Мақсат Халық, экономист: Әлемдік дағдарыстарды ТМД бойынша біз жақсы еңсердік
Фотосурет: aikyn.kz
Қазақстан билігі ғаламдық және бейбітшілік бастамаларын сәтті іске асыру тұрғысында өз бағытын жақсы тапқан. Мысалы, біз – тәуелсіздік алғалы бері әлемдік экономикадағы 3 ірі дағдарысты тез еңсерген елміз. Басқасы – басқа, ол жағдай елдің ішкі-сыртқы экономикалық саясатына талдау жүргізіп, жаһандық диагнозды уақтылы қойып отыратын сарапшы мамандардың есінде. Сол себепті артқа шегініс жасап, белгілі экономист Мақсат Халықтан еліміздің әлемдік дағдарысты қалай еңсергенін сұрап білдік, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
– Мәке, сонау 1998 және 2008 жылғы, яғни араға тура 10 жыл салып қайталанған экономикалық дағдарысты сіздің әріптестеріңіз – әлемнің экономист сарапшылары «2018 жылы тағы қайталанады» деп болжаған еді. Бірақ ол болжам 2 жылға сәл «ауытқып», 2020 жылғы пандемияға сәйкес келе қалды. Қазақ билігі үшін осы бір тосын соққыға қарсы төтеп беру біраз қиындық тудырған жоқ па?
– Жоқ, бұл жерде тәуелсіздік алған 30 жыл мұғдарында алды-артын сақтықпен бағамдай алатын елге айналғанымызды ескеру керек. 1998 жыл дедіңіз. Әңгімені содан бастайық. Содан бір жыл бұрын, яғни 1997 жылы елдің алдағы даму белестерін айқындайтын «Қазақстан-2030» Стратегиясы бекітілді. Содан кейін 1998 жылғы Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысы біз сияқты нарығы енді қалыптасып келе жатқан, жалпы ішкі өнімі аз жас мемлекеттер үшін кәдімгідей күрделі кезең болды. Өзіңіз білесіз, ол кезде астананы Алатаудан Арқаға ауыстыру бастамасы қызу талқыланып жатқан еді. «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» дегендей, кейінірек орталықтағы жаңа астанамыз барлық өңір үшін экономиканы дамытудың көшбасшысы бола бастады. Ал аталған Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысын тойтару үшін 1999 жылдан бастап өз өнеркәсібімізді жандандыру мақсатындағы жан-жақты іс-шара қолға алынды. Жеңіл өнеркәсіп жедел дамып, химия өнеркәсібі мен машина жасау саласын дамыту бағдарламасын іске қостық. Сөйтіп, 1999 жылы мұнай-газ, металлургия, химия, полиграфия және тоқыма-тігін өнеркәсіптерінде өнімнің күрт өсуі байқалды. Сол жылдың соңына қарай толық өнім өндіру көлемі 1 пайызға артып, өндіріс қарқыны 1,8 пайыз өсті. Нәтижесінде Қазақстанның алтын қорының өзі 2 миллиард долларға дейін жетті.
– Енді осы орайда одан кейін бас қылтитқан келесі дағдарыспен қалай бетпе-бет келгенімізді бір еске салып өтсеңіз...
– 2008 жылғы дейсіз ғой? Ол жаһандық қаржы дағдарысы – Кеңес Одағының ыдырауы мен Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысынан кейінгі қазақ халқы бастан өткерген алапат қиындық. АҚШ ипотекалық нарығынан бастау алған болатын. Сол ипотекалық нарықтан басталғанының өзі-ақ құрылыс индустриясын енді дамытып келе жатқан Қазақстан үшін күтпеген соққы болды. Одан кейін, әрине, банктік-қаржылық жүйе әлсіреп тынды. Бұл ретте бір баса екерер жайт, бізде ішкі экономикаға сырттан төнген қауіпті еңсерудегі 10 жыл бұрынғы тәжірибе бар еді. Соған сүйенген билік қаржылық жүйені құлдыратпау, экономика секторларын қолдау бағытында тұрақтандыру жоспарын бекітіп ала қойды. Содан соң, 2010 жылы өрлеу сатысына қарай өтетін Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
– Иә, Экономика министрлігінің мәліметінше, ел қатты дағдарған 2008-2009 жылдардың өзінде Үкімет жалпы ішкі өнімнің өсімін қамтамасыз еткен...
– Сөйтті. Енді оған кеңірек тоқталсақ, ЖІӨ 2008 жылы 3,2 пайыз артса, жаһандық дағдарыстың шарықтау шегі саналған 2009 жылы 1,2 пайыздық өсімді көрсетті. Ал 2010 жылы ЖІӨ 7 пайыз өсіп, сол кезде бізге экономиканың қалпына келу белгісі байқалды. Өнеркәсіптік өндіріс 10,5 пайыз көтеріліп, жұмыссыздықты жою үшін 100-ге жуық жаңа кәсіпорын ашылды.
– Ол жетістіктердің де бірден қалпына келе қоймағанын мойындау керек шығар?
– Соған ретімен келе жатырмыз ғой. Мысалы, 2009 жылы 10 компания бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемелерін орындамаған. Тағы 642 кәсіпорын жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан өндіріс көлемі де төмендеп, қағаз жүзіндегі ресми жұмыссыздық көрсеткіші 7 пайызға жетті. Сондағы қаржылық жетіспеушілікті 30-жылдардағы депрессиямен теңестіруге болады екен. Сондай-ақ біз сөз етіп отырған 2009 жылы әлемдік ЖІӨ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі теріс динамиканы көрсеткен. Әлемде жұмыссыз қалған адамдар саны 199 миллион адамға жетіп, ол көрсеткіш еңбек нарығы тарихындағы рекордтық санға айналған.
– Соның өзін сабырмен еңсере білдік дейсіз ғой? Ал соңғы дағдарыс жөнінде не айтасыз?
– Соңғы рет 2018 жылы АҚШ пен Ресей арасындағы ақпараттық соғыс қаржы саласына қарай ойысты. Оған 2020 жылы коронавирус пандемиясы мен мұнайдың күрт арзандауы қосылды. Ол дағдарысқа әлем бойынша жеке және мемлекеттік сектордағы қарыз жүктемесінің 246 триллион долларға өсуі себеп болған-ды. Сондықтан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде дағдарысқа қарсы жоспар дайындау үшін жедел штаб құрылғанын мәлімдеді. Сол сәтте мына мәселелер қарастырылды:

- «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары бойынша бизнеске 1 триллион теңгеге дейін несие беру;
- ірі сауда нысандары, кинотеатр, театр, көрмелер мен спорт нысандарын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге арналған мүлік салығынан бір жылға босату;
- заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді бір тоқсанға өсімнен босатып, 3-тоқсан үшін салық есебінің уақытын өзгерту;
- бизнеске жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру;
- «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында құны 300 миллиард теңге болатын инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар мен жергілікті маңызға ие жолдарды жөндеу жұмыстарына Қазақстан азаматтарын тарту.
Төтенше жағдай кезінде несие төлемін кешіктірген халықты айыппұл мен өсімнен босату және 200 мың жаңа жұмыс орнын құру мәселесі де жедел шешімін тапты. Әйтпесе ол кезде қарызға белшеден бату үдерісі барлық өнім мен қызмет құнын көрсететін әлемдік ЖІӨ-ден де асып кеткен болатын.
– Сұмдық екен! Қазір елімізді сол жаһандық 3 дағдарыстан аман-есен өтіп, бейбітшілік бастамаларының арқасында дамудың жаңа сатысына қадам басты дей аламыз ба?
– Қазақстан – әлемдік дағдарысты еңсере алған санаулы елдердің бірі. Оған біз үшін АҚШ-тың өзі қабылдаған «Нарықтық экономикасы бар ел» мәртебесін беру туралы шешімі айқын дәлел. Бастысы, Қазақстан ол мәртебені ТМД елдері арасында алғашқы болып алып тұр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕНОВ
Пікірлер (0)