30 шаршы метрлік бөлмеден басталған “Өнер” академиясы

Сұхбат
view 77
news

Фото

Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын айтқанда бірден есімізге ArtSport жүйесі есімізге түседі. Гаджеттен контент жасауға бейімдейтін мемлекеттік түрлі үйірменің статистикасы қуантарлық. Күздің басында ҚР Туризм және спорт министрлігі мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 4-7 жас аралығындағы 228 мыңнан астам бала тегін спорт секцияларына қатысатынын мәлімдеді. Бұл бағытқа қарастырылған қаржы көлемі 50 миллиард теңгені құрайды. Ал, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 7 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді екен. Жалпы ArtSport жүйесі ғана емес елімізде тұрақты түрде спорт және түрлі шығармашылықпен айналысатын балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны 1,8 миллионға жеткен. Осы орайда Қосшы қаласында балалар журналистикасы мен шығармашылық контентті дамытып жүрген «Өнер» жас таланттар академиясының басшысы Жанар Шайкенова ханыммен тілдесудің сәті түсті.

– Жанар ханым, сіздің өнер академияңыз сонау 2012 жылы құрылған екен. Орталықты ашу идеясы қалай пайда болды?

– Бұл идея менің фортепианодан жеке сабақ беріп жүрген кезімде пайда болды. Балалар фортепианодан бөлек домбыра мен вокалды да үйренгісі келетінін айтты. 2012 жылы 30 шаршы метрлік бөлмені жалға алып бастадық. Бүгін, шүкір, сол бөлмеден басталған жобамыз үш филиалға дейін өсіп, мыңнан астам шәкіртті тәрбиелеп келеміз. Қосшыдағы бастамамыз Қызылжар ауылы мен Степногорск қаласына да жетті. Біз үшін бұл жай ғана ғимараттар саны емес, балаларға берілген жаңа мүмкіндік. Алғашқы күннен бастап әр баланың өз қабілетін тауып, сүйікті ісімен айналысуына жағдай жасауды көздедік. Ата-аналар алғашында шағын кабинетке балаларын сеніп тапсырды. Сол сенім бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Біртіндеп үйірмелер көбейіп, әр бағытқа мамандар тартылды. Баланың алғашқы өнер көрсетуі, алғашқы жеңісі біз үшін әрдайым ерекше қуаныш.

– «Өнер» академиясында медиаөнер деген сала бар екен. Осыған тоқталыңызшы?

– Көп шығармашылық орталықтар оқу мен спорттық секцияларды ғана қамтиды. Ал біздің орталықта медиаөнер бағыты да бар. Оның құрамына телестудия, журналистика, кино және бейне шығармашылығы, шешендік өнер мен актерлік шеберлік сабақтары кіреді. Балалар түрлі сюжеттер мен репортаждар дайындайды. Көп жерде шығармашылыққа қызығатын балаларға қолдау аз. Біз соның орнын толтырғымыз келді. Шәкірттеріміз «Өнер news», «ECO news», «Қазақ әйелі», «Tarih times» ақпараттық жобаларын және «Өнер шаңырағында» сұхбат бағдарламасын әзірлеп, түрлі байқауларда шыңдалып келеді. Мұнда бала тек камера алдында сөйлеуді емес, сұрақ қоюды, ақпарат іздеуді, ойын жүйелі жеткізуді үйренеді. Бірі жүргізуші болуға талпынса, енді бірі түсірілім мен монтажға қызығады. Осындай тәжірибе олардың болашақ мамандығын таңдауына да ықпал етеді. Баланың қолымен жасаған бейнесі сенімін арттырады. Бастамасын қолдап, ойын жетілдіреміз!!

– Қазіргі балаларға не қажет өзі? Күнделікті мұндай қосымша сабақтар негізгі оқуына әсер етпей ме?

– Технологияның қарқынды дамуына байланысты әлем тез өзгеріп жатыр. Бүгінгі балалар он-он бес жыл бұрынғы балалардан айтарлықтай ерекшеленеді. Интернеттегі ойын-сауық пен қысқа бейнероликтердің әсерінен балалардың зейінін ұзақ уақыт бір нәрсеге шоғырландыруы қиындай түсуі мүмкін. Сондықтан олардың уақытын дұрыс ұйымдастырып, қызығушылығын пайдалы іске бағыттау маңызды. Бастысы, қазіргі балалар өздеріне не керек екенін ерте аңғарады. Сонымен қатар технологиялық жаңалықтар білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Біздің педагогтеріміз оқыту әдістерін заман талабына бейімдеп, сабақты қызықты әрі тиімді өткізуге ұмтылады. Үйірме мектептегі білімге кедергі емес, оны толықтыратын орта болуы керек. Ол үшін баланың күн тәртібі, демалысы және оқу жүктемесі ескерілуге тиіс.

– Осы орайда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға көңіліңіз тола ма?

– Жоғарыда айтқанымдай, мен бұл орталықты мемлекеттік қолдау болмай тұрған 2012 жылы аштым. Еш қиындыққа қарамай осы күнге жеттік. Басты мақсат балалардың шығармашылығын дамытып, жаңа қырын ашу болды. Сол мақсаттарымыз орындалып, жұмысымыз әрі қарай жалғасуда. Кейін түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары біздің де, балалардың да арманын орындауға үлкен септігін тигізді. Әрине, мұндай мүмкіндіктердің шын мәнінде пайдалы болуы үшін ата-ана, педагог және орталық бірлесе жұмыс істеуі қажет. Қаржы бөлінгенімен, ең маңыздысы – баланың сабаққа ынтамен келуі және алған білімін іс жүзінде қолдана алуы.

– Кейбір орталықтарда балалар бірнеше үйірмеге қатар қатысады екен. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Кей ата-аналар балаларын бірнеше қосымша сабаққа беріп жатады: шығармашылық та бар, спорттық үйірме де бар. Оның сыртында мектептегі оқуы бар. Бірақ мұның бәрі балаға тым ауыр болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарға ең алдымен баласымен сөйлесіп, нақты қандай салаға қызығатынын анықтауға кеңес беремін. Спорт па, шығармашылық па – таңдау баланың ынтасына сай жасалуы керек. Балаға әр бағытты байқап көруге мүмкіндік берген дұрыс, бірақ оны шамадан тыс жүктемеу маңызды. Өзі сүйетін ісімен айналысқан бала сабаққа қуана келеді, ізденеді, нәтижеге жетуге тырысады. Біз үшін ең үлкен жетістік те – осы.

– Жақсы әңгімеңізге рақмет!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *