Бигелді Ғабдуллин: Жалған жала – бүгінгі билікке қарсы қару

Сұхбат
view 441
news

Фотосурет ашық дереккөзден

Жерлесіміз, талантты публицист жазушы, әдеби сыншы және аудармашы Бигелді Ғабдуллин жетпіс асудың шыңына табан іліктіріп отыр. Оны жаңа кезеңдегі Қазақстанның медиа кеңістігіндегі сәулетшілердің бірінен санайды. Оның өмірбаяны өзінің қайталанбас тұстарымен және тосын жайларға толы драматизімімен ерекшеленеді. Бұл да Бигелдідей тұлғаның ерекше бір өмір тынысын көрсетсе керек. Соңғы уақытта Бигелді Ғабдуллин әдеби шығармашылықпен белсене айналысуда. Елді, әсіресе, жерлестерін елең еткізерлік мерейтойы алдында Тәуелсіз Қазақстанның медиа кеңістігінде ойып тұрып орын алатын тұлғамен тілдескен болатынбыз, деп жазды arka-azhary.kz. 

 – Құрметті Бигелді Қайырдосұлы, әдебиет әлеміндегі көзі қарақты оқырман жылт еткен жаңалықты қалт жібермейтіні бар. Сіздің «Мараль» деген жинағыңыздың тақырыбын оқығанда тылсым бір тұңғиыққа сүңгігендей болдық. Тақырып жайында таратып айтып берсеңіз?

– Орыс тілінде мораль түсінігі екі мағына беретіні бар. Біріншісі, пенденің пешенесіне жазылған дүниелер. Оның ішінде тыйым салу, кәдімгі адами қалыптан ауытқымау. Бұл ықылым заманнан бері бар халықтың жан-дүниесіне сай дүние. Жалаулы жасыл дүниеде әділдікті аңсамайтын, шындықтың шыңына шығуды мұрат тұтпайды жан иесі болмаса керек. Ар-ожданың да осыны тілейді емес пе? Әйтсе де кей тұста көпке топырақ шашқандықтан емес, мәселенің мәнісіне терең бойлағандықтан кейбір адамдар мұндай түсінікті дәлірек айтсақ, сақтай бермейді. Сондықтан, мен романымның тақырыбын қоярда көп ойланып, толғандым. Жалғыз қазақ елі ғана емес, жалпақ әлемде өзекті болып тұрған тақырып болған соң әбден електеп өткізіп, ақыл таразысына салып таңдағаным рас. Бір қарағанда мен сөз етіп отырған мораль тақырыбы әбден ескірген, замананың өкпек желі тоздырған ұғымдай болып көрінетіні бар. Осы қалыптан әлдеқашан шығып кеткен адамдар үшін біреуге жала жаба салу, ақты қара деу түкке тұрмайды. Өз басым осындай пенделердің пендешілігін көп көрдім. Тіпті, қаралағандар да болды. Өзімнің жеке өмір жолымда ғана емес, тұтас дәуірдің тынысында шырылдап шындық іздеген жандардың жолын кескісі келетін, тынысын тарылтқысы келетін пенделер аз ба? Міне, сондықтан, дәл осылай жазуыма тура келді. Ал, жалған жала жабу бүгінгі билікке қарсы қолданылатын қару деп айтсақ та болатын шығар. Осал адамдар алмас қылыштай жарқылдаған шындықтың өткір жүзіне тік қарай алмай қорқады емес пе? Ең қауіптісі де осы.

Мен өзім жайлы кітап жазғым келмеген. Одан да біз туралы жазғанымыз жөн емес пе? Менің басымнан өткен жай әркімнің тағдырында кездесуі мүмкін және жалғыз Қазақстанда емес. Бұл кітап жекелеген адам тағдырларын көзіне де ілмей, басып-жаншып өтетін машина іспетті құдіретті күш туралы. Төңірегіңді қою тұман тұмшалап, армандай алыс алдағы күндер күңгірттеген сайын адам бойындағы күш-қуат, қайсарлық сынықсүйем кемуі мүмкін. Міне, осындай кезде арлы адамгершілікті, кісілікті сақтап қалу қиын. Ол үшін ішкі жан-дүниеңде тағдырыңның сындарлы сыбағасына төтеп беретін темірқазықтай нық күш болуы керек. Ол бәлкім үміт деп аталатын шығар. Мың өліп, мың тірілген аталарымыздың «үмітсіз шайтан» дейтіні бар емес пе? Үміт оты алаулап тұрса, тіпті жақсы. Ақ жарылып айтатын болсам, мен бұл кітапты ақталу үшін жазған жоқпын, егер «Мараль» мен «СИЗО»-ны оқып шыққан бір жан жинақтың түпкі мағынасын түйсініп, түсінетін болса, онда текке қалам сілтемегенім болып шығады.

