Қосшыда тасқынға тосқын қою шаралары қарқынды

Қосшы жаңалықтары
view 84
news

Фотосурет: дереккөз

Қазір Қосшы қаласында көктемгі кезеңге байланысты коммуналдық қызметтердің жұмысы күшейтіліп, қар шығару және еріген қар суларын сору жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Қала аумағында арнайы техника екі ауысымда үздіксіз жұмыс істеп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар атқарылу үстінде. Бүгінде бұл жұмыстарға қала бойынша 46 арнаулы техника жұмылдырылып жатыр. 

Олар күндіз және түнгі ауысымдарда жұмыс істеп, қала көшелерінен қарды үздіксіз шығару жұмыстарын үздіксіз жүргізуге кіріскен. Коммуналдық қызметтердің мұндай күшейтілген режимге көшуі көктемгі су тасқынының алдын алу, жол қатынасының қауіпсіздігін сақтау және тұрғын үйлерді су басу қаупін төмендету мақсатында қолға алынған.

Жағдайды бақылау және жедел шешімдер қабылдау мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов Қосшы қаласына арнайы жұмыс сапарымен келіп, жедел штабтың көшпелі отырысын өткізді. 

Жиында қала әкімі Азамат Қапышев қазіргі ахуалдың тұрақты екенін атап өтті. Оның айтуынша, коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп, барлық қажетті шара кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Көшпелі отырыста жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді. 

Атап айтқанда, алға қар шығару қарқынын арттыру, еріген қар суларын уақтылы сорып отыру, сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жедел жою міндеті қойылды. Бұл тапсырмалар қаладағы санитарлық жағдайды тұрақты ұстап тұрумен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. 

Бүгінде Қосшы қаласында арықтарды тазалау, су өткізу арналарының өткізгіштік қабілетін арттыру, еріген қар суларын сорғызу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар жеке секторлар мен көпқабатты тұрғын үйлердің аумақтарын қардан тазарту жұмыстары да қарқын алған. Әсіресе мектеп, балабақша, медициналық мекеме сияқты әлеуметтік нысандардың айналасына ерекше назар аударылып отыр. 

Жалпы, қаладағы жағдай тиісті органдардың тұрақты бақылауында. Қала аумағында орналасқан негізгі көшелер мен тұрғын алаптар кезең-кезеңімен қамтылып, тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі күнге дейін Тоныкөк, Арқалық, Күлтегін, Алтай, Түркістан, Қашқари көшелерінен, сондай-ақ 19 және 20-шағын аудандардан, «Монолит», «Южный», «Лесная поляна» тұрғын алаптарынан қар шығарылды. 

Сонымен қатар Ұлы дала, Көкшетау, Ақмола, Қобыланды батыр, Қамбар, Нұра, Тәуелсіздік, Шоқан Уәлиханов, Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынұлы, Сүйінбай, Ақан сері, Мәлік Ғабдуллин, Азаттық, Жангелдин, Қызылжар, Алакөл, Қожа Ахмет Ясауи, Төле би, Сұлтан Бейбарыс, Әйтеке би, Мәншүк Мәметова, Едіге, Тұран, Абылай хан, Абай, Республика көшелері мен «Алтын дала», «Орион» тұрғын үй кешендері, Алаш, Астана, Иманов, Жабаев көшелері және «Асыл Түлік» ауданы, Тайманов көшесі түгел қамтылды. Жалпы алғанда, арнайы полигондарға 172,8 мың текше метр қар шығарылып, 6 900 текше метр еріген қар суы сорылды.

Бұл көрсеткіштер атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымын айқын көрсетеді. Қазір бірқатар аумақта жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Атап айтқанда, «Лесная поляна» тұрғын алабында, «Даймонд парк» тұрғын үй кешенінде, сондай-ақ Мақатаев, Алакөл, Азаттық, Кейкі батыр, Бөгенбай батыр көшелерінде қар шығару және су сору жұмыстары белсенді түрде қолға алынған. Техникалық ресурстардың тиімді бөлінуі де назардан тыс қалған жоқ. Күндізгі ауысымда 20 КамАЗ, 10 жүк тиегіш, 2 автогрейдер және 13 ассенизаторлық техника жұмыс істеп тұр. Ал түнгі ауысымға қосымша 40 КамАЗ, 15 жүк тиегіш, 2 автогрейдер және 10 ассенизаторлық техника жұмылдырылады.

Бұл тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілетін жұмыстардың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді шаралар көктемгі кезеңде туындайтын қауіптердің алдын алуда аса маңызды. Әсіресе еріген қар суларының уақтылы сорылуы мен арықтардың тазалануы су басу қаупін едәуір төмендетеді.

Қала билігі тұрғындарды сабыр сақтап, жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауға шақырады. Себебі қар тазалау және су сору жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, барлық көше мен тұрғын алаптарды қамтитынын ескерген жөн.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *