«Балаға жазғанда ересек екенімді ұмытып кетемін» – Серікбол Хасан

Сұхбат
view 32
news

Фотосурет ақынның әлеуметтік желісінен алынды

Белгілі балалар ақыны Серікбол Хасан JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігіне сұхбатында: «Бала тағдыры бар шығарма ғана өміршең» деді. Ол балалар әдебиетінің бүгінгі бағыттарын, өлең оқырманының азаюын, редактура мен иллюстрация мектебінің жетіспеуін атап өтті. Әдебиетті қолдау – мұғалім, қоғам және мемлекеттің ортақ міндеті екенін айтты. Қазір ақын аудармамен және жаңа хикаят жазумен айналысып жүр. Мархабат, сұхбатты оқып шығып, сіз де пікіріңізді жазыңыз, алдияр оқырман. 

– Балалар әдебиетіне бет бұру – бұл ішкі үн бе, әлде сыртқы талап па? Балаға арнап жазу шешімі сіздің ішкі балаңызды оятқан рухани серпіліс пе, әлде заман, қоғам, әдебиет сұранысы итермелеген бетбұрыс па?

– 2008 жылы университетті бітірген соң, редакцияның шақыртуымен «Ақ желкен» журналына қызметке тұрдым. Ол кезде журналдың бас редакторы Нұрғали Ораз, орынбасары Болат Үсенбаев болатын. Болат аға мені аттай қалап, журналға қабылдануыма себепкер болды. Осылайша «Ақ желкендегі» қызметім басталды. Өздеріңіз білесіздер, «Ақ желкен» – балалар мен жасөспірімдерге арналған журнал. Биыл 100 жылдығы тойланды. Тарихы терең, талай тұлғалардың түлеткен басылым. Соның ішінде қаншама балалар қаламгерлерін ұшырған үлкен мектеп. Міне, осы журналда қызмет істей жүріп, балалар журналистикасымен қатар балалар әдебиетін де қолға ала бастадым. Оған себеп болған «Балдырған» журналы. «Қазақ газеттері» серіктігіне қосылғанға дейін «Ақ желкен», «Балдырған» журналдары мен «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері «Жас өркен» деп аталатын үлкен серіктік аясында жұмыс істеді. Төрт редакцияның қызметкерлері бір ғимаратта отырды. Ол уақытта «Балдырған» журналын Тұманбай Молдағалиев басқаратын, орынбасары Ескен Елубаев болатын. «Ұлан» газетінің редакторы Сұлтан Қалиұлы еді. Барлығы да балалар әдебиетінің ірі өкілдері еді. Осы кісілердің ықпалымен, қанаттандыруымен мен де балалар әдебиетіне қалам тербей бастадым. Балаларға арнаған алғашқы топтама өлеңдерім осыдан 20 жыл бұрын «Ұлан» газетінде жарияланды. Балаларға арнап әңгімелер де жаздым. Әңгімелерім «Балдырған» журналында жарияланып тұрды. Кейін осы әңгімелерім балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлының атсалысуымен «Балалар әдебиеті» баспасынан «Көбелек» деген пышақтың қырындай жинақ болып жарық көрді. Алайда кейін әңгіме жазуды доғарып, балаларға арнап өлең ғана жазып келемін.

– Сіз бала үшін жазатын ересексіз бе, әлде балалықпен жаза алатын ересек ақын ба? Өзіңізді қалай сипаттар едіңіз: ішкі әлемі ересек, бірақ баланың жанына бойлай алатын қаламгер ме, әлде балалықпен үндес бола алатын бір қуанышты жүрек пе?

– Балаларға арнап жаза бастағанымда өзім де әлі бала едім. Ол кезде балаларға арнап жазу өзімді қамшылау секілді, бір жағынан қызық көрінді. Кейін өзім де балалы болғанда бұл тақырыпқа басқаша қарай бастадым. Көп дүниенің кемдігі көрінді, соны толықтыруға тырыстым. Балалардың қызығушылығын зерттедім. Олардың сұранысына сай жазуға тырыстым. Баланың жанын түсінген кезде, оларға арнап жазу жеңіл. Балаларға жазуға отырғанда өзімнің ересек екенімді ұмытып кетемін. Балаша ойлап, балаша мұңайып, балаша қуанып, бала әлеміне неғұрлым жақындап кететін секілдімін.

– Сіздің әдебиетпен қарым-қатынасыңыз бала кездегі ойыншыққа ұқсай ма, әлде бүгінде ұстазға айналған дос па? Балалық шағыңызда әдебиетке деген қызығушылығыңыз қалай басталды? Ал қазір оған көзқарасыңыз қандай? Ол сіз үшін енді неге айналды?

– Әдебиет оқуға мені әжем баулыды. Кейін мұғалімдер бағыт берді. Бала кезімде көркем әдебиет маған ұстаз болды. Әдебиет менің көкжиегімді кеңейтті. Жақсы мен жаманды ажырата білуді үйретті. Жақсы кейіпкерлердің бойындағы ізгілікті сіңіруге тырыстым. Солар секілді болсам дедім. Жаман кейіпкерлердің жирендім. Олардың әрекетін қайталамауды өзіме міндет қылдым. Содан болар әдебиет маған көп көмегін тигізді. Әлі де әдебиеттен алыстаған жоқпын. Кітап оқу – кәдуілгі әдетім. Кітап оқыған сайын жан дүнием тазарады. Өмірлік мотивация аламын. Әсіресе жаңа кітап жан сарайыңды ашады. Көкірек көзің ашылады. Маған көбіне бұрынғы классикалық шығармаларды қайталап оқыған ұнайды. Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, осы және басқа да қаламгерлердің шығармалары таусылмас рухани азық деп білемін. Бұл жазушылардың тағы бір артықшылығы – шығармаларында бала бар. Бала тағдыры бар шығарма – өміршең. Сол үшін де болар көпшілік оқырман осы жазушыларды әлі де сүйіп оқиды.

– Қазақ балалар әдебиеті бүгінде өрлеу жолында ма, әлде тыныш күйде ме? Сіз өз тәжірибеңіз арқылы қазіргі балалар әдебиетінің деңгейін қалай бағалар едіңіз? Қай тұсы қуантады, қай тұсы қынжылтады?

– Заманның ағымы, бәлкім талабына қарай әдебиет те өзгеріп отырады. Әсіресе әдебиеттегі жанрлар: бір жанрлар жоғалады немесе жаңа жанрлар пайда болады. Балалар әдебиетінде де сондай. Балалар өлеңдері аз жазылады, есесіне фэнтези, комикс жанрлары көш бастап тұр. Қазақ балалар әдебиетіне келер болсақ, аталған жанрлар бізде де жақсы дамып келеді. Шетелдің классикалық балалар шығармалары да дер кезінде аударылып жатыр. Бұрынғы қазақ классиктерінің де шығармалары қайта басылып, кітап сөрелерінде тұр. Сондықтан балалар әдебиеті бойынша қынжылатын жағдай жоқ. Әрине, балалар өлеңдерінің бұрынғы кездердегідей оқырманы көп емес. Алайда бұл – жалпы әлемде болып жатқан үрдіс. Кітап нарығында өлеңге қарағанда қарасөзбен жазылған шығармалар көп оқылады.

– Неліктен балалар әдебиетіне қалам тербейтін қаламгерлер аз? Бұл шығармашылық мотивацияның әлсіздігінен бе, қаржылай қолдаудың жоқтығынан ба, әлде осы жанрға деген қоғамдағы түсініктің таяздығынан ба?

– Балалар әдебиеті – ізденісті, еңбекті қажет етеді. Ол үшін үнемі баламен байланыста болу керек. Бұрынғы балалар қаламгерлерінің көбі балалар басылымдарында жұмыс істеді. Яғни күнде баламен байланыста отырасың. Олардың сұранысын тап басып танисың. Ал қазір олай емес. Қазіргі балаларға жазып жүрген қаламгерлер әртүрлі салада жүр. Соған қарамастан бала оқитын жақсы шығарма жазу үшін барып салып жатыр. Бұл үлкен тәуекелді қажет етеді. Балаға жазу үшін сенде үлкен миссия болу керек. Бүгінгі бала ертеңгі ел тірегі екенін сезінуің керек. Бүгінгі жақсы бала ертеңгі жақсы қоғам қалыптастыратын азамат екенін түсінуің керек. Бүгінгі жаман бала ертең қоғамды бүлдіретін нашар азамат болатынын біліп, жүрегің ауыруы керек. Сонда ғана балаға жазуды мәңгілік мұратың етіп белгілейсің. Григорий Петров деген орыстың діндар қаламгері бар. Соның «Мінсіз мұғалім» деген шығармасы бар. Сол шығармасында жазушы Рачинский деген Мәскеу университетінің профессоры туралы жазады. Рачинский бүкіл Еуропаны аузына қаратқан атақ-даңқына қарамастан, Смоленск облысындағы Татево деген ауылға қарапайым мұғалім болып кетеді. Оны ауылға итермелеген қандай күш? Әрине, ауыл балаларының санасына сәуле түсіру болатын. Рачинскийдің мынадай сөзі бар: «Адам шам секілді емес пе? Егер шам жанбаса, айналасына жарық бермесе, адам өмірінің мәні неде?». Ой салатын сөз емес пе? Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» хикаятында да осындай сөз бар. Рахманов ағай: «Оқушы деген – шамшырақ. Тек жаға білу керек», – дейді. Балалар қаламгерінің де арқалаған миссиясы сондай: шығармалары арқылы баланың шырағын жағу. Егер шығармаң балаға сәуле дарытпаса, онда ол шығарманы жазудың қажеті қанша?

– Бүгінгі баланың кітап сөресінде не жетіспейді? Заманауи балалар шығармаларында қай тақырыптар кенже қалып отыр деп ойлайсыз: экология ма, технология ма, эмоциялық интеллект пе?

– Бұрын менің оқырмандарым негізінен Z ұрпақ болатын. Енді кітаптарым альфа ұрпаққа жетіп жатыр. Әр ұрпақтың өз ерекшелігі бар. Соған қарай шығармаға қойылатын талаптар да өзгеріп отырады. Сол үшін балалар қаламгері үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Себебі Z ұрпаққа ұнаған шығарма альфа ұрпаққа ұнамауы мүмкін. Біз, яғни X және Ү ұрпақтар басқаша болдық, ал бұлар басқа. Мысалы, балалар өлеңдерінде мазақтама деген жанр бар. Бала бойындағы кемшiлiктi келемеждеу, орынсыз қылықтарды мысқылдау арқылы жеткізеді. X және Ү ұрпақтар бұл өлеңдерді жеңiл әзiл-оспақ ретінде, жылы қабылдайтын. Себебі ол уақыттағы балалар бiр-бiрiне ат қойып, айдар тағуға, келемеждеуге бейім болатын. Қазіргі Z және альфа ұрпақ үшін мазақтама жанры – нағыз дискриминация. Тіпті буллинг, троллинг деп қабылдауы да мүмкін.

Z және альфа ұрпақ – интернеттің достары. Бұлар бұрынғы ережелерді қабылдамайды. Бұларға «мен айттым, сен істе» немесе «мен осылай жаздым, сен оқы» деген талап жүрмейді. Себебі олардың санасы азат, ойы еркін. Саналы да сыни ойлайды. Бұлар – эмоционалды балалар. Бұларға, Абай айтқандай, «жылы жүрек» керек. Сонда ғана бұл балалар болашақта үлкен ғылыми төңкеріс жасайды. Ал ол үшін осы балаларға арналған шығармалар да солардың деңгейіне сай жазылу керек. Бұлар көркем әдебиетке қарағанда танымдық, ғылыми әдебиеттерге көбірек қызығады. Сол себепті осы бағыттардағы кітаптарды да шығару керек деп ойлаймын.

– Тілдің жеңілдігі мен тереңдігі – поэзиядағы қос арна. Екеуін қатар алып жүру қиын ба? Сөз жеңіл болуы керек, бірақ ой терең. Осы екеуін қалай үйлестіресіз? Бұл балалар поэзиясында қаншалықты мүмкін?

– Сіздің сұрақтарыңыз күрделі әрі қызық екен. Шынын айтсам, кейбір сұрақтарыңызды қорытып үлгермей жатырмын. Поэзияда ойдың тереңдігі де, тілдің жеңілдігі де талап етіледі. Алайда өлең жазғанда екеуін қатар ескерту қиын. Дегенмен бұл болмайды деген сөз емес. Ол ақынның тереңдігіне, шеберлігіне байланысты. Біреу ой айтамын деп өлеңді ауырлатып жіберуі мүмкін. Ауыр өлеңді бала қабылдай алмайды. Немесе жаттауға, қабылдауға жеңіл жазылып, өзегінде ой жатпаса тағы жарамайды. Себебі бала ол өлеңді оңай жаттап алғанымен, одан пайда алмайды. Балалар өлеңдері бір оқығанда жеңіл көрінгенімен, ішінде салмақты ой жатуы керек. Зета-альфа ұрпақ ашық ақыл айтқанды ұнатпайды, оларға жан дүниесіне жеткізе сыбырлап айту керек. Баланың есінде қалатын нәрсе – сол. Бірақ оны ауыр тілмен беруге тағы болмайды. Қысқасы балалар ақынына жеңіл сөзбен терең ой айта алатын шеберлік керек. Ол үшін әрине, Абай айтқандай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, теп-тегіс жұмыр өлең жазу керек.

– Баланың жанын сезіну – шығармашылық па, эмпатия ма, әлде интуиция ма? Жазушы баланың ішкі әлеміне бойлау үшін қандай адами қасиетке ие болуы керек деп ойлайсыз?

– Бала жанын түсіну – үлкен өнер. Нақты айтқанда оның жан дүниесін тану өнері. Яғни баланың әлемге, қоғамға деген көзқарасын, қандай сұрақтар қоятынын, нені қиялдайтынын тап тасып тану қажет. Үңіле білген адамға баланың жан дүниесі өте қызық, өте күрделі, өте нәзік, өте мөлдір. Осыны түсіне білген адам ғана бала жанын сезінеді. Баланың жанын тану – шығармашылықтың шыңы. Себебі балаға жазып отырған автор қиялымен ғана емес, жан дүниесімен балаға айнала алуы керек. Баланың жанын тануды эмпатияға да жатқызуға болады. Баламен бірге қуанып, баламен бірге мұңайып, оның ішкі күйін сезіне алмасаңыз, балаға арнап жазамын дегеніңіз жалған болады. Әрине, бұл жерде интуизия да керек. Себебі бала сізге ашылып ештеңе айтпайды. Сол себепті оның үнсіздігінен балалар ақыны көп жайтты аңғара алуы қажет. Оның ішкі сезімін тап баса алатын түйсігіңіз болса, сіз балалар қаламгерісіз. Баланың ішкі әлеміне бойлау үшін алдымен тазалық керек. Себебі бала – ең таза оқырман. Оларды алдауға болмайды, бірақ иландыруға болады. Балаларға арнап жазу көп сабыр мен төзімді қажет етеді. Сонымен қатар балалар қаламгері қиялшыл болуы керек. Егер қаламгердің бойында балаға деген сүйіспеншілік, мейірім болса, оған бала әлемін ашу оңайырақ болады. Алайда бәрі де шынайы болуы тиіс.

– Балалар әдебиетін насихаттау – кімнің міндеті: мұғалімнің бе, қоғамның ба, мемлекеттiң бе? Мектеп пен ұстаз бұл әдебиетті қай деңгейде қолдап жатыр? Олар жеткілікті ынта білдіріп отыр ма?

