Қосшыда ұлттық рухты ұлықтаған ауқымды іс-шара өтті
Фотосурет: дереккөз
Ұлттық спорт күні мен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Қосшы қаласында мазмұнды әрі тағылымы мол ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
Қосшы қаласы әкімдігінің қолдауымен Жастар ресурстық орталығы және «Алан» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ұйымдастыруымен өткен «ETHNO GAMES: Жастар додасы» және «Наурыз Фест» аясындағы ұлттық байқаулар қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара барысында қазақтың ұлттық спорт түрлері кеңінен насихатталып, жастар арасында тартысты бәсекелер өтті.
Атап айтқанда, қол күрес, арқан тартыс, асық ату ойындары бойынша қатысушылар өзара күш сынасып, жоғары дайындықтары мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті.

Жарыс алаңында нағыз бәсекелестік рух орнап, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар, «Наурыз Фест» аясында ең дәмді наурыз көже байқауы ұйымдастырылып, ұлттық тағамның қадір-қасиеті кеңінен дәріптелді. Байқауға 16 қатысушы қатысып, жалпы көлемі 48 литр наурыз көже ұсынылды. Әрбір қатысушы өз рецептісін ерекше тәсілмен дайындап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Дәстүр мен дәм үйлесім тапқан бұл сайыста үздіктер анықталып, жүлделі орындар иелері марапатталды. Атап айтқанда, І орынды Бағожина Күлән, ІІ орынды Майгүл Қариғазықызы, ІІІ орынды Қуанбай Еркегүл иеленді. Аталған іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастар арасындағы достық пен бірлікті нығайтуға бағытталды.
Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс білдіріліп, алдағы жарыстарға сәттілік тілінді. Ұлттық дәстүр мен заманауи бастамалар тоғысқан бұл мерекелік күн Қосшы қаласының қоғамдық өмірінде маңызды орын алып, тұрғындардың есінде жарқын әсермен қалды.
Пікірлер (0)