«10 жобаның жұмысы аяқталмаған»: Қосшыда 1,3 млрд теңге игерілмей қалды
Фотосурет: Мәдениет порталы
Бюджеттің игерілмеуі туралы фактілер Ақмола облыстық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында айтылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Фариза Байманованың айтуынша, жоспарланған түсімдердің орындалмауының басты себебі – республикалық бюджеттен қаражаттың уақытылы әрі толық бөлінбеуі.
Мәселен, 1 қыркүйекке дейін республикалық бюджеттен 23,4 млрд теңге түспеген. Оның 15 млрд теңгесі – субвенциялар. Жылдық субвенция көлемін Қаржы министрлігі мамыр айында қысқартқан.

Егер Қаржы министрлігі жыл соңына дейін субвенция көлемін қалпына келтірмесе, онда желтоқсанда қаржы тапшылығына байланысты әлеуметтік міндеттемелер – жалақы, стипендия, тамақтандыру және дәрі-дәрмекпен қамту толық көлемде орындалмайды. Бұл өз кезегінде бюджеттік ұйым қызметкерлері мен халық арасында әлеуметтік шиеленіс тудырады. Сондықтан бюджет комиссиясының отырысында жоспарланған іс-шараларды қаржыландыру үшін қосымша көздерді тарту немесе шығындарды оңтайландыру мәселесін қарастыру қажет деп санаймыз, – деді Фариза Байманова.
Жалпы, өңірде 463,6 млрд теңге игерілген. Бұл кезеңдік жоспардың 96%-ы және жылдық жоспардың 60%-ы болып отыр.

Облыс бойынша 20,5 млрд теңге игерілмей қалды. Оның ішінде аудандық және қалалық бюджет – 16,6 млрд теңге, облыстық басқармаларда – 10,3 млрд теңге. Негізгі себеп – республикалық бюджеттен трансферттердің уақтылы аударылмауы. 1 қыркүйекке дейін республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге трансферт түспеген, - деді Фариза Байманова.
Соның салдарынан облыстық 4 ведомство жоспарланған іс-шараларды толық көлемде іске асыра алмаған.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы небәрі 92,2% ғана игерген. Игерілмеген 3,5 млрд теңге – Ұлттық экономика министрлігінен келмеген қаржы. Бұл қаражат қала шеттерін, моно және шағын қалаларды дамыту бағдарламасы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жол салу және жөндеуге арналған 6 жобаға бағытталған болатын.
Ауыл шаруашылығы басқармасы 2 млрд теңгені игермеді. Себебі ауыл халқының табысын арттыру жобасын кеңейтуге арналған несие Ауыл шаруашылығы министрлігінен түспеген.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы 1 млрд теңгені игермеді. Бұл қаражат Ұлттық экономика министрлігінен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша мәдениет нысандарын салуға арналған.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы 1,9 млрд теңгені игермеді. Оның ішінде 1 млрд теңге Индустрия және құрылыс министрлігінен сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамытуға, 853 млн теңге Ұлттық экономика министрлігінен «Ауыл – ел бесігі» жобасына арналған.
Облыс деңгейінде 10 қыркүйектегі жағдай бойынша ең төмен игеру көрсеткіші – төтенше жағдайлар департаментінде, бар болғаны 22,1% (443,7 млн теңге игерілмеген).

Иә, бізде 22,1% игерілмей қалды. Бірақ министрліктен лизингтік қаржыландыру төлеміне рұқсат алдық. 283 млн 829 мың теңге жеткізушіге аударылады. Қалғаны – арнайы жабдықтарды жеткізу. Қыркүйектің соңына дейін келуге тиіс. Қазанға дейін толық орындап шығамыз деп ойлаймын, – деді өңірлік ТЖД өкілі.
Цифрландыру және архивтер басқармасы қаражаттың небәрі 68,3%-ын ғана игерген. Игерілмеген сома – 768,7 млн теңге.
Оның ішінде:
- 215,5 млн теңге – интернет қызметтеріне конкурстық рәсімдердің ұзақтығына байланысты;
- 980,3 мың теңге – кондиционер жеткізілмегендіктен келісімшарт бұзылған;
- 131,5 мың теңге – тауар жеткізілмегендіктен игерілмеген.
Басқарма өкілінің айтуынша, 300 млн теңге өңірді басқару орталығын құруға аванс ретінде жоспарланған. Бірақ жеткізуші аванс қажет емес деген келісім жасаған. Қыркүйекте барлық сома – шамамен 700 млн теңге игеріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, былтыр да ведомство осылай қаражатты игермей, ақыры бюджетке қайтарылғаны айтылды.
Аудандар деңгейінде қаражаттың 91,5%-ы игеріліп, 16,6 млрд теңге игерілмеген. Оның ішінде 9,3 млрд теңге – республикалық трансферттер. Ең жоғары көрсеткішке Жарқайың және Сандықтау аудандары жетті.
Ал ең көп игерілмеген қаражат Целиноград, Атбасар, Аршалы, Бұланды, Бурабай аудандарында және Қосшы, Көкшетау қалаларында байқалады.

Республикалық трансферттер бойынша игерілмеген сома – 9,3 млрд теңге, облыстық трансферттер – 5,7 млрд теңге, ал меншікті кіріс – 1,6 млрд теңге. Егер республикалық трансферттердің игерілмеу себебі қаражаттың уақтылы түспеуі болса, облыстық трансферттер өңірлерге уақтылы бағытталған. Соған қарамастан, 5,7 млрд теңге игерілмей қалды. Оның ішінде ең үлкен сома – 2,7 млрд теңге Целиноград ауданында. Бұл жерде 13 ауылдағы ішкі жолдарды күрделі жөндеу, су жүйесін реконструкциялау, газ құбырын тарту жұмыстары орындалмаған. Қосшы қаласында да 1,3 млрд теңге игерілмей қалды, 10 жоба бойынша жұмыс толық аяқталмаған, – деп толықтырды сөзін Фариза Байманова.
Оқи отырыңыз



Пікірлер (0)