– Сіз ұзақ жылдан бері қаламын қару еткен қаламгерсіз, сөз өнері туралы сергек сезіммен сараптағанда қандай баға берер едіңіз?

– Бүгінгі біздің әлемде сөз шіркін қаруға айналды. Онда да ең қауіпті қаруға. Соның ішінде әдебиеттегі сөздің әділдігі мол. Саясаттағы, үгіт-насихаттағы сөз емес, әдемі әлемнің ажарын келтіретін, адам жанының құпиясын ашатын әдебиет сөзі. Мен үшін өз жинақтарым қарсылық лепес тәрізді. Кешірім хақындағы. Әйтсе де сөз өнері біздің әлемнің бейнесін өзгерте алады деп кәміл сенемін. Сөз – емші, сөз – жабыққанды жадыратып, жараланғанды емдейтін құдірет. Құндылықтар өзгеруде, таным-түйсік те. Жас толқынның көбі өмірдің мағына-мазмұнын жете түйсіне бермейді. Төңірегіңізге көз салып қараңызшы, жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар көбейді, нашақорлық пен жезөкшелік өршіп барады. Сайып келгенде біз ықылым заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, саф алтындай сақталған қазақы отбасының ғажайып дәстүрін ұмытуға айналдық. Алтын діңгек жезге айналды.

– Сіз өзіңіздің бір сұхбатыңызда аударма мәселесі туралы айтқан кезіңізде аудармашы жазушымен тең дәрежедегі әріптес болуы керек депсіз.

– Мәселенің мәнісін тереңірек түсіну үшін автор мен аудармашыны бөліп алып қарайық. Екеуінің міндеті екі түрлі. Солай бола тұра түптің түбінде бір арнада тоғысады. Қос қаламның құдіретін мейлінше жақсырақ пайдалана отырып, түпнұсқадан қылаудай ауытқымайтын көркем дүние жасалуы керек. Қай тілде сөйлесе де, сөздің бояуы, астарындағы мән-мағына, мазмұн және көзделген идея зәредей қия баспаса, ұтымдысы сол. Автор, әрине, белгілі бір дәуірдегі нақтылы картинаны жасап шығып, айдай әлемге шындық шырағданы қуат берген ақиқат дүниені көрсететін болса ғажап емес пе? Бұл орайда, тапқырлық та, көрместі көре білу де, өзің жазып, қаламыңның ұшына ілігіп отырған дәуір де, тіпті ойдан шығарылған көмекші, мағына үстейтін дүниелерді де тым жақсы білуің шарт. Негізінде әдеби аударма түпнұсқадан да артығырақ болып кететін жай әлем әдебиетінде аз емес. Бір тілден екінші тілге аударылып, бір елден екінші елге жеткен кезде оқырман шынайы суретті, өзіндік салт-дәстүр, әдет-ғұрпы бар өзгеше әлемнің өңін басқа бір бояуларсыз көрсе, жөн болмақ. Мен, әрине, өзіміз күн кешіп отырған дәуірдің дауылпаз үнін толық айта алмауым әбден мүмкін. Олай болатындығы, мен екі дәуірде күн кештім. Екі дәуірдің ауасымен тыныстап, азығымен қоректендім. Таным-түйсік барлығын бірдей қабылдай алмауы да ғажап емес.

– Сіз жас жазушылардың келелі мәселелері туралы айтып, жазып жүрсіз. Қазақстанның ПЕН клубына мүше болу жас жазушыларға қаншалықты демеу бола алады? ПЕН клубқа мүше болу үшін қандай талаптар қойылады?           

