27 елді мекен қауіпті аймақта орналасқан: Целиноград ауданы су тасқынына дайындалуда

Жаңалықтар
view 129
news

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Целиноград ауданында 27 елді мекен су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан. Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, алдын алу шаралары материалдық шығынды азайтуға және төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы брифингте аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылы су тасқынының алдын алу үшін ауқымды инженерлік жұмыстар жүргізілді. Жалпы 31 іс-шара жүзеге асырылып, қорғаныс бөгеттері нығайтылды. Қосымша су өткізу құбырлары орнатылып, арықтар мен су ағызу жүйелері салынды. Атап айтқанда, 14 елді мекенде ұзындығы 27,7 мың метр болатын қорғаныс бөгеттері күшейтілді, 6 ауылда 15 су өткізу құбыры қойылды, 5 елді мекенде 5 мың метр арық қазылды. Сонымен қатар, кейбір аудандарда су ағызу жүйелері орнатылып, бөгеттер мен кіреберіс жолдар қалпына келтірілді.

Коянды ауылында негізгі жоспардан тыс қосымша 11 шақырымдық су бұру арықтары қазылып, бұрынғы 7 мың метр арық жүйесі тазартылды. Бұл жұмыстарға аудан бюджетінен 5 миллион теңге бөлінді.

«Су тасқынына қарсы күреске қомақты қаржы қарастырылған. Төтенше жағдайлардың алдын алуға 33,8 миллион теңге бөлінсе, күтпеген шығындарға 106 миллион теңге резерв қарастырылған. Жолдарды күтіп-ұстау және қар тазалау жұмыстарына 516 миллион теңге бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 95 миллион теңгеге артық. Қазіргі уақытта 305 мың текше метр қар шығарылды, бұл іске 125 техника жұмылдырылды, оның ішінде 35 тиегіш пен 90 жүк көлігі бар», — деді Сәкен Сүлейменов.

Су тасқынына дайындық аясында бес мың тонна инертті материал, 68,4 тонна жанар-жағармай, 30 мың қап, 15 орама полиэтилен, 1300 метр қысымды шланг және 15 мотопомпа сатып алынды. Биыл 3 миллион теңгеге бұрғылау-жару жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр, бұл өткен жылғыдан екі есе көп.

Су тасқынын бақылау үшін арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Сегіз эвакуациялық пункт және 11 мал айдау орны белгіленді. Мал азығы қоры 465 тоннаны құрайды, ал жануарларды тасымалдауға арнайы техника дайындалған.

«Жедел әрекет ету штабы құрылып, 51 адамнан тұратын арнайы топ жасақталды. Топтың қарамағында 62 техника бар, олардың ішінде экскаваторлар, бульдозерлер, тиегіштер, жүк көліктері және ассенизатор машиналары бар. Арнайы техника төрт негізгі бағытқа бөлініп жұмыс істейді: Астана – Қорғалжын, Астана – Теміртау, Астана – Павлодар және Алматы – Екатеринбург», деп толықтырды Сакен Сүлейменов.

Төтенше жағдайлар болған жағдайда тәулік бойы жұмыс істейтін штаб құрылып, 109 жедел желісі іске қосылды. Ауыл әкімдері гидробекеттердің жұмысын қадағалап, Нұра және Есіл өзендерінің су деңгейін бақылауда ұстап отыр.

Целиноград ауданының билігі көктемгі су тасқынына дайындық жоспарға сай жүргізіліп жатқанын және қабылданған шаралар су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар, халықты сақтық шараларын ұстануға және кез келген төтенше жағдайға дайын болуға шақырды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *