Рақымжан Сейдахметов: Азаматтық қоғамның дамуына қолайлы жағдай жасалып отыр
Фотосурет сұхбат берушінің жеке мұрағатынан алынды
Ел тәуелсіздігіне 30 жыл толған уақытта өз ішіміздегі заңды түрде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны 22 мыңға жеткен болатын. Бүгінде оның 16 мыңға жуығы белсенді жұмыс істеп тұр. Бұл кейінгі кезде мемлекет тарапынан азаматтық қоғам институтын қалыптастыру жобаларының сәтті іске асып жатқанын айғақтайды. Соны оқырманға толыққанды түсіндіру мақсатында біз AMANAT партиясы Қосшы филиалының атқарушы хатшысы Рақымжан Сейдахметовті әңгімеге тартқан едік, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
– Аға, біз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдегі қоғамдық ұйымдар саны 100-ге жетер-жетпес қана еді ғой. Ал қазір қоғамда азаматтық бастамалар артып келеді. Оқырманға түсінікті болуы үшін соның нақты нәтижелерін атап өтесіз бе?
– Алдымен үкіметтік емес ұйымдардың қатары көбейгенін ескерсек, оларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру бүгінде миллионнан миллиард теңгеге дейін ұлғайған. Соның арқасында азаматтық сектор дегеніміз осы күні 40 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Оларға билік тарапынан артатын сенім де, жауапкершілік те жоғары. Оларды мемлекеттік қолдау тұжырымдамасы мынадай: мысалы, 2020-2030 жылдарға арналған Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы президент Жарлығымен 2020 жылдың 27 тамызында бекітілген. Қазір содан бергі іс-шаралар жоспары 2020 жылдан 2025 жылға дейін орындалса, екіншісі 2026 жылдан 2030 жылға дейін іске асады. Аталған алғашқы кезеңінде негізгі 5 бағыт бойынша 33 іс-шара қамтылған. Оның ішінде азаматтық қоғам дамуын құқықтық жетілдіру, азаматтық белсенділікті дамыту, тұрғындардың мемлекеттік басқаруға қатысуын көтермелеу және қоғамдық бірлестерді БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға кеңінен тарту сияқты жобалар бар.
– Азаматтық қоғам дегенде, қарапайым бұқараның есіне бірден волонтерлердің белсенділігі түсетіні сөзсіз. Сол ерікті азаматтардың белсенділігі көңіл көншіте ме?
– Әрине! Бұл ретте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған волонтерлік қозғалыстың қазір жалпыхалықтық қолдауға ие үлкен жобаға айналғанын жақсы білесіздер. Әсіресе, пандемия кезінде еріктілер қызметінің қарқыны артып, бағдарламалар мен жобалардың ауқымы айтарлықтай кеңейе түскен болатын. Сол сәтте, тіпті, бір-ақ жыл ішінде волонтерлік ұйымдар саны 3 есе (2019 жылы – 224, 2020 жылы – 673), белсенді еріктілер қатары 4 есе (2019 жылы – 50 мың адам, 2020 жылы – 200 мыңға жуық адам) артқан. Содан кейін волонтерлікті дамытудың Жол картасы қабылданды. Соның аясында еріктілер құрған республикалық және 17 өңірлік фронт-офис өз жұмысын сәтті жалғастырып келеді.
– Сонда волонтерлік қозғалыстарға мемлекет тарапынан нақты қандай бастамалары үшін қолдау көрсетіледі?
– Бастамалар көп қой. Мәселен, жануарларға жанашырлық танытатын Birgemiz: Ayala, аға буынды волонтерлік қызметке шақыратын «Күміс волонтерлік» жобаларына, одан өзге де өзекті тақырыптарға 130-дан аса шағын грант қарастырылған. Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Халықаралық волонтерлер жылын жариялауы тегін емес. Осы орайда Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарына «Волонтерлікті 2030 жылға дейін дамытудың күн тәртібі» енгізілгенін айта кеткен жөн. Соның арқасында қазір Үкімет қолдауымен БҰҰ-ның түрлі құрылымында біздің 7 волонтер қызмет атқарып жүр.
– Ал Азаматтық форумның қоғамнан алар орны қандай?
– Ол – жалпыұлттық диалог шеңберінде тең құқықты әріптестікті құруға бағытталған мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдарының тұрақты диалог алаңы. Мақсаты – азаматтық қоғам институттарын жан-жақты дамытып, олардың мемлекетпен және бизнес-сектормен тең құқықты әріптестігіне арналған қолайлы жағдай жасау. Алғаш 2003 жылы басталған Азаматтық форум қазір 2 жылда бір рет тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жалпы, осы форум аясындағы кездесулер азаматтық қоғамды дамытудағы бастамаларды қорытындылауға және қажетті кері байланысты арттыруға зор септігін тигізеді.
– Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің де міндеті сол азаматтық қоғамды одан әрі демократияландыру және дамыту жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау емес пе еді?
– Иә, ол кеңес құрылғалы бері көптеген ауқымды жұмыс жүргізілді ғой. Оны алдымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын іске асыруға айтарлықтай үлес қосты деп айтуға болады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында көтерілген мәселелердің, соның негізінде қабылданған шешімдердің барлығы жүйелі реформаларға жаңа серпін беруге бағытталған. Жалпы, құрылғаннан бері кеңес қызметі аясында 9 заң қабылданды. Оның бәріне жеке-жеке тоқталып отырмай-ақ қояйын. Көзіқарақты халық жақсы хабардар ғой. Ал Ұлттық кеңес туралы қысқаша айтарым, ол үйлесімді қоғамдық ортаны дамытуға және өркениетті диалог нормаларын орнықтыруға жәрдемдесу бағытында жұмыс істеп келеді.
– Жарайды, оны мемлекеттік деңгейдегі үлкен құрылым дейік. Ал әлгі заңды түрде жұмыс істейтін қаптаған үкіметтік емес ұйымдар тарихи Отанына оралған қандастар мәселесін шешуге ықпал ете ала ма?
– Қандастар мәселесі негізінен Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Отандастар қоры» КЕАҚ арқылы шешіледі. Сол қордың ықпалымен қандастарға құқықтық және заңдық көмек, мемлекеттік қызметтерді пайдалану, әлеуметтік жәрдем және түрлі бағдарлама мен жобалар туралы толыққанды ақпарат беріледі. Қазір Алматы, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана, Алматы қалаларында атамекеніне табан тіреген ағайынды ақпараттық қолдау орталықтары ашылған. Одан бөлек, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласы мен Түркістан облысында бірлескен орталық ашылып отыр. Оларға қандастар тарапынан өтініштер көбіне құжатты дұрыс толтыру, азаматтық алуға құжат өткізу, қандас мәртебесін алуда өз құқығы мен бостандығын білу, түрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер бойынша түседі. Жалпы, қандас мәртебесі мен азаматтық алу рәсімін жеңілдететін «бір терезе» жобасы қарқынды жұмыс істеп тұр. Соның арқасында азаматтық алуға берілген өтініштің қаралу мерзімі 6 айдан 3 айға қысқартылған. Заң талабына сай жиналатын құжаттар тізбесі де әжептәуір ықшамдалған. Осылайша, қандастар бұрынғыдай әртүрлі мекемеге жеке-жеке құжат тапсырмай, ХҚКО арқылы бір-ақ өтініш бере алады.
– Айтқаныңыздың бәрі орынды. Бірақ қарапайым халық үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне аса қатты жүгіне қоймайтын сияқты. Тіпті, көбі «азаматтық қоғам» дегеннің өзін дұрыс түсініп жүрген жоқ. Сонда оған насихат кемшін бе?
– Мен олай демес едім. Себебі жылдан-жылға жұрттың азаматтық белсенділігі артып, түрлі қоғамдық ұйымдардың айналасына бірігуі қарқын алып келе жатыр. Өйткені азаматтық қоғам институттарының жан-жақты дамуы үшін мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Айталық, өркениетті елдерде халықтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани және саяси-құқықтық жағдайын жақсарту тек мемлекеттің міндеті емес, ол – тұтас азаматтық қоғамның да басты мақсаты. Қоғамдық мәселелер сіз айтқан қарапайым азаматтардың тікелей қатысуымен шешіледі. Сондықтан бүгінде ҮЕҰ дерекқорына азаматтармен тікелей жұмыс істейтін 6 мыңға жуық қоғамдық ұйым есеп тапсырған. Иә, азаматтық қоғам саласындағы барлық мәселені бір мезетте шешіп тастау мүмкін емес. Ол үшін қоғамдық ұйымдардың кәсіби біліктілігін арттырған маңызды. Осы мақсатта «ҮЕҰ Академия» оқыту жобасы қолға алынған. Онда үкіметтік емес ұйым басшыларына өз саласындағы заманауи технологияны меңгеру бойынша семинар, тренинг ұйымдастырылады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕНОВ
Пікірлер (0)