20 жылға сотталған Арман Жұмагелдиевтің әйелі жұртқа үндеу жасады
Сурет: Ашық дереккөзден
Қаңтар оқиғаларына байланысты 20 жылға бас бостандығынан айырылған Арман Жұмагелдиевтің (Дикий Арман) жары әлеуметтік желіде жазба жариялап, өз басындағы ауыр қайғы туралы бөлісті. Бұл туралы Janabastau.kz ақпарат агенттігі хабарлайды SMARTNEWS.KZ басылымына сілтеме жасап.
Ол жуырда қайтыс болған енесін еске алып, марқұмды аса құрметпен сипаттады.
Айта кетейік, сотталушының анасы өткен аптада дүниеден озған болатын.
«Мына видеода апам, Арманым, кішкентай қызымыз Мариям Медина және мен төртеуіміз бар. Бұл – менің ең қымбат бейнелерімнің бірі. Ол кезде біз бақытты едік. Үлкен үй сатып алып, қызымызды сонда бірге өсіреміз деп армандайтынбыз. Алла бізге аз сынақ бермеді. Енемді өте жақсы көрдім, ол менің қорғаным, қиын сәттердегі тірегім еді. Оның өмірден өткеніне сене алар емеспін. Бұрынғыдай қасына барып құшақтай алмаймын. Ол енді бізді күтіп алмайды. Енемнің денесін өз қолыммен жудым, сәбидей иісі аңқып тұрды. Жұма күні кетті. Ол шейіт болды деп үміттенемін», – деп жазды ол.
Арман Жұмагелдиев 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны, қатысқаны, адам ұрлап, оның өліміне себеп болғаны және адамды заңсыз бостандықтан айырғаны үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға сотталған еді.
Сондай-ақ оған 10 жыл бойы қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салынған.
Пікірлер (0)