«Жақсы сөз сөйлеп үйренейік»: Айнұр Тұрсынбаева маңызды мәселе көтерді
Фото: ашық дереккөз
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева сөздің қуаты мен оның адам тағдырына әсері жайында ой қозғады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ол өз жазбасында кейбір өнер иелерінің айтқан сөздері кейін өмірімен қабысып жататынын мысалдар арқылы жеткізген. Мәселен, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннен «спортта қай жасқа дейін боласың?» деген сұраққа «25 жасқа дейін» деп жауап бергенін еске салып, оның дәл сол жасқа жетпей өмірден өткенін атап өтті.
Сондай-ақ айтыс өнерінің жарық жұлдызы Оразалы Досбосыновтың жиі айтатын жыр жолдарын мысалға келтіріп, ақынның расында 30 жасқа жетпей, 29 жасында дүниеден өткенін айтты. Орал өңірінен шыққан жас ақын Асылбек Ищанов та соңғы айтыстарының бірінде Оразалының жолын сұрап жырлағанын, арада көп уақыт өтпей оның да жол апатынан көз жұмғанын тілге тиек етті.
Айнұр Тұрсынбаева белгілі термеші Жәнібек Кәрменовтің «Жалғыз шықпа сапарға» деген мазмұндағы өсиет сөздерін еске алып, оның да жалғыз сапарға шығып, қайғылы жағдайда қаза болғанын жеткізді. Ал Мұқағали Мақатаевтың өз өлеңінде 45 жас туралы айтқаны, ақынның дәл сол жасында өмірден өткенін де мысал ретінде келтірді.
Ақын бұл деректер арқылы сөздің салмағына мән беру керектігін атап өтті. Әсіресе, ашу үстінде айтылатын ауыр сөздердің зиянын ескертіп, мұндайда сақ болуға шақырды.
Сондай-ақ ол исламдағы «жақсы сөз сөйле немесе үндеме» деген хадисті алға тартып, әр адам ойын да, сөзін де ізгілікке бағыттауы қажет екенін айтты.
Пікірлер (0)