Гүлбарам Төлеубаева: Әр адам тәртіп пен тазалықты өзінен бастауы керек

Сұхбат
view 30
news

Фотосурет ашық дереккөзден

Қазақстанда құқықтық мәдениетті нығайтуға, құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға бағытталған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Әсіресе аймақтар мен моноқалаларда аталған жұмыс айрықша мәнге ие, себебі мұнда көп нәрсе азаматтық белсенділік деңгейіне байланысты. Қостанай облысында басты назар сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруға, жастарды тартуға және жауапкершілік мәдениетін дамытуға бағытталған. Қандай тәсілдер қолданылып жатқаны және алдағы міндеттер жайлы Лисаков қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлбарам Төлеубаевамен сөйлестік,  деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі тілшісі. 

– Гүлбарам Жұмағалиқызы, жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені белгілі. Лисаков қаласында осы бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

– Жемқорлыққа қарсы төзімділікті қалыптастыру бір күнде іске асатын дүние емес, ол жүйелі әрі табанды қадамдарды қажет етеді. Қаламызда басты екпін – алдын алу шараларына, түсіндіру жұмыстарына және тұрғындарды ашық диалогқа тартуға қойылған. Біздің мақсатымыз – адамдарға адал еңбектің әрқашан пайдалы екенін, ал қулық-сұмдықтың түбі зиянға әкелетінін көрсету.

Осы орайда дәрістер, кездесулер, дөңгелек үстелдер тұрақты өткізіліп келеді. Мемлекеттік органдар, ұстаздар мен қоғамдық ұйым өкілдері мысалдар арқылы жемқорлықтың қоғамға да, жеке адамға да тигізер салдарын түсіндіреді. Ақпарат неғұрлым қарапайым әрі қолжетімді жеткізілсе, соғұрлым халық заңсыздықты қабылдамай, оған қарсы көзқарасы қалыптасады.

Ал жас буынға айрықша мән беріліп отыр. Өйткені дәл осы шақта олардың бойында әділдікке деген берік ұстаным орнығады. Сондықтан жетістікке адал еңбектің, білімнің және белсенділіктің арқасында ғана жетуге болатынын ұғындыру маңызды. Жастарды түрлі бастамаларға, қоғамдық шараларға, пікір алмасу алаңдарына жұмылдыру арқылы олардың азаматтық жауапкершілігі арта түседі. Осының нәтижесінде қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік санаға сіңеді. Қорқыныштан емес, адалдықтың өз құндылығына сенуден туындайтын моральдық ахуал қалыптасады. Стратегиялық мақсатымыз да – нақ осы жағдайға қол жеткізу.

– «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында бірнеше шара өтті. Сіз қайсысын ерекше атар едіңіз?

– Көптің есінде қалғаны – Жастар ресурстық орталығы қолға алған әлеуметтік тәжірибе. Жасөспірімдер көшеде жүрген ересектерден темекі сатып әперуді өтінді. Көпшілігі заңды бұзудан бас тартты. Осындай әрекет тұрғындардың жауапкершілігі жоғары екенін, ар-ожданына қарсы шықпайтынын дәлелдеді.

Тағы бір маңызды бағыт – дәрі-дәрмектерді тек рецептімен сату. Мұнда әңгіме тек бақылау жайында емес, ұлт денсаулығы туралы болып отыр. Сондықтан фармацевтика саласында да қоғамның саналы көзқарасы қажет.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Тобыл өзенінің жағалауы тазартылды. Мемлекеттік органдар, партия мүшелері, жастар қанаты мен белсенді қала тұрғындары бірлесіп еңбек етті. Мұндай шаралар тек экологиялық емес, үлкен тәрбиелік мәнге ие. Әр адам тәртіп пен тазалықтың өзінен басталатынын түсінеді.

– Жастарды құқықтық мәдениетті нығайтуда негізгі күш деп жиі атайды. Сіздің ойыңызша, олардың рөлі қандай?

– Жастар – елдің ертеңгі іргетасы. Егер біз бүгіннен бастап оларға әділдік пен заңға құрмет сезімін дарыта алсақ, ертеңгі күні олар адал қоғам құрады. Сондықтан мектеп пен колледж оқушыларымен жұмыс – аса маңызды бағыт. Біз интерактивті дәрістер, пікірталастар, дебаттар, еріктілік қозғалысына қатыстыру секілді түрлі әдістерді қолданамыз. Жастар заңды тек теорияда емес, тәжірибеде сезінуі тиіс. Сонда ғана олар заң бұзушылықтың салдары болатынын, ал тәртіп тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі екенін саналы түсінеді.

Сонымен бірге, олардың қоғамдық іс-шараларға белсенді араласқаны маңызды. Сол кезде олар ортақ іске үлес қосып жатқанын сезінеді, жинақталған тәжірибе кейін отбасы мен еңбек өмірінде де жалғасын табады. Демек, жастарды құқықтық мәдениетке тарту екі жақты нәтиже береді: бір жағынан, олардың өзінде тұрақты ұстаным қалыптасады, екінші жағынан, қоғамда адалдық пен заңдылыққа негізделген орта орнығады.

– Соңғы уақытта «құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік» қағидасы жиі айтылып жүр. Сіз оны қалай түсінесіз?

– Аталған қағида кез келген заң бұзушылықты – ұсақ тәртіпсіздіктен бастап ауыр қылмысқа дейін – еш қабылдамауды білдіреді. Тіпті болмашы ауытқудың өзін елемеу заңға деген сенімді әлсіретеді, ал мұндай салғырттық қоғамда еркінсуге жол ашады. Сондықтан әр жағдайға дер кезінде үн қату әділет пен жауапкершілікті орнықтырады.

Лисаковта осынау тәсіл нақты істер арқылы көрініс табуда. Темекіні жасөспірімдерге әперуге қатысты әлеуметтік тәжірибе тұрғындардың арандатуға берілмей, заңды берік ұстанатынын көрсетті. Мұндай мысалдар – заңның баршаға ортақ әрі міндетті екенінің айқын дәлелі.

Нөлдік төзімділік – тек мемлекеттік органдарға жүктелетін талап емес, әр азаматтың жеке ұстанымы болуы тиіс. Адамдар «ұсақ» құқық бұзушылықты да ақтамаған кезде, қоғамда заңға берік көзқарас қалыптасады. Осындай саналы түсінік тұрақты дамудың және азаматтар арасындағы сенімнің негізіне айналады.

– Алдағы уақытта бөлімнің негізгі міндеттері қандай болмақ?

– Алдағы басты бағыттардың бірі – құқықтық сауаттылықты кеңейту. Біз диалог алаңдарын, тренингтерді, қоғамдық пікірталастарды жиі өткізіп, халықтың белсенді қатысуын қамтамасыз етуді көздеп отырмыз.

Жастарға айрықша көңіл бөлінбек. Оларды жобаларға тарта отырып, бастамашылдығын дамытуға, өз рөлін сезінуге жағдай жасаймыз. Мұндай тәсіл жас азаматтардың тұрақты азаматтық ұстанымын қалыптастыруға жол ашады.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарымен, кәсіби қауымдастықтармен және үкіметтік емес ұйымдармен серіктестікті нығайтуды мақсат тұтамыз. Тек түрлі құрылымдардың күш біріктіруі ғана адалдық пен ашықтықты өмірлік қағидаға айналдыратын мәдениетті қалыптастырады. Біз сенімдіміз: жүйелі жұмыс қоғамдағы сенімді арттырып, құқықтық мәдениетті нығайтады және заңдылықты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырады.

– Әңгімеңізге рақмет, Гүлбарам Жұмағалиқызы. Бүгінгі сұхбат тағы да бір жайтты айқындады: құқықтық мәдениетті нығайту әр азаматтың қатысуынсыз мүмкін емес. Лисаков тәжірибесі «Заң және тәртіп» қағидасының жай сөз емес, билік, қоғам және тұрғындарды бір арнаға тоғыстыратын нақты іс екенін анық дәлелдеп отыр. 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *