Сырымбек Тау: Үлкен өзгеріс кітап оқитындар көбейгенде басталады

Сұхбат
view 129
news

Фотосуреттер Сырымбек Таудың жеке мұрағатынан

Қазіргі қоғамда жастарды кітапқа баулу мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Әлеуметтік желі сананы жаулап, уақыттың басым бөлігі экран алдында өтіп жатқан тұста кітап оқу мәдениетін қайта жаңғырту – ұлт болашағына тікелей әсер ететін маңызды міндет. Осы орайда нақты ісімен көпке үлгі болып жүрген азаматтардың бірі – кәсіпкер, меценат Сырымбек Тау. Ол бірнеше жылдан бері «Кітап оқып, тұлға болам!» атты жобаны жүзеге асырып, жастарды кітапқа жақындатуға, оқуға деген ынтаны оятуға, рухани дамудың қадірін ұғындыруға күш салып келеді. Бұл – бір ғана жоба емес, қоғамды сапалық тұрғыдан өзгертуді көздеген ізгі бастама. Біз Сырымбек Таумен кітап оқу мәдениеті, жастар тәрбиесі, кәсіпкерліктің қоғамдық жауапкершілігі, ұлттық әдебиет пен рухани құндылықтардың бүгінгі мәні туралы кеңінен сұхбаттасқан едік.

«Жалпы саны 126 мың адамға кітап оқыттық»

– Сәке, әлеуметтік желінің жетегіне ерген жастарды кітапқа баулу – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселе. Жақында «Кітап оқып, тұлға болам!» жобасын қайта бастағаныңызды естідік. Бұл бастаманың мақсаты мен ерекшелігі туралы айтып берсеңіз...

– Бұл жоба алғаш рет 2020-2021 жылдары басталған болатын. Сол кезде біз оны бірнеше рет ұйымдастырып, жалпы саны 126 мыңға жуық адамға кітап оқыттық. Бұл біз үшін өте үлкен тәжірибе болды. Ең бастысы, сол кезеңде қоғамда, әсіресе, жастар арасында кітап оқуға деген шынайы сұраныс бар екенін анық аңғардық. Яғни дұрыс бағыт-бағдар, мазмұнды кітап және нақты ынталандыру ұсынылса, оқырманның кітаптан сырт айналмайтынын көрдік.

Кейін белгілі бір қаржылық қиындықтарға байланысты жоба уақытша тоқтап қалды. Бірақ оны қайта жалғастыру ойымыздан ешқашан шыққан емес. Өйткені бұл – жай ғана кезекті байқау емес, ұлттың зияткерлік деңгейін көтеруге, жастардың ойлау мәдениетін қалыптастыруға, кітап оқу дағдысын қоғамдық үрдіске айналдыруға бағытталған рухани-ағартушылық бастама. Сондықтан биыл жобаны қайта қолға алдық. Ендігі ниет – оны бір реттік іс-шара ретінде өткізіп қою емес, тұрақты жалғасатын, ел күтіп отыратын үлкен мәдени жобаға айналдыру.

Біздің жобаның бір ерекшелігі – қатысу тәртібінің барынша ашық әрі қарапайым болуы. Қатысу тегін. Кез келген адам tulgabol.kz сайтына тіркеліп, жобаға қосыла алады. Сайттағы ережеге сәйкес, биыл тіркелу кезеңі 2026 жылғы 15 ақпан мен 10 наурыз аралығына белгіленген. Тіркелмей қалғандар тестке қатыса алғанмен, жүлде иелену мүмкіндігінен қағылады. Бұл жобаның тәртіп пен әділдікке негізделгенін көрсетеді. Сондай-ақ қатысушының Telegram арнасына тіркелуі де маңызды. Өйткені барлық жаңалық пен нәтиже сол жерде жарияланып отырады.

Жобаға қатысу ауқымы да кең. Сайттағы ережеде жас ерекшелігіне шектеу қойылмайтыны, әріп танитын кез келген адамның қатыса алатыны көрсетілген. Тіпті шетел азаматтарына да мүмкіндік берілген. Бұл бастаманың барынша кең аудиторияға арналғанын білдіреді. Демек бұл жобаның мақсаты тек белгілі бір топты қамту емес, кітап оқуды жалпыұлттық мәдени дағдыға айналдыру.

Биылғы жобада оқырманға ұсынылған кітаптардың бірі – «Дала данышпаны Майқы би». Сайтта бұл кітаптың электронды нұсқасын тегін оқуға болатыны көрсетілген. Бұл да өте маңызды қадам деп ойлаймын. Майқы би туралы еңбек – ұлттық ойлау жүйесін, тарихи танымды, дала даналығының тамырын тереңірек ұғынуға жол ашатын мазмұнды дүние. 

«Жапондар жылына 18 кітап оқиды»

 – Бір сұхбатыңызда «Жапондар жылына орта есеппен 18 кітап оқиды. Ал бізде кітап оқу деңгейі төмен» деген едіңіз. Бұл пікіріңіз әлі өзгерген жоқ па?

– Жоқ, бұл ойым әлі де өзекті. Бірақ мұндай мәселені жалаң салыстыру деңгейінде емес, ұлттың оқу мәдениеті, уақытты пайдалану дағдысы және рухани сұранысы тұрғысынан қараған дұрыс. Кітап оқу – жай ермек емес, қоғамның ойлау сапасын, таным деңгейін, тіпті болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.

Жапон халқының ерекшелігі – білім мен өзін-өзі жетілдіруді күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналдыра білуінде. Әрине, олар да интернетті, цифрлық технологияны пайдаланады. Бірақ айырмашылық – сол мүмкіндікті қалай қолданатынында. Олар уақытын орынсыз тұтынуға емес, танымын кеңейтуге, кәсіби және рухани өсуге жұмсайды. Кітап оқу, газет-журнал қарау, сапалы ақпаратқа ден қою – сол мәдениеттің бір көрінісі. Таңертең жаңа басылымдардың қонақүйлерге дейін жеткізіліп жататынын көргенде, бұл ақпаратқа деген сұраныс қана емес, білімге деген қоғамдық құрметтің белгісі екенін аңғарасыз.

Сонымен бірге «бізде мүлде кітап оқылмайды» деп кесіп айтуға да болмайды. Соңғы жылдары елімізде кітапқа деген ықылас біртіндеп артып келе жатқанын байқаймыз. Жастар арасында кітап клубтары көбейді, қазақ тіліндегі жаңа басылымдарға қызығушылық артты, әдеби ортада да, әлеуметтік желіде де кітап туралы әңгіме жиілей түсті. Бұл – қуантарлық үрдіс. Демек қоғамда рухани сұраныс бар, тек соған дұрыс бағыт пен тұрақты қолдау қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, Президент бастамасымен 23 сәуірдің Ұлттық кітап күні болып бекітілуі және әрбір қазақстандық оқуға тиіс 100 кітап тізімінің айқындалуы – өте маңызды қадам. Өйткені көп адам кітап оқығысы келеді, бірақ неден бастарын, нені оқу керегін білмейді. Мұндай бастамалар оқырманға бағдар береді, талғам қалыптастырады, бастысы, кітапты қоғамдық құндылық ретінде қайта алға шығарады.

«Гаджет – басты бәсекелес»

– Өзіңіз атап өткендей, «қазіргі балалардың кітап оқуы азайды» деген пікір жиі айтылады. Сіз бұл мәселені қалай бағалайсыз?

– Шынында да бүгінгі күні балалардың кітап оқуға деген қызығушылығы бұрынғыдай емес екені анық байқалады. Көпшілігі бос уақытын телефонға, әлеуметтік желіге, түрлі ойындарға арнайды. Бұл – тек біздің елге ғана тән мәселе емес, жаһандық сипат алған құбылыс. Өйткені қазіргі заман баласының назарын өзіне бірден аударып әкететін ең үлкен күш – гаджет. Ол тез әсер береді, жылдам қызықтырады, дайын ақпарат ұсынады. Ал кітап, керісінше, баланы сабырға, ойлануға, қиялдауға, ішкі еңбекке шақырады. Сондықтан бүгінгі бала үшін кітап пен гаджеттің бәсекесін шын мәнінде уақыт пен сана үшін жүріп жатқан күрес деуге болады.

Бірақ осы тұста бір нәрсені анық түсінуіміз керек: «бала кітап оқымайды» деп біржақты кінә тағуға болмайды. Мәселе баланың табиғатында емес, оны қызықтыра алатын ортаның әлсіздігінде де жатыр. Егер кітапты біз тек «оқу керек», «пайдалы», «тәрбиелік мәні бар» деген құрғақ ұранмен ғана ұсынсақ, онда бала оны міндет ретінде қабылдайды. Ал міндет қызығушылық тудырмайды. Сондықтан кітапты насихаттаудың жаңа тәсілдерін табу керек деген ойым осыдан шығады.

«Кәсіпкер тек бизнес кітаптарын оқымауы керек»

– Бизнес саласында талай «тар жол, тайғақ кешуден» өткен танымал, табысты кәсіпкерсіз. Осы ретте мотивация болсын, бизнес бастағысы келетін жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Менің ойымша, кәсіпкер болғысы келген адам міндетті түрде кітап оқуы керек. Өйткені кітап оқу – адамның ойлау аясын кеңейтетін, танымын тереңдететін, шешім қабылдау мәдениетін қалыптастыратын ең қуатты құралдардың бірі. Кәсіпкерлік дегеніміз – тек табыс табу емес, алдымен ой еңбегі, пайым, жауапкершілік және уақыттың алдында дұрыс бағдар таба білу. Ал мұның бәрі біліммен, ізденіспен, үздіксіз оқумен келеді.

Көп адам кәсіпкерге тек бизнеске қатысты кітаптар жеткілікті деп ойлайды. Мен бұл пікірмен толық келісе бермеймін. Әрине, экономика, менеджмент, маркетинг, қаржы сауаты жөніндегі еңбектер қажет. Бірақ кәсіпкер сонымен ғана шектеліп қалмауы керек. Тарихты оқу қажет, өйткені тарих – үлкен тәжірибе мектебі. Философияны оқу керек, өйткені ол ойлаудың тәртібін үйретеді. Психологияны оқу керек, өйткені кәсіпкер алдымен адаммен жұмыс істейді. Адамды, қоғамды, уақыттың мінезін түсінбеген адам бизнесті де терең түсіне алмайды. Сондықтан кәсіпкерлік – ақша табудың ғана емес, адам, орта танудың, жауапкершілік арқалаудың үлкен жолы.

Меніңше, сабақты жақсы оқымаған, өзін біліммен толықтырмаған адам белгілі бір деңгейге дейін көтерілуі мүмкін. Табиғи қабілеті, іскерлігі, тәуекелі алып шығатын тұстар болады. Бірақ бір белестен кейін білімнің орны қатты сезіледі. Өйткені бизнестің ауқымы өскен сайын шешімнің де салмағы артады.

Қазіргі уақыт – бұрынғыдан мүлде бөлек кезең. Бүгінде бір ғана телефонның өзінде орасан мүмкіндік бар. Соның өзінде біз оның мүмкіндігінің аз ғана бөлігін пайдаланып жүрміз. Мысалы, өзім қолымдағы телефонның 12 пайызын ғана қолданады екенмін деп ойлаймын. Демек біз күнделікті ұстап жүрген құралдың өзін толық игермей жатып, үлкен әлемнің мүмкіндігіне толық кіріп кеткен жоқпыз. Ал бүгінгі кәсіпкер үшін технологияны түсіну, ақпарат ағынын саралай білу, дүниежүзіндегі үрдістерді бақылап отыру – аса маңызды. Мен бірнеше елді көрдім, жаңалықтарды үзбей тыңдаймын. Сонда түсінгенім – қазіргі әлем тоқтаусыз өзгеріп жатыр. Сол өзгерістің ішінен өз орныңды табу үшін де оқып-үйрену қажет.

Мысалы, «Forbes» секілді басылымдар бар. Ол жерде әлемнің бай адамдары жөнінде, олардың қандай жолдан өткені, қалай тәуекел еткені, нені дұрыс, нені қате жасағаны жөнінде жазылады. Біз көбіне олардың байлығына таңғаламыз да сол байлықтың артындағы ойлау жүйесіне, ізденісіне, тәртібіне, еңбек мәдениетіне үңіле бермейміз. Негізінде мұндай дүниелерді оқу біреуге еліктеу үшін емес, үлкен тәжірибеден сабақ алу үшін керек. Өйткені табысты адамдардың тарихында тәуекел де, қателік те, табандылық та, уақытты дұрыс пайдалану да бар. Соның бәрі кейінгі буынға ой салуға тиіс.

Өмірде білім жетпей қалған сәттер де адамға үлкен сабақ береді. Мысалы, кезінде «Amazon» компаниясының акциясын сатып алуға мүмкіндік болды. Бірақ менің білімім жетпей, сенімсіздік таныттым. Егер сол кезде мәселені тереңірек түсініп, батылырақ қадам жасағанымда, бәлкім, бүгінгі жағдайым мүлде басқаша болар ма еді. Мұндай мысалдар адамның көңілінде өкініш болып қана қалмауы керек. Керісінше, ол саған білімнің, сараптаудың, нарықты түсінудің қаншалықты маңызды екенін ұқтыруға тиіс. Кейде бір шешім адамның бірнеше жылдық бағытын өзгертіп жібереді. Ал сол шешімнің сапасы көбіне адамның таным деңгейіне байланысты.

Меніңше, қоғамдағы үлкен өзгеріс те оқитын адамдар көбейген кезде басталады. Өйткені кітап оқитын адам тек ақпарат алып қана қоймайды, ол ойлануға үйренеді. Ол әртүрлі көзқарасты тыңдауға, түсінуге, саралауға машықтанады. Мұндай адам асығыс үкім шығармайды, жел сөзге ермейді, өз ұстанымын таразылап қалыптастырады. Кітаптың адамға беретін ең үлкен пайдасы да осында. Ол адамды ішкі жағынан тәрбиелейді, ойды тереңдетеді, мінезді байытады.

Сол себепті кәсіпкер боламын деген адам міндетті түрде оқуы керек деп есептеймін. Тек кәсіби пайда үшін емес, тұлға болып қалыптасу, қоғамды түсіну, уақыттың сынынан өте алатын парасат иесіне айналу үшін оқуы керек. Өйткені білімді кәсіпкер ғана табыс табумен шектелмей, елге пайда әкелетін, адамдарға жол көрсететін, өзінен кейін із қалдыратын деңгейге көтеріле алады.

«Қазақ кітаптарына сұраныс артып келеді»

– Жақында «Marwin-Meloman» кітап дүкендері желісінің басқаруын қолға алдыңыздар. Бүгінде қазақ тіліндегі кітаптардың сатылымы қалай жүріп жатыр?

– «Marwin-Meloman» дүкендер желісін толық сатып алғанымызға шамамен 6 айдай уақыт болды. Сол кезде қазақ тіліндегі кітаптардың сатылым үлесі небәрі 13 пайыз шамасында еді. Қазір бұл көрсеткіш 37 пайызға дейін өсті. Бұл – айтарлықтай жақсы нәтиже. Алайда мұны бір ғана компанияның ішкі табысы ретінде бағалау дұрыс болмас еді. Бұл – қоғамдағы жалпы бетбұрыстың, рухани сұраныстың өзгеріп келе жатқанының нақты көрінісі. Яғни бүгінде қазақ тіліндегі кітаптарға деген қызығушылық едәуір артып отыр.

Қазір біз көптеген қазақ авторымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Кейбірімен бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеміз, кейбір қаламгерге демеушілік қолдау көрсетеміз. Мұның бәрі – кітап нарығын жүйелі дамытуға бағытталған қадамдар. Өйткені кітап саласында тек сауда айналымын ұлғайту жеткіліксіз. Бастысы, сапалы автор, сапалы мәтін, сапалы басылым қалыптастыру. Егер қаламгер өз еңбегінің әділ бағаланатынын, оқырманға жететінін, қолдау табатынын сезінсе, оның да өнімді әрі жауапкершілікпен жұмыс істеуге ынтасы артады. Ал бұл, түптеп келгенде, тұтас әдеби орта мен кітап индустриясының дамуына әсер етеді.

Алдағы уақытта кітап дүкендері тек кітап сататын орын болып қалмауға тиіс деп ойлаймын. Оның адамдар бас қосатын, пікір алмасатын, жаңа идеялар туындайтын, мәдени байланыс орнайтын ортаға айналуы қажет. Дамыған елдерде кітап дүкендерінің аясында авторлармен кездесулер, әдеби кештер, шағын дәрістер, пікірталастар жиі ұйымдастырылады. Мұндай тәжірибе оқырман мен кітаптың арасын жақындата түседі. Кітапты үнсіз сөреде тұрған зат емес, қоғамдық ой мен мәдени қозғалыстың тірі өзегіне айналдырады.

Бізге де осы бағыт қажет. Өйткені кітап дүкені сауда орны ғана емес, белгілі бір дәрежеде қоғамдық сананы қалыптастыратын мәдени кеңістік болуға тиіс. Егер оқырман кітап дүкеніне тек сатып алу үшін емес, рухани әсер алу, жаңа ой есту, өзіне жақын ортаны табу үшін баратын болса, бұл кітап оқу мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді.

Біздің басты мақсатымыз – қазақ тіліндегі кітаптардың санын арттыру ғана емес, олардың оқырманға кеңінен әрі жүйелі түрде жетуіне қолдау көрсету. Бұл жерде сөз тек сауда көлемі жөнінде емес, қазақ кітабының беделін көтеру, оны қоғамдық сұраныстың негізгі рухани өнімдерінің біріне айналдыру туралы болып отыр. Өйткені кітап оқитын қоғам ғана терең ойлай алады. Кітап оқитын қоғам ғана сапалы талғам қалыптастырады. Кітап оқитын қоғам ғана өзінің мәдени және зияткерлік болашағын нық негіздей алады.

Сондықтан кітап оқу мәдениетін дамыту – бір ғана баспа саласының, бір ғана кітап дүкенінің немесе бір топ қаламгердің міндеті емес, тұтас қоғамға ортақ жұмыс. Егер біз жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып, қазақ тіліндегі сапалы әдебиетті қолдай алсақ, автор мен оқырманның арасын жақындата алсақ, онда ұлттың рухани іргесі де беки түседі. Ал рухани іргесі берік қоғамның болашағы да баянды болмақ.

 

Сұхбаттасқан Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ

«Jańa bastau» газетіне жарайияланған нұсқасын мына жерден жүктеп көруіңізге болады

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *