120 ма, 150 ме? Айдос Сарым үшін депутат – санақ қана
Фотосурет: ашық дереккөзден
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанға бірпалаталы ма, әлде қоспалаталы ма, Парламенттің қайсысы қажет деген мәселе қоғамда талайдан бері айтылып келеді. Президент ұсынған жол картасы осы сұраққа жауап беруге тиіс.

Парламент қандай болуы керек? Онда қанша депутат отыруға тиіс? Қандай заңдар қабылданады? Қандай баптар өзгереді? Осы сұрақтарға бір жылдық талқылау ішінде жауап берілуі шарт. Бұл жол картасы анық та түсінікті: біз бәріміз осы даңғылдың ішінде боламыз, болмаса сыртында қаламыз, – деді ол.
Сонымен қатар Айдос Сарым қоғамдағы басты күмәндардың бірі – биліктің тосыннан сайлау жариялап, оппозицияға дайындыққа уақыт бермей қалуы туралы пікірге де тоқталды.

Алдымен талқылау жүреді, содан кейін заң жобасы әзірленеді. Ол ұлттық референдумға шығарылады. Референдум қабылдаса ғана заң өзгереді. Содан соң сайлау болады. Яғни алып-қашпа әңгімелерге орын қалмайды, – деді депутат.
Дегенмен ол бір жылдың ішінде сөзбен шектелмей, нақты шешімдер қабылдануы қажет екенін айтты. Оның ойынша, 120-дан 150-ге дейінгі депутат жеткілікті. Сонымен қатар партиялар туралы заңды қайта қарау, сайлау мен референдумға қатысты баптарды жаңарту қажеттігін алға тартты.
Еске сала кетсек, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде бірпалаталы Парламент құруды тапсырған болатын.
 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                 
                 
                 
                 
                                 
                                 
    
Пікірлер (0)