– Қазақстанның ПЕН клубына – халықаралық жазушылар ұйымына біз табиғи таланты кемел, көркем сөздің шынайы шеберлерін қабылдаймыз. Әрине, ұйымға мүше болу жас жазушылардың шығармашылығына әсер ете қоймайды ғой. Бір жақсысы, Қазақстанның ПЕН клубының болашақ мүшелерінің алдынан әдеби-көркем аударма арқылы әлемдік деңгейде танылуға сара жол ашылады. Әдебиеттің шекарасы жоқ. Шынайы көркем, адамға рухани нәр беретін әдебиет туралы айтып отырмын. Әсерлі дүние халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтып, таным деңгейін молайтатыны сөзсіз. ПЕН клуб жұмыр жердің бетіндегі адамдардың мейлінше мол нәр алуы үшін ұйымдастырылғандығын да бір ауыз сөзбен айта кеткен жөн шығар. Кешегі кеңестік заманда жасыратыны жоқ қазақ жазушылары әлемдік деңгейде шығармаларын орыс тіліне аудару арқылы шықты. Бүгін өзгеше жағдай. Қазір Қазақстан жазушыларына еліміздің ғажайып салт-дәстүрі, бедерлі бітім-болмысы, көл-көсір рухани байлығы жайында жазған салмақты дүниелерін өзгелерге танытуға әбден болады. Еліміздің ықылым заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, уақыт сүзгісінен өтіп, жақұттай жарқыраған әдемі болмысы кеңінен көсіліп, жазуға тұрарлық емес пе? Біздің кейінгі ұрпақ тағылым етер, сабақ алар бай тарихымыз бар. Қай кезеңде болсын замандастарымызды, жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпағымызды тәрбиелеуге орасан зор ықпал ететін мәнді мәдениетіміз, әдебиетіміз бар. Әлемнің өзге жұрты да қазақ деген халықтың басынан өткізген қилы тарихын, туған жерге деген жалын атқан махаббатын, патриоттық сезімін, азаматының азаматтығын, кісілік келбетін оқып білсе, түйсінсе, түсінсе, ғаж ап емес пе? Әңгіменің әлібі осыған саяды. Ұлттық мұраны ұлықтау бізге парыз. Мәселен Алаш орда қайраткерлерінің жалпақ жұртты ұйыстырып ел қылу төңірегіндегі асыл арманы. Әрбір перзенттің көкірегін қоламтаның шоғындай қыздыратын, жас жүрегін жалындататын оралымды ой осы. Бұл шет-шегі жоқ көлемді тақырып. Бүгінгі күннің биігінен қарайтын болсақ, сәл көңіл құлазитын жайлар да жоқ емес. Азуын айға білеген аруақты аталарымыздың елін қорғау үшін ажалға басын тіккен айбары қайда? Ұлттық рух неге жұтаң? Жалпы тұтастай алғанда ұлт психологиясының тіні тұтас па? Уақыт көшіне ілескен керуеннің кебежесінен ештеңе түсіп қалған жоқ па? Міне, осы жайларды естен шығармаған жөн. Қазір біздің қол-аяғымызды долларға байланған ашкөздік шырмап алды. Қаусыра қысып, қақырата сығымдап алғаны соншалық біз бұл бұғауды бұза аламыз ба, жоқ па деген сауал да санаға оралады. Осы тұста Гогольдің «алысқа барғысы келмеген адамның алқымын албасты қысады» дейтін жалғыз ауыз сөзінің астарына тереңірек үңіліп қарау керек. Біздің көпшілігіміздің санамызда құлдық сезім бар, әсіресе, аға буынның. Құлдық санадан пышақпен сылып алғандай арылмай, алға басу қиын.

– Сіз Бұланды ауданының құрметті азаматысыз, табиғаты тамылжыған осы бір ғажайып өлкеде өткен бал күлкілі балалық шағыңыз туралы айта кетесіз бе? Туған жердің төсінде жиі болып тұрасыз ба?

– Менің кіндік қаным тамған ауыл Қыстау-Қарағай. Қазір жоқ. Көне қоныста ата-бабамыздың бейіті ғана қалды. Таяуда осы ауылда туған түлектер қаржы жинап ауылдың ортасына ескерткіш орнаттық. Екінші дүниежүзілік соғыста шейіт болған боздақтардың аяулы есімдерін жазып. Туған жер әр перзенттің көкірегінде жүреді емес пе? Сағыныштың сарытап лебі жан жүрегіңді баурағанда мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген ауылға тартып кеткің келеді-ақ. Мен әр жыл сайын ауылым болмаса да, ескі жұртқа барып тұрамын. Аруақтарға бағыштап құран оқытамын.

– Оқырман қауымға не айтар едіңіз?

– Тек жақсылықты тілеймін. Келешектің күмбезі асыл армандарымен биіктеп, алдарына айқын да анық мақсат қойып, биік асуларды бағындыра бергей.

Сұхбатты жүргізген Байқал Байәділов.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *