияда құрылған жаңа үкіметтік орган (Great British Nuclear) АЭС салуға байланысты тәуекелдердің бір бөлігін бюджет (салық төлеуші) көтеретініне инвесторларды сендіргісі келеді. Сонда да ядролық жобаларды іске асыруға деген инвесторлардың көңілі суып қалған.
АЭС-та радиациялық қауіп қашан да сақталады. Фото environmentbuddy.com сайтынан алынды
Ұзақ жылдарға созылып кеткен, болашағы әлі де бұлыңғыр Hinckley Point C атом электр стансасы да инвесторлардың бұл салаға қаржы құюын тежеп отыр.
Hinckley Point C атом электр стансасы (Hinckley Point C) – EDF компаниясының Англияның Сомерсет қаласында салып жатқан екі блокты 3260 МВт EPR атом электр стансасы. Әр блоктың жобалық қуаты – 1630 МВт.
Бұл АЭС 2010 жылы британдық үкімет жариялаған сегіз нысанның бірі болған еді. Ұлыбритания үкіметі жобаны кейбір инвестициялық кепілдіктермен 2016 жылдың 15 қыркүйегінде мақұлдады. Жобаны француздық EDF Energy және қытайлық China General Nuclear Power Group (CGN) қаржыландырады. Hinckley Point C атом электр стансасының қожайындары осы екі компания, стансаның 66,5% француздардың, 33,5 % қытайлықтардың еншісінде. Стансаның бірінші блогы 2029-2031 жылдары іске қосылады деп жоспарланған.
Қолданыс мерзімі аяқталған АЭС-ты залалсыздандыру мен консервациялауға, радиация сіңіп қалған жабдықтарын утилизациялауға қанша млрд доллар керек екенін қазірден білу керек. Фото certrec.com сайтынан алынды
АЭС жобасын іске асыруда тағы бір «қызықты» мәселе бар. Бұл станса құнының ұдайы өсіп отыруы, оны әлемдік тәжірибе де көрсетуде. Мысалы, Hinckley Point C стансасының алғашқы (2016 жыл) жобалық құны 15,7-18,3 млрд доллар деп жарияланды. Ал 2022 жылы жоба құны 32,8-34,1 млрд доллар, 2023 жылы 40,6-42,0 млрд долларға өскен. 2024 жылдың қаңтарында жобаның құны 54,6-62,9 млрд доллар деп жарияланды.
Шешім қабылданбағанның өзінде Қазақстанда салынатын АЭС-тың бағасы да ұдайы өсіп келеді. Алғашында Энергетика министрлігі қуаты 2 400 МВт болатын атом электр стансасының мүмкін болатын құнын $10 млрд деп белгілесе, кейін «Қазақстан атом электр стансалары» компаниясының өкілдері («Самұрық-Қазынаның» еншілес кәсіпорны) жоба құнын 15 млрд долларға дейін өсірді.
Қазақстанда АЭС салуға өтініш білдірген халықаралық компаниялардың тәжірибесі де стансаның бастапқы жобалық құны жыл сайын өсе беретінін көрсетуде. Құнның өсуі стансаны жоспарлауға, құрылысына және іске қосуға кететін уақыттың ұзақтығымен және қолданылатын тауарлар мен технологияның құнының осы кезеңде өсуімен түсіндіріледі.
Hinckley Point C стансасының алғашқы (2016 жыл) жобалық құны 8 жылда 3,5 есе өскен. Бұлай салыстыратын болсақ, қазір 15 млрд доллар деп жариялаған қазақстандық атом стансасының құны станса салынып біткенше 45-50 млрд доллар болуы мүмкін. Жоба құны өспейді деп бүгінгі Үкімет те, АЭС салатын компания да кепілдік бере алмайды.
Екібастұздағы ГРЭС-1 жұмысы қарапайым түрде мына видеода көрсетілген:
Үлкен АЭС-тың қаржыландыру қиындығын болжаған британдық үкімет шағын модульдік реакторлар (SMR) технологиясына көңіл бөле бастады. Жыл соңына дейін үкіметтің жаңа мемлекеттік ядролық органы (Great British Nuclear) екі SMR жобасын таңдайды деп күтілуде. SMR әзірлеушілері өз кезегінде бұл технология атом стансалардың құнын төмендетіп, сапасы мен қауіпсіздігін өсіретінін дәлелдеуі керек. Шағын модульдік реакторлар (SMR) шығындарын бүгінгі Hinkley Point C жобасына жұмсалатын бір ГВт үшін 17-18,3 млрд құнымен салыстыру ұсынылады.
Ең басты пікірталас SMR-лер жел энергетикасы сияқты төмен көміртекті технологиялармен бәсекелесе ала ма, төмен бағада электр энергиясын өндіре ала ма деген сұрақ бойынша болады деп болжануда. Әзірше, бұл сұрақтарға жауап жоқ.
Төмен көміртекті жасыл энергия жүйелеріне (күн, су, жел) ядролық энергияны да «кіргізуге болады» деген тұжырымның күмәнді екенін уақыт анық көрсетіп берді.
Aikyn.kz атом электр стансаларының құны мен қауіпсіздігіне, оны залалсыздандыруға арналған бірнеше материал жариялады. Ол мақалаларда 40-50 жыл пайдаланған соң АЭС стансасын залалсыздандыру мен консервациясы туралы пікірлер айтылды. Оларды мына сілтемелер арқылы оқуға болады: АҚШ пен Ұлыбританияда жаңа атом стансаларында қиындықтар пайда болды
Атом электр стансасын салатын компания қиын жағдайға тап болды
Футбол алаңына сыйып кететін қауіпсіз АЭС жасалды
Әзірше, ұлттық үкімет өкілдері де, мамандар мен ғалымдар да бұл мәселені назарға алмай отыр. Бүгінгі АЭС-ты қолдаушылар жұмысы аяқталған реакторлардың проблемасы мен шығындары болашақ ұрпақтың мойнына артылатынын жақсы түсінгенімен, қолданыс мерзімі аяқталған АЭС-тың радиация сіңіп қалған жабдықтарын утилизациялауға қанша млрд доллар керек болатыны туралы ешқандай болжамдар жасамаған.
АҚШ пен Жапония өздерінің шағын АЭС-тарын тоқтатып, залалсыздандыруға сол реакторларды салуға кеткен қаржыдан көп ақша жұмсап отырғаны белгілі. Сол бағамен есептесек, Қазақстанда салынатын 1,2 ГВт қуаты болатын атом реакторларын енді 40-50 жылдан кейін өшіруге бүгінгі бағамен 11 млрд доллар керек болады. Ал инфляцияны есептесек, қазақ жерінде салынған атом стансасын істен шығаруға болашақ ұрпақтың мойнына 45 млрд доллар мен экологиялық проблемалар артылуы мүмкін.
Екібастұз ГРЭС-2 қосымша 1 ГВт электр қуатын өндіретін болады, бұл энергия арзан әрі қауіпсіз. Фото samruk-energy.kz сайтынан алынды
Тағы бір назарға алатын мәселе. Бүкіл Қазақстанда өндірілетін энергияның 40%-нан астамын Екібастұздағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 өндіреді. Өткен аптада «Самұрық-Энерго» компаниясы Екібастұз ГРЭС-2-де №3 және №4 энергоблоктарды салуға EPC (Engineering, procurement and construction) келісім жасалғаны туралы қуанышты хабар жариялады. Екі жаңа блокты Ресей-Қазақстан консорциумы салатын болды. EPC келісімшарты – жобалаудан бастап іске қосуға дейінгі құрылысты толық қамтитын келісім, дайын «кілтті тапсыру» дегенді білдіреді. Әрбір блоктың қуаты 540 МВт, яғни, жалпы қуаты 1 ГВт болады, №3 энергоблок 2028 жылы, №4 энергоблок 2030 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Құрылыс аяқталғаннан кейін Екібастұз ГРЭС-2 қосымша 1 ГВт электр қуатын өндіретін болады. Жобаның құны – №3 энергоблок үшін 441,1 млрд теңге, №4 энергоблоктың құны әлі жарияланбады.
Жалпы алғанда, екі блоктың құрылысы мен іске қосуға 1 трлн теңге жұмсалады (2 млрд доллар) деп артығымен есептегеннің өзінде бұл екі блок АЭС-пен салыстырғанда арзан әрі қауіпсіз, жылдам іске қосылатыны түсінікті. Мұндай электр стансаларын АЭС сияқты тоқтатып, консервациялаудың қажеті жоқ, тек жабдықтарын жаңартып отыру ғана керек.
Қазақстан Энергетика министрлігінің 2035 жылға дейінгі жоспарында қосымша 26 ГВт жаңа қуат көздерін іске қосу қарастырылған. Министрлік осы іске қосылатын қосымша энергия қуаттарын болашақта күтілетін энергияның тапшылығы есебінде қисынды әрі толық ескерді деп сенеміз.
Пікірлер (0)