«TazaLake Alakol»: Экологияны сақтауға бағытталған үлгілі бастама
Сурет: Ашық дереккөзден
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жарқын әрі ерекше «TazaLake Alakol» атты экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Табиғат аясында өткен бұл акция демалушылар мен жастарға жағымды әсер қалдырып, экологиялық сана қалыптастыруға бағытталды. Іс-шараның басты мақсаты – табиғатты аялау, қоршаған ортаға ұқыппен қарау мәдениетін насихаттау, сондай-ақ жастарға «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» қағидатын дәріптеу болды.
Жиналғандар жағалау аумағын тазалап, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығы туралы пайдалы ақпараттармен танысты. Демалушылар мен еріктілер өз үлестерін қосып, ортақ іске атсалысты. Нәтижесінде 20 қап қоқыс жиналып, Алакөл жағалауы қоқыстан тазартылды. Эко-шараға 50-ге жуық адам, оның ішінде «Жасыл ел» жасақтары, волонтерлар мен демалушылар белсене қатысты. Қатысушылардың белсенділігі мен ынтасы акцияның жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті.
– «Бүгінгі «TazaLake Alakol» акциясы – жай ғана сенбілік емес, бұл – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды қадамы. Табиғатты аялау арқылы біз нағыз патриотизмді тәрбиелейміз. Бұл жобаны бір күндік шара ретінде емес, тұрақты мәдениетке айналдыруды көздейміз. Сондықтан мұндай бастамалар жалғасын табады деп сенемін», – деді Alakol jastary» филиалының жетекшісі Туралыков Олжас Тынысбекұлы.
Талдықорған қаласынан келген Мадина есімді демалушы да өз әсерімен бөлісті.
– Алакөл жағалауын жинауға белсенді түрде атсалыстық. Бұл балалар үшін де үлкен сабақ болды. Табиғатты аялау әр адамның парызы екенін сезіндік. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса екен, – деді ол.
«TazaLake Alakol» экологиялық акциясы – табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырудың жарқын үлгісі. Қатысушылардың пікірінше, мұндай бастамалар тек тазалықты емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілікті арттырады. Алдағы уақытта Алакөл маңында және Жетісу облысының өзге де туристік бағыттарында осындай экологиялық іс-шараларды тұрақты түрде өткізу жоспарлануда.
Жетісу облыстық Қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша.
Пікірлер (0)