Дәрігерге қашан бару керек? Іш ауруының қауіпті белгілері
Фото: freepik.com
Іштің ауыруы – ең жиі кездесетін белгілердің бірі. Көп жағдайда адамдар оны елемей, уақыт өткізіп алады. Алайда бұл белгі іш қуысы мүшелеріндегі түрлі аурулардың алғашқы дабылы болуы мүмкін, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Іштің ауыруы жеке өзі немесе басқа белгілермен қатар байқалады. Мәселен, кебу (метеоризм), жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі, жиі зәр шығару сияқты симптомдармен қатар жүруі мүмкін.
Әсіресе, балалар, қарт адамдар, АИТВ жұқтырғандар және иммунитетті басатын дәрілерді (оның ішінде кортикостероидтарды) қабылдайтын жандар іш ауырсынуына немқұрайлы қарамағаны жөн. Бұл топтағы адамдарда ауру асқынып кету қаупі жоғары.
Іштің ауыруының қауіптілігін бағалау үшін бірнеше маңызды сұраққа назар аудару керек:
– ауырсыну қай жерде орналасқан;
– қанша уақытқа созылды;
– сипаты қандай (шаншып, сыздап, ұстама түрінде ме);
– қосымша қандай белгілер бар.
Осы белгілерге қарап, жағдайды дұрыс бағалап, дер кезінде шешім қабылдау маңызды: жедел жәрдем шақыру, дәрігерге қаралу немесе жеңіл жағдайда үй жағдайында бақылау.
ІШ АУРУЫНЫҢ ТҮРЛЕРІ
– Созылмалы ауырсыну – белгілі бір уақыт аралығында қайталанып тұрады;
– Жедел ауырсыну – кенеттен пайда болып, қатты сезіледі;
– Құрысу тәрізді ауырсыну – ұстама түрінде келеді;
– Сыздап ауыру – ауырлық немесе аштық сезіміне ұқсайды;
– Баяу (тартылып ауыру) – іш бұлшықеттері жиырылғандай әсер береді.
МАМАНДАР КЕҢЕСІ
Іштің қай тұсы ауырғанына қарап, қай ағзаға назар аудару керектігін шамалауға болады:
– Іштің жоғарғы бөлігі – көбіне асқазан мен ас қорыту жолдарына қатысты мәселелерді көрсетеді. Сирек жағдайда жүрек (миокард инфарктісі) ауруының белгісі болуы мүмкін;
– Іштің төменгі бөлігі – ішек пен несеп-жыныс жүйесіндегі бұзылыстарға байланысты;
– Оң жақ бөлігі – бауыр мен өт қабының ауруларына тән;
– Сол жақ бөлігі – көкбауыр немесе ұйқы безі мәселелерін көрсетуі мүмкін.
Іштің ауыруын елемеу қауіпті. Егер ауырсыну күшейсе, ұзаққа созылса немесе қосымша мазасыз белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге жүгінген дұрыс. Ерте диагностика – асқынудың алдын алудың ең тиімді жолы.
Пікірлер (0)