– Балалар әдебиетін насихаттау – ұлттың болашағына жауапты бірнеше құрылымның ортақ міндеті. Мұғалімнің міндеті – балаға әдебиетті таныстыру. Себебі оның қолында мүмкіндік бар. Әдебиет сабағында оқушыларға балалар ақындарының өлеңдерін оқыта алады. Әдеби кештер мен шығармашылық сағаттарын ұйымдастыра алады. Әрине, ол үшін мұғалімнің өзі әдебиетті жақсы көруі керек. Ал қоғамның міндеті – әдебиетті құндылыққа айналдыру, әдебиетке деген дұрыс көзқарас қалыптастыру. Соның ішінде ата-ана баласына алдымен өзі, сосын баласына кітап оқуды әдетке айналдыру қажет. Егер ата-ананың өзі кітап оқымаса, баласына ешқашан кітап оқыта алмайды. Балалар қоғамда сәнге айналған дүниелерді жақсы қабылдайды. Егер кітап оқу қоғамда сәнге айналса, балалардың кітап оқуы құндылыққа айналады.

Мемлекеттің міндеті – әдебиетті қолдау, қамқорлық таныту. Мемлекет әдебиетті, соның ішінде балалар әдебиетін қолдай білуі қажет. Яғни балалар ктаптарын көбірек шығару, балалар қаламгерлеріне тиісінше қаламақы төлеу, балалар қаламгерлеріне арналған гранттар, байқаулар ұйымдастыру, балалар басылымдары мен баспаларын қолдау арқылы балалар әдебиетіне қамқорлық таныта алады. Балалар әдебиетін насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Егер осы аталған салалар бірлесіп, бір бағытта әрекет етсе, онда балалар әдебиеті сөзсіз дамиды.

– Балалар кітабы – бұл мәтін ғана емес, сурет әлемі де. Иллюстрацияның маңызы қандай? Сурет пен сөз – қос қанат. Суретсіз балалар кітабы толыққанды әсер сыйлай ала ма?

– Дұрыс айтасыз, балалар кітабы иллюстрациялы болуы керек. Сонда ғана бала оған қызығады. Суретсіз кітаптың мазмұны қанша керемет болса да, балаға әдемі әсер сыйлай алмайды. Сол себепті балалар кітабының мазмұны мен суреттері қабысып, бір бірін толықтырып тұрғаны жақсы. Алайда бізде әлі күнге дейін қазақи иллюстрация мектебі қалыптаспаған. Жақсы суретшілер бар, бірақ бала танымына сай сурет сала алатыны аз. Сондықтан бұл бағытта да жұмыс жүргізілуі керек деп ойлаймын. Мемлекеттік тапсырыспен балалар кітаптарын шығарарда иллюстрацияны бөлек қаржыландыру керек. Себебі сурет салу оңай емес, оның құны да қымбат. Мен «Әкесінің қызы» кітабымды шығарарда иллюстрация салатын суретшілерді іздедім. Сөйтіп суретші Елнар Беймішке тоқтадым. Елнардың салып берген суреттері, кітаптың сәнді де мәнді болып шығуына әсер етті.

– Кітап шығару барысында кездескен ең үлкен кедергі қандай болды? Полиграфиялық сапа, қаржыландыру, редактура – қайсысы ең ауыр кезең болып есте қалды?

– «Әкесінің қызы» кітабы мысалында айтар болсам, кітапты бастыруға көп қаражат жұмсалды. Себебі ондай көлемі үлкен, беттері жұқа әрі мұқабасы қалың кітапты басып шығарудың құны қымбат. Бұл кітаптың редакторы, өзімнің қалауым бойынша, белгілі балалар ақыны Болат Үсенбаев болды. Жалпы көптеген баспаларда өзінің штаттағы редакторы болады. Кітапты сол кісілер редакциялайды. Бұл дұрыс та шығар, бірақ олардың көпшілігі балалар өлеңдерін редакциялай алмауы мүмкін. Мысалы, мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарар болсақ, өзіміз қалаған редакторға шығармамызды өңдете алмаймыз. Себебі жоғарыда айтқандай, баспаның өзі редакторы бар. Әсілінде әдеби шығарманың өз әдеби редакторы болуы керек. Бұрын солай болған, қазір сол жүйе үзіліп қалды. Яғни балалар өлеңін балалар ақыны редакцияласа, кітап тамаша болып шығады. Мысалы, Мұзафар Әлімбаевтың «Аспандағы әпке» кітабын Байбота Қошым-Ноғай редакциялаған. Сол кітап кезінде Мемлекеттік сыйлық алды. Содан бері бірде бір балалар кітабы мемсыйлық алған емес. Балалар әдебиетіне мемлекеттің де, қоғамның да қырын қарайтынын осыдан-ақ түсінуге болады.

– «Қолыңды жу» анимациясы – сөзден бейнеге өткен сәт. Бұл бағытта қандай мүмкіндіктер бар? Балалар поэзиясын анимациялау арқылы қандай тың аудиторияны қамтуға болады? Алдағы уақытта мультфильм немесе анимациялық жоба жасау жоспарыңыз бар ма?

– Пандемия кезінде жазылған өлең ғой. Бәріміз үйге қамалдық, теледидардан қолды жуу керек деген ақпараттар жиі беріліп жатты. Сол кезде балаларға да неге осыны насихаттамасқа деген ой келді. Сөйтіп бас-аяғы 10 минутта «Қолыңды жу» өлеңі жазылды. Өлеңді фейсбуктағы парақшама жариялап едім, балалар мен ата-аналарға ұнаған секілді. Көп адам хабарласып, жылы пікірін білдірді. Кейін «Балапан» арнасы осы өлеңге ән жазып, анимациялық ролик ретінде эфирден таратты. Сонымен қатар «Қолыңды жу» өлеңі «Ана тілі» оқулығына жарияланды, «Әкесінің қызы» кітабыма да енгіздім.

Анимациялық жоба жасау жайлы жоспарларым болған. Салтан Сайранұлының «Saf Media» студиясымен бірігіп, «Балапан» арнасына анимациялық ролик дайындадық. Бұл пандемияның алдындағы әңгіме. Алайда, Салтанның айтуынша, ол жобамызды «Балапан» арнасы қабылдамапты. Сол секілді аниматор Мейіржан Сандыбай да «Сәби» анимациялық фильмдеріне жаңа әндер қоспақшы болды. Сөзін маған жаздыратын болған. Алайда бір-екеуі ғана шықты да, кейін ол да қолдау таппай қалды. Анимация саласының маманы емеспін. Егер осы саланың мамандары тарапынан ұсыныстар болса, қолдауға дайынмын. Себебі қазіргі уақыттағы балаға өтімді жол – осы анимация.

– 10 жылдан кейінгі қазақ балалар әдебиетін қалай елестетесіз? Бұл жанр қай бағытта дамиды деп ойлайсыз – цифрлану ма, фольклорға оралу ма, әлде жаңаша креатив пе?

– Алдағыны Алла біледі, алайда қазақ балалар әдебиеті биік шыңға шығады деп сенемін. Бірақ оған 10 жыл емес, бәлкім ширек ғасыр, бәлкім одан да көп уақыт керек шығар. Қазақтан Андерсен сыйлығын алатын қаламгер шығар. «Әрбір ескі жаңа» демекші, бәлкім фольклорымыз, бәлкім мифологиямыз бала оқитын шығармаға айналар. Міржақып айтқандай, «Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар».

– Қазіргі таңда қандай жаңа дүниемен айналысып жүрсіз? Жаңа жоба, жаңа жинақ, жаңа ізденіс – сіздің бүгінгі шығармашылық үстеліңізде не жатыр?

– Мен өзі өлеңді аз жазамын. Осы уақытқа дейін жазған өлеңдерім «Әкесінің қызы», «Күшті бала», «Бас бармақ» деген үш кітап болып шықты. Қазір аудармамен айналысып жүрмін. Волгоград қаласындағы «Учитель» баспасының балаларға арналған «Көңілді аңдар», «Қызықты сандар», «Орман тұрғындары», «Қайсысы қандай?» деген төрт өлең кітабын қазақшаға аудардым. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Бөтен бала» деген хикаят жаза бастағам. Сол шығармамды аяқтасам, өзім үшін үлкен олжа болар еді.

Сұхбаттасқан Аяжан ЕРБОЛ 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *